ЖЕРІ ШҰРАЙЛЫ, ӨЗІ ШЫРАЙЛЫ ҮРЖАР

130
0
Бөлісу:

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы кейінгі жылдары дамып, экономикасы алға басып келеді. Бұл дер кезінде оң шешім қабылдап, оңтайлы өзгерістерге бет бұрудың нәтижесі екені даусыз. Өңір аграрлы салаға бейімделгендіктен, аса зор жауапкершілікті талап етеді. Біз аудан әкімі Серік Зайнулдинмен жолығып, өңірдің бүгінгі жетістігі төңірегінде сөйлестік.

– Үржар ауданы облыстағы ең ірі өңірдің бірінен саналады, шөбі шүйгін, нулы, сулы болып келеді. Ауданға қарасты 27 ауылдық округтың 55 елдімекенінде 75 722 адам тұ­ра­ды.­ Жер көлемі – 2 341 372 гектар, оның іш­ін­­де егістік аумағы – 196 444, ша­бын­дық – 86 014, жайы­лымдық жер – 1 683 764 гек­тарды құрайды. Аудан эко­но­ми­касын алға жылжытуда агро­өнер­кәсіп кешені маңызды орын алады. Өл­кеміз негізінен мал мен өсімдік шаруа­шылығына бейімделген.
Өткен жылы 53 379,9 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. 2016 жылмен салыстырғанда 103,6 па­йызды құрады. Мал шаруашылығында 22 161,3 мил­лион теңгенің, өсімдік шаруашы­лы­ғында 31 197,4 миллион теңгенің өнім­дері шығарылды, – дейді аудан әкімі.
Бізге берген дерекке сүйенсек, өткен жылы нөлдік технологияны қолдану арқы­лы өңделген алқап аумағы 15 012 гектарды құрап, 4,2 пайызға артқан. Өсімдік шаруа­шы­лығының тиімділігін арттыру мақ­са­тында ауданның ауыл шаруашылығына сапалы сорттық тұқымдарды, минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтерді пай­далануға, сондай-ақ ауданның машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына айрықша мән берілген.
Бүгіндері аудан көлемінде I, II, III репродукциялы тұқымдарды өндірумен ай­налысатын үш тұқым шаруашылығы жұмыс істейді екен. «Юбилейный» ЖШС тұқым шаруашылығы жаздық бидай, арпа, күн­бағыс тұқымдарын, «Бақ-Тұр» ЖШС күздік бидайдың, күнбағыс, сояның және «Нек­ра­совка и К» шаруа қожалығы жаздық би­дай, арпа, көп жылдық шөптің тұқымын өндірумен айналысады. Аталған үш тұқым шаруашылығы ауданның шаруа қожа­лықтарын сапалы тұқымдармен қамтамасыз етіп отыр.
«Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау есебінен жылдан-жылға мине­рал­дық тыңайтқыштар мен гербицидтердің көлемі артып отыр. Былтыр ауданның 38 ауылшаруашылық құрылымына 6145 тонна минералдық тыңайтқыш сатып алынды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 4,8 есе көп. Өңірде барлығы 43 204 гектар суармалы жер тіркелген, былтыр оның 25 920 гектары суарылды немесе жалпы суармалы алқаптың 60 пайызын құрады. Аудан көлемінде агроқұрылымдар (шаруа қожалықтары) атына берілген суармалы жерлердің көлемі 35 761 гектарды құрайды» дейді өңір басшысы.
Шаруа қожалықтардың машина-трактор паркін жаңалау – көктемгі егістік пен күзгі егін жинау жұмыстарының сапалы және уақытында жүргізілуінің алғышарты. Өткен жылы ауданның 58 ауылшаруашылық құрылымы жалпы құны 809 миллион теңгеге 164 ауылшаруа­шы­лық техникасын әкелді, соның ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 28 ша­руашылық 489,7 миллион теңгеге 70 тех­ника, 30 шаруашылық өз қаражаттарына, яғни 319,3 миллион теңгеге 94 техника сатып алды. 2008 жылдан бастап ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бойынша тракторлар паркі – 16,0, комбайндар -15,7 пайызға жеткізілді.
Өткен жылы ауданнан тыс жерлерден ауданның 25 шаруа қожалығы 155,4 миллион теңге болатын 388 бас асыл тұқымды ірі қара мен 100 бас ұсақ мүйізді мал сатып алды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау жалғасып келеді. Ауданның 12 қожалығы асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығын, 2 қожалық асыл тұқымды қой шаруашылығымен және 3 қожалық асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамытумен айналысады. Аудандағы асыл тұқымды ірі қара малдың үлесі 4,6 пайыз (4699 бас), асыл тұқымды қойдың үлесі
3 пайыз (8302 бас) және асыл тұқымды жыл­­қы үлесі 2,8 пайызды (811 бас) құрайды.
Ауданда отандық сүт өндірісін дамыту мақсатында сүт қабылдау және оны өңдеу пункттерінің жұмысы жанданып отыр. «Юбилейный» ЖШС – 100 млн теңге (өз қа­ражатына) және «Сағади» шаруа қо­жа­лығы «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы не­сие қаражатына 283 миллион теңгеге сы­йым­дылығы 400 басқа арналған сүтті-тауар­лы фермаларын іске қосуға кірісіп кетті.
