ЭЛЕКТРОНДЫ ҚЫЗМЕТ ҚОЛЖЕТІМДІ МЕ?

126
0
Бөлісу:

Президент 2018 жылдың 5 қазанында жариялаған Жолдауында 2019 жылы мем­лекеттік қызметтердің 80 пайызын, 2020 жылы 90 пайызын электронды форматқа көшіруді тапсырды. Қазір республикалық мемлекеттік қызметтер реестрінде 741 қызмет болса, оның 598-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­ра­циясы арқылы көрсетіледі. Ал элек­трон­дық үкімет порталында 454 қызметке қол жеткізуге болады. Биыл халықтың уақы­тын үнемдеп, «бір терезе» қағидаты, электронды қызметтер бағытын тиімді дамыту үшін цифрлық қызмет көрсету орталықтары жұмысын бастады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының Қостанай қаласындағы филиалының маманы Юлия Райская шаһарда іске қосылған цифрлық ХҚКО ерекшеліктеріне тоқталды.
– Биыл қыркүйек айында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпора­циясы Қостанай қаласында цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығын ашты. Бұл – Қазақстандағы төртінші цифрлы ХҚО. Бұған дейін Астана, Алматы, Шым­кент сияқты ірі қалаларда ашылған бо­латын, ал Қостанай – цифрлы орталығы бар алғашқы облыс орталығы.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтарға өз бетінше қызмет алуға мүмкіндік беретін цифрлы ХҚО барлық аймақтарда ашылады. «Азамат­тарға арналған үкіметтің» қызметіндегі басты басымдық – мемлекеттік қызмет­терді барынша электронды нұсқаға көшіріп, халықтың цифрлық сауатты­лығын көтеруге жағдай жасау.
Қызметтерді онлайн алу үшін элек­тронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) қажет. Алайда мобильдік азаматтар базасына тіркелген жағдайда 40-тан астам қызметті ЭЦҚ-сыз алуға болады. Сондай-ақ бір­қатар мемлекеттік қызметтер @EgovKzBot телеграм-боты арқылы да қолжетімді. Биылғы жылдың 10 айында «Азаматтарға арналған үкіметтің» Қостанай облыстық филиалы азаматтарға 1 291 038 мемлекеттік қызмет көрсетті, соның ішінде 626 206 қызмет электронды форматта ұсынылып, 234 685 ЭЦҚ берілді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласындағы филиалының маманы Алтынай Татаева цифрлы ХҚКО аясын­дағы Connection Point алаңдары туралы әңгімелеп берді.
– Қазіргі таңда ХҚКО аясында Connection Point өз-өзіне қызмет көрсету сек­торлары жұмыс істейді. Онда қазақ­стан­дықтар, инспекторды күтпей-ақ, өз бе­тінше электронды қызметтерді пайдалана алады. Қызмет алушы мемлекеттік қыз­мет­ті алғаш рет пайдаланған болса, оған міндетті түрде ХҚКО инспекторы кеңес беру арқылы көмектеседі. Электронды үкі­мет порталының Connection Point сектор­ларында азаматтар көбіне жылжы­майтын мүліктерінің бар-жоқтығы, зейнетақылардың аударымы, мекенжай туралы анықтамалар алуға өтінім береді.
Бүгінде электронды үкімет порталы арқылы көп мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі сапалы алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл – электронды үкімет порталының бірден-бір жетістігі. Қызметті пайдаланушылар ХҚКО жүгінбей өз бетімен нәрестені балабақша кезегіне қойып, ата-тегі мен есімін өзгертуге өтініш беріп, жеке кәсіпкерлігін тіркей алады. Сонымен қатар мемлекеттік баж, салық, жол қозғалысын бұзғандығы үшін айып­пұлды, коммуналдық қызмет ақысын тө­лей алады. Connection Point немесе өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы қа­жетті мемлекеттік қызметті тұтыну үшін клиенттің электронды цифрлық қолтаң­басы болуы керек.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дарламасында «Мемлекет азаматтарға қызмет көрсету үшін олармен өзі байланы­сатын басқару моделі іске асырылатын болады» делінген. Осы модельге ұқсайтын жаңа форматтағы қызмет көрсету орта­лығы EXPO территориясында іске қосылады. Қазір жобаның тұсауы кесілетін уақыт әлі нақтыланған жоқ. Қолда бар жоспар бойынша орталықта мемлекеттік қызметтерді ұсынатын заманауи техно­ло­гиялар орнатылады. Келушілерге қызметті оператор азаматтар емес, жасанды интел­лект көрсетеді. Мұнда M-gov мобильді қо­сымшасының мүмкіндіктерімен танысып, Айсана деп аталатын виртуалды кеңесшіден анықтамалар жөнінде ақпарат алуға болады. Digitaldrive симуляторы арқылы жүргізуші куәлігін алу алдында емтихан тапсырып көруге болады.
Video call room бөлмесінде азамат мемлекеттік органдардың бірінші бас­шы­ларына бейнежолдау жазып жібере алады. Бұл жазбадағы сұрақтар мен ұсыныстарға жауапты аталған орган өкілдері 15 күн ішінде азаматтың жеке поштасына жол­дауға міндетті. Орталықта азаматтар био­метрикалық дерек, sms-пароль не элек­тронды цифрлы қолтаңбаны пайдаланып, 44 түрлі қызмет түріне қол жеткізе алады. Сондай-ақ орталықта халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында оқыту семинарлары өткізіледі.
Күн сайын электронды портал арқылы 100 мыңға жуық қызмет көрсетіледі. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ үйден шықпай, интернет арқылы қол жет­кізуге болатын қызметтер қатарын арт­ты­рып жатыр. Осылай 12 жыл ішінде элек­трон­ды қызметтер саны 235-ке дейін өскен.

Кәусар АХМЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*