БАҒДАРЛАМАНЫҢ БЕРЕРІ КӨП

117
0
Бөлісу:

Еліміз инфрақұрылым мәселесіне ерекше назар аударып отыр. Инфрақұрылым – бұл елдің экономикалық дамуына тың серпін беретін ауқымды сала. «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру арқылы республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптастыруға барынша күш салып келеміз. Бүгін осы бағдарлама шеңберінде атқарылып жатқан бірқатар істерге тоқталып өтуді жөн санадық.

Каспийдегі Құрық портына жүк та­сымалдайтын Боржақты – Ерсай теміржол желісінің құрылысы 2014 жылы басталып, жаңа желі 2016 жылы пайдалануға берілді. Құрық портын теміржол магистралімен жалғайтын жолдың ұзақтығы 16 ша­қырымға жуық. Бұл Маңғышлақ – Өзен желісімен жанасады. Жаңа теміржол желісі бас және құятын жүктерді тасы­малдаумен қамтамасыз ете отырып жүк тасымалы көлемін арттыруға себеп бо­лады. Сондай-ақ алдағы уақытта Каспий арқылы батыс бағытта экспорттық әлеуетті арттырмақ. Жобаны іске асыру еуропалық нарыққа тікелей жол тартуға мүмкіндік береді. Жаңа желінің өткізу қабілеті – жылына 5 миллион тонна.
Ретке келтірілген жүйе теміржол кө­лігімен жүк тасымалдау көлемін арттырып, батыс бағытқа тауар экспорттау жүйесін оңтайландырады және трансеуропалық дәлізді ұлтаралық желімен жалғайды. Бұл өз кезегінде ара қашықтық пен жүк жет­кізу уақытын қысқартады.
Құрық порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Бұл – оның жұмыс істеуіне өте қолайлы жер. Порт автокөлік және теміржол паромдарын жыл бойы қабылдай алады.
Құрық порты кешені 2015 жылдың сәуірінде басталған. 2016 жылдың 6 желтоқсанында Жалпыұлттық телекөпірде Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен бірінші кешен іске қосылды.
«Құрық – біздің Кавказ бен Еуропаға ш­ығатын жолымыз. Бұл жаңғыртуды да­мыту үшін өте қажет және көптен күткен жоба» деген еді Елбасы. Телекөпір бары­сында вагондарды паромға тиеу басталған. Ал өткен жылы Жалпыұлттық телекөпірде Мемлекет басшысы «Құрық порты Құрық – Баку – Грузия – Түркия бағытын ашуға дайын. Енді Қазақстан құрлықтағы ел бола тұра, барлық теңізге, оның ішінде Парсы шығанағына да шыға алады. Біз еліміз үшін зор жұмыс тындырдық» деді. Бұл күні Құрық портында автокөлік пирсі іске қосылған болатын.
Өткен жылы 19 қазанда Құрық портын­да жұмысын бастағаннан бері алғаш рет миллион тонна жүк тиелді. Былтыр жалпы 1,5 миллион тонна жүк тиеліп, үлкен көр­сеткішке қол жеткізілді. Биыл да қарқын жаман емес. 7 айдың өзінде 1,2 миллион тонна жүк тиелген. Паром кешені негізінен астық, мұнай, тыңайтқыш, химикаттар мен басқа да жүктер тиеуге бағытталған.
Автокөлік паромы терминалы қуатты­лығы тәулігіне 6 паромнан тұрады және жылына 2 миллион тоннаны құрайды. Ал тұтас порт жылына 6 миллион тоннадан артық жүк жөнелте алады.
Құрық порты Транскаспий халық­ара­лық көлік бағыты желісінде орналасқан. Порт кешенінің іске қосылуы еліміздің теңіз қақпасын кеңейтіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін де арттыра түседі.
Ел экономикасына Алматы – Шу теміржол учаскесінің екінші жолы құры­лысы да үлкен үлес қосады деген үміт бар. Бұл құрылыс 2015 жылы басталып, осыдан тура бір жыл бұрын іске қосылды. 113 шақырымды құрайтын екінші жол барынша қысқа мерзімде – бар болғаны екі жылда салынып бітті.
Екінші жолдың іске қосылуы учаске жүйесінің өткізу қабілетін 4 есеге арт­тыр­ды. Жобаны іске асыру арқылы 500-ден астам адам жұмысқа тартылса, оның ­473-і – құрылыс жұмыстары кезінде, 66-сы – жоба іске қосылғаннан кейін еңбекпен қамтылғандар.
Ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын Елтай – Мерей жаңа автожолы мен Елтай елдімекенін жалғайтын 740 метр жол өтпесі де пайдалануға берілді. Осы жол өтпесін салу арқылы әлеуметтік біраз түйткілдер шешімін тапты. Енді Елтай ауыл­дық округіне қарайтын Береке, Екпінді, Жетісу елдімекендері мен Қара­сай ауданының барлық тұрғындары темір­жол үстінен өткенде қолайсыз жағдай болмайды. Екі теміржол өткелі салынды. Қазір бұл учаскедегі көлік қозғалысы тәулігіне 17 мыңға дейін жетіп отыр.
