Жемқорлықпен күресте күш біріктіреді

94
0
Бөлісу:

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Азия және Тынық мұхит аймағы елдеріне арналған коррупцияға қарсы бастамалардың қоғамдық парасаттылық желісінің мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелеріне арналған кезекті отырысына қатысты.

Бұл бастаманы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Азия даму банкі 2001 жылы сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында тәжірибе алмасу үшін ұсынған болатын. Қазақстан оған 2002 жылы қосылды.
Жиынға Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпек­баев, Қаржы министрі Ә.Сма­йылов, Азия даму банкінің Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-әрекет және пара­сат­тылық жөніндегі офисінің кеңесшісі Л.Вонг, Азия және Тынық мұхит айма­ғының 20-дан астам елінің мемлекеттік сатып алулар саласындағы коррупцияға қарсы қызметтері мен мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Азия даму банкінің және БҰҰ Даму бағдарламасының халықаралық сарапшылары қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сө­зінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сыбайлас жем­қор­лықпен күрес жүргізу ісінде алдын алу шараларын жүйелі түрде қабылдау басты міндет болуға тиіс» деген сөзіне тоқталды.
Г.Әбдіқалықова Ұлт жоспары, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 2015-2025 жылдарға арналған стратегия аясында Қазақстан сыбайлас жем­қорлыққа қарсы тұрудың заманауи моделін қалыптастырып жатқанын айтты. Елде сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам құруға бағытталған корруп­ция­ға қарсы саясат іске асырылуда. Мақ­саты – коррупция салдарымен кү­ре­су емес, оның алғышарттарын жою.
Шенеуніктермен тікелей байла­ныс­ты болдырмау үшін мемлекеттік қыз­меттердің 78 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұл осы саладағы тұрмыс­тық сипаттағы жемқорлық деңгейін үштен екіге төмендетуге мүмкіндік берді. «Мемлекеттік сатып алулар порталы» ашылып, оның аясында барлық мемлекеттік сатып алулар мен оның рәсімдері 100 пайыз электрондық форматқа көшірілді.
Қазақстанда цифрлық үкімет пен электрондық мемлекеттік қызметтерді дамыту саласы бойынша қабылданып жатқан шаралар сыбайлас жемқор­лықты мейлінше азайтуға бағытталған.
Сөз соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова отырысқа қатысушыларға мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолында тиімді диалог орнатуға тілектестік білдірді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*