БЮДЖЕТТІК ӘУЕ КОМПАНИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

121
0
Бөлісу:

«Эйр Астана» келер жылдың бірінші жартысында Fly Arystan әуекомпаниясын іске қоспақ. Компанияның ең басты жа­­ңалығы – ішкі бағыттағы әуебилеті ба­ға­­сы қазіргі тарифтен 50 пайыз төмен бола­ды. Әуекомпания рейстерді еліміздің бір­неше қаласынан жасауды жоспарлап отыр.

FlyArystan әуепаркі өз жоспарын іске асыру үшін бастапқыда төрт Airbus А320 ұшағын пай­да­ланса, 2022 жылға дейін әуе флоты 15 ұшаққа де­йін толығады. Airbus А320 ұшақтары эконом-кла­с­ты 180 орынмен жабдықталған. Бюджеттік әуе­компания Easyjet, Indigo, Cebu Pacific және Air Asia сияқты сәтті лоукостерлерді үлгі тұтады. Лоукост­тың классикалық үлгісі бойынша қызмет көрсетеді.
«FlyArystan бюджеттік әуекомпаниясын құру толыққанды зерттеу мен ішкі бизнес жоспарлау нәтижесінде, сондай-ақ тез ауыспалы жергілікті және аймақтық әуетасымалдау нарығының сал­да­рынан туып отыр. Бюджеттік әуекомпания­ның іске қосылуы «Эйр Астананың» қысқа және ұзақ мерзімді дамуына оң әсер ететініне, сонымен қатар төмен бағамен ішкі және аймақтық бағыт­тарда са­пар етуге мүмкіндік алатын жергілікті ту­ристер үшін көптен күткен жаңалық болаты­ны­на се­нім­діміз» дейді «Эйр Астана» президенті Питер Фостер.
FlyArystan «Эйр Астанадан» қызмет көрсету тәртібімен ерекшеленеді. Дегенмен «Эйр Астана» бөлімшесі ретінде барлық қауіпсіздік пен сенім­ді­лік стандарттарына сәйкес екенін атап өту керек. «Эйр Астана» ұстанатын жоғары қауіпсіздік стан­дарттары мен реттеушілік үрдістері авто­мат­ты түрде жаңа бюджеттік әуекомпаниясында да қолданылады.
Жаңа құрылым толықтай өзін-өзі қаржы­лан­дыратын болады. FlyArystan акционерлер инвес­тициясын, мемлекеттік субсидия мен қандай да бір сыртқы қаржылай көмекті керек етпейді.
Жаңа әуекомпания басшылығы тізгінін Cebu Pacific және Virgin Blue компанияларында 15 жылдан астам уақыт басқарушы қызметтерін атқарып, тәжірибе жинаған Тим Джордан қолға алды. Оның командасында «Эйр Астанада» соңғы 16 жыл бойы қызмет атқарған жергілікті аға менеджерлер бар.
Спикерлердің айтуынша, енді жолаушыларда таңдау молаяды. Қай ұшақпен ұшқысы келеді – таңдау өздерінде. Оның үстіне егер азаматтың жүгі жоқ болса, соған сәйкес жаңа рейсте билет құны да төмен болады. Осы сұраққа байланысты алдағы уақытта әуе компанияларына қатысты заңға кейбір өзгерістер енуі мүмкін.
«Әзірге әуежайларды өзгертетіндей себеп жоқ. Басты өзгерістер қазіргі инфрақұрылымның жақсаруына әсер етеді» дейді FlyArystan әуе компаниясының басшысы Тим Джордан.
«Біздің сегментіміз – ешқашан ұшақпен ұш­паған тұрғындар. Компанияның басты мақ­саты – тұлғалардың табысына, дәрежесіне қарамастан барлығына ұшақпен ұшу қызметін қолжетімді ету. Зерттеу нәтижесі бойынша қазақстан­дық­тар­дың тек 10 пайызы ғана ұшақ қызметтеріне жү­гі­неді. Сонда әлі күнге дейін 90 пайыз халық ұшпа­ған. Сол 90 пайыз халық­қа біздің компа­ния­ның қызметі әрдайым қол­жетімді болмақ» дейді FlyArystan компания­сының маркетинг және сату бойынша директоры Жанар Жайлауова.
Жаңа рейстің нақты бағалары мен кестелері келер жылдың көктемінде белгілі болмақ. Бұл туралы әуе компаниясының жаңадан іске қосылған сайтынан хабар алуға мүмкіндік бар.

Гүлнар ТӘЖИЕВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*