– Агроөнеркәсіптік кешенді дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы аясында ауданда жеке қо­салқы шаруашылықпен айналысып жүр­ген жеке тұлғаларды, ұсақ шаруа қожа­лықтары мен жеке кәсіп­керлерді ауыл шаруашылығы коопе­ра­тивтер құрамына тартып, ұсақ ша­руа­шы­лықтарды ірілендіру бағытында да тиісті жұмыс атқарылуда. Бүгінгі күні, 52 ауыл шаруашылығы коопе­ративі ашылып, құрамына 1713 адам тар­тыл­ды. Құра­­­мында 20 және одан да көп адамы бар
43 кооператив құрылды, бұл жалпы кооперативтер санының 83 пайызын құрады.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерін (мүшелерін) жеңілдетілген пайызбен несиелендіру мақсатында, кооперативтер мүшелеріне отбасылық мал бордақылау жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 136,9 миллион теңгеге барлығы 52 жоба қаржыландырылды. Оның үстінде, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы кәсіпкерлікті дамыту үшін 19 жеке тұлғаға 52,5 миллион теңге, «Аграр­лық несие корпорация» АҚ арқылы 124,0 миллион теңгеге 12 жоба қаржы­ланды­рылды, – дейді Серік Зайнулдин.
Ауданда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің кәсібін дамыту және оларға қолдау көрсету мақсатында «Агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде жылдан-жылға төленген бюджеттік субсидия қаража­тының көлемі де өсіп келеді екен. Мәселен, былтыр 440 ауыл шаруашылығын өндірушіге 755,9 миллион теңге субсидия төленген, оның ішінде: өсімдік шаруа­шылығында 64 қожалыққа 354,9 миллион теңге, мал шаруашылығында 323 қожа­лыққа 268,3 миллион теңге және сатып алынған техникалар шығынының бір бөлігін өтеу үшін 53 қожалыққа 132,7 миллион теңге төленген.
Ауданда омарта шаруашылығымен айналысатын 130 шаруашылық бар. Олар жылына 250 тонна бал өндіреді. 5 асыл тұқымды омарта шаруашылығы карпат тектес асыл тұқымды аралар өсіріп отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бо­йын­ша аудан экономикасына тартылған ин­вестиция 7602,4 миллион теңгені құрады.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде 27 елдімекендегі әлеуметтік нысандарды жөндеу, саябақтарды абат­тандыру, ауыл көшелерін жарықтандыру мен жөңдеу жұмыстарына 73,8 миллион теңге бөлініп, межеленген жұмыс жүр­гізілді. Аудан экономикасының қалыпты дамуына кәсіпкерлік саласының әсері мол. Өңір бойынша 110 кәсіпкерлік нысан халыққа қызмет көрсетеді. 5257 шағын кәсіпкерлік тіркелген, оның 2314-і шаруа қожалығы, 202 заңды тұлға және 2741-і жеке кәсіпкерлер. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субьектілері 6,3 пайызға артты. Аудандағы экономикалық белсенді халықтың 21,8 пайызы немесе 9792 адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Соңғы жылдары аудан көлемінде шағын кәсіпкерлік жоғары деңгейде дамып келеді. 2 қонақүй,15 сауда дүкені,1 сауда үйі, 4 дәріхана, 10 қоғамдық тамақтану орны, 1 наубайхана, 4 шаштараз, 2 тігін цехы, 1 автобекет, 2 аяқ киім шеберханасы іске қосылып, орта есеппен 78 жаңа жұмыс орыны ашылды.
Халық тұтынатын азық-түлік тауар­ларының бағаларын тұрақтандыру мақ­сатында, аптаның сенбі күндері ауданның ірі елдімекендері Үржар, Мақаншы және Таскескен ауылдарында жәрмеңкелер ұйымдастырылады. 2017 жыл басынан 165 жәрмеңке өткізіліп, 150,0 миллион теңгенің өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз төмен саудаланды. Биыл да бұл дәстүр жалғасып жатыр.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында барлығы 137,6 миллион теңгенің 95 жобасы жүзеге асырылып келеді. Қабанбай бабамызға құрмет көрсетіліп, Үржар ауданының орталығынан құны 45 миллион теңгеге еңселі есткерткіш бой көтерді. Демеушісі – жерлесіміз, белгілі меценат Құсман Кәрімұлы Шалабаев, Науалы ауылында құны 23,5 миллион теңгеге Рахметовтер әулетінің демеушілігімен, ауыл тұрғындарының ұйытқы болуымен спорт мектебі күрделі жөңдеуден өткізілді.
Бірнеше жылдан бері Алакөл жаға­лауын дамыту, инфрақұрылымдарын толықтай іске асыру жұмысы жүргізіліп келеді. 26,3 миллион теңгеге 30 нүктелік WI-FI интернет желісі мен 12 радио нүкте орнатылды. Қабанбай ауылында мәдениет үйінің ғимараты жаңғыртылды. Алакөл жағалауындағы көшелерді орташа жөңдеуден өткізіліп жатыр. «Мақаншы–Жалаңашкөл» автожолының 66-82 шақырымдық телімін орташа жөңдеуден өткізуге қарастырылған 867,8 миллион теңгенің 346,7 миллионы игеріліп, 16 шақырымға асфальт төселді. Аталған автокөлік жолының 107-133 шақырымына (25 км) да жөңдеу жүргізілді.

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*