ТҮРКІСТАНДЫ КӨРІП ҚАЙТТЫ

265
0
Бөлісу:

Ақтөбеде ата-ана қамқорлығынан айырылған бір топ бала Түркістан қаласына саяхаттап қайтты. Іс-шараны «Нұр Отан» партиясының «Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі бастауыш партия ұйымы «Қамқоршылық-Забота» қайырымдылық қорымен бірлесіп ұйымдастырды.

Балалар ерекше көтеріңкі көңіл-күймен оралды. Олар тарихи қаладан алған әсерін жарыса әңгімелеп берді. Мәселен, 8-сынып оқушысы Жанат Абсалямовқа Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Арыстан баб кесенесі, Үкаша ата құдығы ерекше ұнаған. Ол былтыр осы бастауыш партия ұйымының демеушілігімен Астана қаласына да барып келген екен.
– Біз бірнеше жылдан бері «Жайсан» арнаулы білім беру ұйымының тәрбиеле­ну­шілерін қамқорлығымызға алдық. Олардың балалық шағы алаңсыз өтуі үшін түрлі ойын-сауық орталықтарына алып барсақ, өлке тарихын біліп өсуі үшін тарихи қалаларға саяхат ұйымдастыруды қолға алдық. Келесі жылы балаларды Алматы қаласына алып баруды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Дмитрий Довматенко.
«Жайсан» арнаулы білім беру ұйымының тәрбиешісі Дина Садақ­баеваның айтуынша, Түркістан қаласына «Жайсан» арнаулы білім беру ұйымының 15 тәрбиеленушісі барған. Олар Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Үкаша ата кесенесінде болып, тарихи-этнография­лық мұражайын тамашалаған. Содан кейін Сауран қалашығына барып, археологиялық қазба жұмыстарын көрді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*