ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ

111
0
Бөлісу:

Талдықорғандағы Оқушылар сарайының жиынжайында  әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған  салтанатты шара өтті. Қоғам тірлігіндегі аса нәзік әрі үнемі назарда ұстауды қажет ететін салада тер төгіп жүрген жанкешті жандарды  Алматы облысы әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқов кәсіби мерекемен құттықтады.

– Мемлекет пен Елбасы басты на­зарда ұстайтын, әрдайым қолдау көр­сетіп отыратын бағыттың бірегейі –
сіздер қызмет істейтін әлеуметтік сала. Бұнда жұмысқа кім көрінген келе бермейді. Жүрегіне мейірім тұнған, ұстамдылығы бір басына жетіп арты­латын қайырымды жандар ғана әлеуметтің мәселесін шешуге белсене атсалысады. Еселі еңбектеріңіз елеусіз қалмақ емес. Бүгін сіздерді облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан құт­тықтап, өңір басшысының алғысын жеткізіп тұрмын. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы өзінің жолдаулары мен тағы басқа да игі бастамаларында әлеуметтік осал топтардың тұрмыстық жағдайына жете мән береді. Қариялар, көпбалалы және жалғызбасты аналар, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығы мемле­кеттің қамқорлығында болуы тиіс. Зейнетақы мен жәрдемақының жыл сайын арттырылып отыратындығы да сол мемлекеттің қамқорлығы екені даусыз, – деген облыс әкімінің орын­басары Алматы облысында 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мекеме барын және онда екі мыңнан астам азамат қамқорлықта екендігін атап өтті. Әр салада әлеуметтік қызмет көрсететін үш мыңнан аса маман ел игілігі үшін талмай еңбек етіп жүргеніне тоқталды. Одан бөлек, облыс бойынша төрт мыңнан аса азаматқа әлеуметтік көмек үйден көрсетілетіндігін де айта кетті. Үйде көмек көрсетілетіндердің 1600-ден астамы мүмкіндігі шектеулі балалар болса, екі жарым мыңға жуығы жалғыз басты қарттар екен.
Алға жылжыған жылдармен бірге әлеуметтік салаға қарастырылатын қаржы артып, соған сай қызмет көрсетудің сапасы жақсарып, түрі көбейіп келеді. Биыл облыс бойынша мүгедектерді оңалтуға 2 млрд 900 млн теңге бөлініпті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріс-тұрысына қолайлы болуы үшін 400 нысанға толық бейім­деу жұмыстары жүргізіліп, оған 266 миллион теңге жұмсалыпты.
Салтанатты шарада бірқатар әлеуметтік жұмыскерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған «Еңбек ардагері» және «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» медальдары тапсырылды. Тағы біраз адам Алматы облысы әкімінің алғыс­хатымен, Құрмет грамотасымен мара­патталды. Облыстық «Еңбек жолы» байқауының «Үздік әлеуметтік қыз­мет­кер», «Үздік тәлімгер», «Өндірістің үздік жас жұмыскері» және «Үздік еңбек әулеті» аталымдары бойынша жеңімпаз атанғандарға әрқайсысына 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Сонымен бірге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін қызмет көрсетуге арналған 11 инватаксидің кілті табыс­талды. Бүған дейін облыс бойынша 22 инватакси қызмет көрсетсе, енді олар­дың саны тағы 11 арнайы автокөлікке артты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*