Мектеп асханасына мән беріледі

129
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы мектеп асханасы мәселесіне жаңа көзқарас қалыптастыруды қолға алды. «Мектептегі түскі ас дәмді ғана емес, құнары мол, ағзаға пайдалы болуы керек» дейді партиялықтар. Енді ата-аналар мектептегі ас мәзіріне өзгерістер енгізіп, тағамға сүт өнімдері мен көкөністер қосуды көздеп отыр.

Ведомствоаралық комиссия өкілдері оқушылардың қалай тамақтанатынын тексеріп, партияның жаңа жобасын та­ныс­тыру үшін Қарағанды қаласындағы №52 мектепке арнайы келді. Мектеп ас­ха­­насында жабдықтар біраздан бері жаңар­маған. Оқу орны 1972 жылы салы­ныпты. Асхананы жалға алушылар тен­дер ұтып алған соң, белгілі бір мерзімге ға­на жұмыс атқарады. Жалға алушылар тұрақ­тамайтын болғандықтан асхананы заманға сай жабдықтауға көңіл бөлін­бе­ген.
Мектеп асханаларын жаңғыртуға ба­ғыт­талған партиялық жаңа жоба бойын­ша, 2019 жылдан бастап кәсіпкер­лер ұзақ уа­қыт қызмет көрсетуге мүмкіндік ала­ды. «Бұл жағдайда бизнес­мендер асха­на­ны талапқа сай жабдықтап, заманға сай жабдықтар алуға мүдделі болады» дейді ма­мандар.
– Мектептерде кәсіпкерлер оқушы­лар­ды сапалы тамақпен қамтамасыз етіп, СЭС ережесі мен ұсыныстарына сай қыз­мет көрсетуге міндетті. Партияның жаңа жобасы мемлекеттік-жекеменшік, әріп­тестік аясында асханаларға жөндеу жүр­гізіп, оқушыларды тамақтандыру са­пасын арттыруды көздеп отыр. Комис­сия күн сайын оқушылардың ас мәзірін қа­рап, оның сапасын, алуан түрлілігін, ара­сында тыйым салынған тағамдардың бар-жоғын түгелдей тексереді. «Нұр Отан» партиясы осы талаптардың орын­далуын бақылаймыз», – деді «Нұр Отан» пратия­сының Қарағанды облысын­дағы фи­лиалы төрағасының орынбасары Қа­диша Оспанова.
Әр мектепте асхана қызметін ба­қы­лай­тын комиссия бар. Оның құра­мы­на мек­теп директорлары, медицина қыз­мет­­­керлері мен ата-аналар кірген. Ата-ана­лар балалардың ас мәзіріне жеміс-жи­дек қосуды өтінді.
– Мектеп асханаларына мониторинг жүр­гізетін жаңа бағдарламаның енгі­зі­луі­не орай, оқушыларды тамақтандыру са­пасы артатындығына қуаныштымыз. Біз мұны өз бақылауымызда ұстаймыз. Мек­тептегі ас мәзірінде ұн тағамдары тым көп. Енді жаңа бағдарлама енген соң, денсаулыққа пайдалы асты көбей­туді талап етпекпіз. Көкөніс салаттары, жеміс-жидектер кө­бей­тілсе, қазір ыстық тамақтың өзін алып қарасақ, сол баяғы котлеттер мен макарон­дар ғана бар. Мұ­ның бәрін өзгертуге мүмкіндік туады деп ой­лаймын, – деді ата-аналар атынан Ди­нара Түсіпбекова.
«Нұр Отан» партиясы мектеп асха­на­ларын жаңғырту бойынша жаңа жобаны қол­ға алған. Құрамына Білім басқар­ма­сы­ның, Денсаулық сақтау департа­мен­ті­нің, Кәсіпкерлер палата­сы­ның өкілдері мен партия төрағасының бірінші орын­ба­сар­лары кіретін ведом­ство­аралық ко­мис­сия ай сайын жобаға қатысуға ниет біл­дірген кәсіпкер­лердің жұмысын тек­се­реді.
– Барлығы ұлтымыздың дені сау бол­ға­нын қалайды. Дені сау ұлт мектептен шығады. Ендеше, мектепті қолдау – біздің де парызымыз. Кәсіпкерлер де қысқа­мер­­­зімді келісімшарттардың ұзақ мер­зімге созылғанын бірауыздан қол­дайды, – деді Қарағанды облысы Кәсіп­кер­лер палата­сының бөлім басшы­сы Қарлығаш Ос­па­нова.
Алғашқы рейдте нұротандықтар асха­надағы ас мәзірі мен ауыз судың сапа­сы­на зер салды. Мұнда оқушылар күні бойы қай­натылған таза ауыз сумен қам­тыл­­ған. Жаңа жылдан бастап мұндай тек­се­рістер күн сайын жүргізілмек.
Партиялық жоба шеңберінде кәсіп­кер­лермен 10 жылға дейінгі мерзімге ке­лі­сім-шарт жасау мүмкіндігі бар. «Жаңа жыл­­дан бастап іске кірісетін бұл жоба оқу­шы­ларды тамақтандыру ісін жаңа са­па­ға көтереді» дейді комиссия мүшелері.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*