Рухы мықты, жүрегі нәзік еді

192
0
Бөлісу:

Білім берген, үлкен өмір жолында ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп, жол көрсеткен ұстазға құрметіңді білдіру, оны іздеп, хал-жағдайын сұрау қалыпты жағдай, ал шәкірттерін ұмытпай, арада сан жылдар өтіп кетсе де оларды үнемі іздеп, жылы сөзін арнап, жігерлендіріп тұратын ұстаздар некен-саяқ. Біздің Үмбетбай Уайдин ағайымыз сондай жан еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақ берген ағайымыз өткен жылы бақилық болғанға дейін үнемі телефон шалып немесе кездесе қалғанда жағдайымызды тәптіштеп сұрайтын. «Балалар өсіп келе ме? Үй-жай мәселесі шешілді ме?» деп елжірей қарап халімізді сұрағанда, шынын айтсам, ертерек өмірден озып кеткен әкем есіме түсетін… Жақсы адамның өмірден өтіп кеткені енді сезіле бастады. Телефон үнсіз… Қалбалақтап кеп хал сұрайтын, мейірімін төгіп, жылы сөзін арнайтын ұстаздың арамызда жоқ екеніне біртүрлі сенгің келмейді…

Жазушы, журналист, фельетоншы, сатирик Үмбетбай Уайдин тек шәкірт тәрбиелеп қана қойған жоқ, артына мол әдеби мұра қалдырды. Қандай да бір жаңа туындысы жарық көрсе, қол­таң­басымен, игі тілегімен бәрімізге таратып шығатын.
Үмбетбай ағайдың орны әдеби ортада да ойсырап қалды. Әріптесі әрі құрдасы Ғаббас Қабышұлы ағайымызды былай деп еске алады:
– Үмбетбай Уайдинмен елу жылдан астам уақыт дос, сырлас, қызметтес болдық. Үй-ішімен етене араластық. Әзіл-сы­қаққа шеберлігін көзіқарақты оқырман­ның бәрі жақсы біледі. Ол сықақ әңгіме, өлең жазар алдында бір шумағын оқып беріп «Ал, Ғаббе, қалай екен?» деп сұрай­тын. Мен де оны қоштап «Үмбетбай бас­тамасын, бастаса бәрін дұрыс айтады. Ішін­де ештеңе қалдырмайды» дейтінмін. Шы­нында ол өте тиянақты, байыпты жаза­тын. Күлкі ойнату, сөз ойнату, оқиға ойнатуды поэзия тілімен де, проза тілімен де өте шебер атқаратын қа­ламгер еді. Үмбетбай өте биязы, мәде­ниет­ті болатын. Оның қатты ашуланып, дауыс көтергенін немесе артық ауыз былапыт сөз айтқанын ешқашан естіген емеспін. Кейбіреулер әдебиет туралы немесе басқа да ағат сөз, қате пікір айтып қалса, жиналыстан шыққан соң жанына барып, «Ағасы, сіздің мына сөзіңіз онша дұрыс болмады. Көптің алдында бүйтіп ағат айтқаныңыз басқаша пікір тудырады. Шындығы былай емес пе?» деп соны мо­йын­дататын. Ол құрдас­тарының да, ініл­е­рінің де артық кеткен жерін түзетіп жүретін. Көркем мінезбен, әдемі тілмен бәрінің қиюын келтіретін. Сондай мәде­ниет­тілігінің арқасында оған теріс қараған еш­кім болған жоқ. Үлкен де, кіші де Үмбеке деп сыйлайтын. «Үмбет­байдың мынасы дұ­рыс болмады» немесе «Ол қисық мінез көр­сетті» деген сөзді ешкімнен естіген жоқпын. Мінезімен, таза жаратылысымен баршаға ұнаған жан еді. Сол таза күйінде кетті…
