Авторлар арасындағы алауыздық

192
0
Бөлісу:

«Қазақстан авторлары қоғамының» 20 жылдығына орай Жазушылар одағында басқосу өтті. Кеңеске ақын-жазушылар, композиторлар қатысып, ұйым басшысын сайлауды күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде қарастырды. Нәтижесінде, Марал Ысқақ төрағалыққа қайта сайланып, бас директор қызметін Байгелді Есеналиев атқарады. Кеңесте кикілжің жыл өткен сайын көбейіп барады. Кешегі отырыста жиылған көпшілік ұйымды бір адамның ғана басқарғаны дұрыс екенін жеткізді. Сонымен бірге, басшының шығармашылық адамы әрі жас болғаны жөн десті.

Қазақстан алдағы уақытта ЕАКОП (Еуразиялық құқық иелері конфедера­ция­сы – авт.) ұйымымен бірге жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бұрын батыс елдерінде ғана болған конфедерация енді ТМД елдері ішінде де құрылған. Бізде осыған дейін швейцариялық «КОСИС» компью­терлік бағдарламасы қолданып келген екен. Бірақ жақында одан бас тартып, «Гиперграф» бағдарламасына көшіріледі. Оған себеп – бағасы. Алдыңғы бағдар­ла­маны алғашқы рет орнату құны 12 мың евро болса, әрбір жаңартуына тағы қосымша ақы төленеді. Соған байланысты жаңа жабдықтамаға ауысуға мәжбүр. «Гиперграфта» авторлардың жиналған қа­ламақысын есептеп, бөліп төлеу жеңілдей түседі деседі. Сондай-ақ Fonmix бағдар­ла­масы да енгізіледі. Яғни, қай жерде қандай музыка қойылғаны бақылауға алынады. Сол арқылы ұйымға толық ақпарат түсіп отырады. Бұрынғыдай қағаз толтырып жүрудің қажеті жоқ. Барлығы автомат түрде базада көрініп, автордың шығармасы белгіленеді. Күні ертең сотқа берер болса да, мәлімет алу оңай бола түседі. Осы арқылы ашықтыққа жол ашылады деседі.
Бүгінде авторлар құқығымен айналы­­сып жүрген 8 қоғамдық ұйым белгілі. Бірақ қайсысында қандай қаражат айналып, ­қай­да кетіп жатқаны белгісіз. Өйткені ав­тор­­­лар тарапынан түсетін шағым көп. Бә­рі­­­нің ай­тар назы – соқыр тиын да төле­мей­­­тіні. Гонорар мәселесі кешегі кеңесте үл­­­кен талқыға түс­ті. Совет-Хан Ғаббасов «Осы уақытқа де­йін қаншама пьесам қо­йыл­­ды. Бір де біріне қаламақы алмадым» дейді.
Бұдан бөлек, ұйым басшысына қа­тыс­ты да дау туды. Марал Ысқақбай төр­аға­лыққа келді. Бас директор болып Байғали Есенәлиев сайланды дедік. «Бұл қоғамды құрған – мен. Кезінде Байғалиға тағымды өз қолыммен беріп кеттім. Баламдай жақ­сылық жасадым. Құрметті төраға ретінде бес жыл Байғалидың көмекшісі болдым. Байғали заңды білмейді. Қысқасы, Бай­ғалидың орнына заңгер Серікті ұсынамын» деді Марал Ысқақбай. Дегенмен осы сөз­ге қарсы шығып, Мұхтар Шаханов «Бай­ға­ли – сана биігіне көтерілген жігіт. Бар­лы­­ғы­мыз қолдайық» десе, Совет-Хан Ғаб­басов «Марал Ысқақбай шаршады. Қар­тайды. Алып тастау керек. Қоғам жұмы­сына ара­ласып, кедергі келтіргенді қой­сын» десті. «Марал аға, Байғали – шәкір­тіңіз. Бастық­тың заңгер емес, шығар­машылық адамы болғаны дұрыс. Бай­ғали басқара берсін» деп пікірін біл­дірді Қалдыбек Құрманәлі. Жарылқасын Дәулет болса, «Марал ағаның еңбегін жоққа шығаруға болмайды. 80-нен асса да барлық заңды жақсы біледі. Сондықтан Марал аға өзі басқарсын» деді.
– Марал ағаның маған қарсы шығуына заңды мықты білмейтінім себеп болып отыр. Мұны мойындаймын. Бірақ жаныма білікті маманды үнемі ертіп жүремін. Барлығын тек қағаз бетіне түсіріп, сәл нәрсе істесем, жеткізіп отырғанды ұнат­паймын. Хат жолдап қойып, оған жауап күтіп отыратындардан емеспін. Мәселені шешу үшін дереу іске кіріскенді құп көрем. Бес жыл ішінде бірталай іс атқардық. Егер басшы заңгер болар болса, қалай болады? Авторларды танымайды, олармен қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Мысалы, Жазушылар одағын жазушы басқарады. Сол сияқты авторлар қоғамында шығармашылық адамы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Көпшіліктің мені қолдағаны да содан. Заңды бап пен тармақ бойынша анық білмесем де, ел мен шетелдегі авторлыққа қатысты ахуалдан хабардармын. Қағазды қаттап қойса ғана жұмыс па? Ел аралап жүріп жұмыс істейтін көкжалмын. Төрағалыққа түсуге арым бар­мады. Сексенге келген қариямен қа­тар­­ласқаным ұят болар еді. Негізі, сол екі бас­шылықтың керегі жоқ деген ұста­ным­да­мын. Бес жылдағы еңбегімді еле­ме­ген­дер де болды. Бәлкім, біраздан соң жұ­мыс­тан кетермін. Өнер адамымын, жаным тез жараланады. Әлі ойлану керек, – деді Байғали Есеналиев.
Қазақстандағы барлық музыка, оның ішінде күйлер де жинақталған «Қазмуз» бағдарламасы іске қосылады. Авторы – Жансерік Сүйінбайұлы. Бүгінде Galam music, «Қазақстан авторлары қоғамы» және «Қазмуз» арасында үшжақты келісім жасалды. Болашақта ұялы телефондардағы әуендер, музыкалық порталдар түгел қадағаланып, назарға алынады. Ондағы мақсат – авторлардың қаламақысын көбейту. Демек, жақын арада шетелдегідей музыканы сатып аламыз. Бұрын осы мәселеге бейжай қарап келген болсақ, енді шындап кіріскендейміз. Автор шығар­масының бағалануы – дамыған елдердегі тренд. Ол трендке біздің де ілескеніміз жөн-ақ. Ұйым басшысын сайлауға салмақ түсіргеннен бұрын мәселенің мәніне көбірек тоқталса құба-құп.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*