Осы тақырып қозғала қалғанда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағын ауызға алмай тұра алмаймыз. Бұл жоба мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Жарлығымен 2011 жылы құрылған.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-н ашудағы мақсат – тиімді көлік-логистика және индустриалдық орталық құру, сауда-экспорттық қызметті және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту, сондай-ақ инвес­тициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып, отандық және шетелдік инвестицияны тарту, аймақтың дамуын жеделдету, халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеру.
Жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде іске асып келеді. Айта кету керек, бұл бағдарлама еліміздің көлік тасымалы әлеуетінің дамуына үлкен серпін беруде және Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуін құруға мүмкіндік тудырады деген үміт бар.
«Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА ­тер­ри­ториясының жалпы аумағы 4591,5 гек­тар­­ды құрайды. Оның ішінде құр­ғақ порт – 129,8 гектар, логистикалық ай­мақ – 224,9 гектар, индустриалдық аймақ – 224,4 гектар, резервтік территория – 4012,4 гектар.
Былтыр 15 мамырда Бейжіңде өткен «Бір белбеу – бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумында «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ COSCO Shipping және Ляньюнган порты корпора­циял­а­рымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-н бірлесіп дамыту және KTZE – Khorgos Gateway ЖШС-нің 49 пайыз үлесін COSCO Shipping компаниясы сатып алуы жөнінде инвестициялық келісімге отырған болатын.
Әуе көлігі түрлері ішкі және халық­аралық байланыста, халықтың мобильді қамтамасыз ету мен көліктік әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Елімізде әуе тасымалы саласында айтарлықтай өсім байқалады. 2022 жылы 2011 жылмен салыстырғанда еліміздегі ұшулар кемінде 1,5 есе артады деген болжам бар.
Астана – Еуразиядағы ірі іскерлік, мәдени және ғылыми хаб. Жылдан жылға әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен еліміздің алға жылжуы әлемдік экономиканың жедел қарқынмен дамуы нәтижесінде Елордадағы халық пен қонақтардың жылдам өсуі күтілуде. Қазіргі әуежайдың өткізу қабілеті 3,6 миллион жолаушыны құрайды. Болашақта бұл жолаушы ағыны трафигі өсімін те­жеуші факторға айналуы мүмкін. Осыған байланысты талапты қанағат­тан­ды­ру мақсатында Халықаралық мамандан­ды­рылған «EXPO – 2017» көрмесін өткізуге дайындық барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шең­берінде астаналық әуежайда жаңа тер­минал құрылысы жобасы қолға алынған.
Өткен жылы мамыр айында Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласы халықаралық әуежайында заманауи терминал ашылды. Терминал халықаралық рейстерді қабылдауға арналған.
Жаңа терминалдың жалпы аумағы 47 мың шаршы метр. Халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес жаңа терминал тер­ри­тория­сында заманауи қауіпсіздік жүйесі орна­тылған. Әуежай қызметі сапасын арттыру үшін жоғары техно­ло­гиялар енгізілген. Елімізде бірінші рет осы терминалда ЕО стандарттарына сәйкес заманауи жүк тексеру жүйесі орнатылған. Бұл жүйе бойынша сағатына 1200 жүк тексеріледі. Т1 терминалының жалпы өткізу қабілеті жылына 5,2 миллион адамды құрайды.
Біз «Нұрлы жол» бағдарламасы аясын­да іске асырылып жатқан бірқатар істерге ғана тоқталып өттік. Болашаққа жоспар, алда атқарылар істер көп-ақ. Оның бәріне уақыт төреші.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*