Жұмысшыларға алаңдаулы

309
0
Бөлісу:

Мәжілістің жалпы отырысында парламентшілер Үкімет мүшелеріне депутаттық сауалдар жолдады. «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Г.Би­жа­нова Премьер-министр Б.Сағын­таевқа және Бас прокурор Қ.Қожамжа­ровқа жүгініп, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ кәсіпорын­­дарын­дағы жағдайға назар аудартты.

«2016 жылғы қазанда «Нұр Отан» фракциясының депутаттары М.Тінікеев және А.Базарбаев Премьерге аутстаффер деп аталатын, біліктілігі жоқ мамандардың еңбегін қарызға тартуға тыйым салу қажеттілігі, сондай-ақ, кәсіпорынның штаттық жұмысшыларымен салыс­тырғанда олардың қысым көрсетілген жағ­дайы туралы депутаттық сауал жол­да­ған болатын. Депутаттардың Қарағанды өңіріне сапары барысында осы мәселені шахта директорлары мен кәсіподақтар тағы да көтерді. Осы уақытқа дейін аталған ахуалды өзгерту шаралары қабылданбаған, шетелдік инвестор қарыз еңбегінің үлесін арттыруды жалғастыруда», – дейді депутат.
Бүгінде көміршілер кәсіподағының дерегінше, 8 көмір шахтасында аутстаффер ретінде 650 адам тартылған. Депутат қолданыстағы еңбек заңнамасы қарыз еңбегі саласын, оның ішінде, қауіпті (ерекше қауіпті), зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайлары саласын реттемейтінін атап өтеді. Салдарынан, бұл адамдар тиісті жұмыс көлемін орындағанымен оларға еңбекақы мөлшері бойынша қысым көрсетілуде, оларға ұжымдық шарт, са­лалық келісім шарттары қолда­ныл­майды.
Осыған орай Мәжіліс депутаты Бас прокурордан тексеру ұйымдастыруды, шетелдік инвестордың өз міндеттемелерін орындамау себебін зерделеп, кінәлі тұл­ғаларға прокурорлық қадағалау шараларын қолдануды сұрады.
Нұротандық депутат Б.Жылқышиев вице-премьер – Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Ө.Шөкеевке жүгініп, атаулы әлеу­меттік көмек (АӘК) жайын тілге тиек етті: «АӘК-ті алуға үміткер аз қамтылған отбасылардың жиынтық кірісін есептеудің қолданыстағы әдістемесіне сәйкес, отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісін есептеуде жеке қосалқы шаруашылықтан (ЖҚШ) алынған кірістер ескеріледі. Бұл ретте ЖҚШ түсетін кіріс­терді есептеу бойынша көзқарастар 2005 жылдан бері қайта қаралмаған, бұл қазіргі жағдайда АӘК алуға үміткер адамдар кірістерінің мөлшерін асыра ұлғайтуға немесе кемітуге алып келеді. АӘК таға­йындауда Ауыл шаруашылығы министр­лігінде ЖҚШ-дан түсетін жиынтық кірісті есептеудің қолданыстағы әдістемесін жаңарту және қайта қарау үшін қандай шаралар қаралып жатыр? Қай мерзімге дейін ол шаралар қолданысқа енеді?» деп сұрады депутат.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*