Ол «Біз Оспанханның отрядында болдық» дейтін. Үмбекеңнің шығармасы жұртқа мәлім. Алдағы уақытта прозасы мен поэзиясын біріктіріп көптомдығы да шы­ғып қалар. Ол жазушы ретінде де, адам ре­тінде де ерекше жаратылған жан болатын.
«Маң-маң, маң басқан,
Екі аяғын тең басқан,
Бәтеңкесін қыста қар,
Жазда шаң басқан» деп Үмбекеңе қалжыңдайтынмын. Бәрі күлетін. Сөйтіп мәз болып жүруші едік, амал қанша, ортамыздан кетіп қалды…
Мәриям АЛДАНОВА, жары:
– Мен ол кісіні ағайым, әкем ретінде қабылдадым. Себебі, жары ретінде бетіне тура қарап, толық атын атап көрген емес­пін. Алғашқы кезде ағай деп жүрдім, кейіннен қарасам жолдастары, қалам­дастары Үмбеке дейді екен. Жазушылармен көп араласты ғой, олар Үке дейтін. Маған осы Үке деген сөз жақынырақ. Дегенмен көбіне, папаң, атаң, ағаң деген сияқты сөздермен атайтынмын. Әрине, әкеңдей қабылдаған адамды әкеңдей бағалайсың. Ол кісі менің ақылшым, тәрбиешім, яғни ұстазым болды. Өзін әкемдей бағалатқан ұстанымының беріктігі еді. Не мәселе бол­са да сабырмен қарап, артық іске, артық сөз­ге жол бермейтін. Мысы басып тұратын қа­сиеті бар еді. Қаншалықты рухы мықты бол­са, соншалықты жүрегі нәзік болатын. Ба­лаларды өте жақсы көретін. Олар­ға ұрсып, кейімейтін. Балалар кіш­кентай кезін­де шулап, ойнайды ғой, үйге келсем «Мы­наларды шақыршы, маған жұмыс істет­педі» деп арыз айтатын. Неме­ре­леріне де солай қарады. Балалар неме­ре­лерімізге ұр­сып жатса «Мен сендерге қашан ақыр­дым, менде дауыс жоқ па?» деп ара түсетін.
Шәкірттерін өз балаларындай жақсы көретін. Көпен Әмірбек екеуінің «Із» деген сыр-сұхбат кітабында Көпенге «Сен шәкірттерге орден бермесең де, қағазың­нан орын бер. Оларда ешқандай жалғандық жоқ» депті. Өзі «Мен өсек-аяңның, қаңғу-шаншудың алдында күштімін, ал көңіл­сіздіктің, көз жасының алдында әлсізбін» дейтін. «Өтірік мақтағанға меңіреумін, шын сөзге жаным кіріп жылынамын» деген өлең жолдары өзінің болмысын ашатындай. Достарымен, құрдастарымен, әріптестері­мен өте сыйлы қарым-қаты­наста болды. Ел жақ­қа жылына бір бара­тын­быз. Әнеу бір қи­ын жылдары елдің жағ­дайына қатты алаң­дап, бара алмаған кезде хат жазып, қо­ңы­рау шалып отыратын. Өте қанағатшыл еді. Қоңыр өмір сүрді. «Жоқ» деп саспай­тұ­ғын адам болды. Қалтасында 5 тиыны болса балаға ұстатқысы келіп тұратын. Өзіне де, отбасына да, балаларына да сын көзбен, жеңіл әзілмен өлең жазып қоятын. Оның бірсыпырасы кітаптарында жарық көрді. Маған да әзілдеп өлең шығарып қоятын.
– Мәриям, айналайын, ақ сыңарым,
Көңілімнің көптен сөнген жақ шырағын,
Егер де олай-бұлай болып кетсем,
Тағдырын бар баламның тапсырамын, –
деген өлеңін осыдан қырық жыл бұрын бір баламыз дүниеден өткенде жазып еді. Сол кез өте қиын болды. Ауырды. Бірақ, Құдайға шүкір, қырық жыл бұрын бар баланы маған аманаттағанмен, сонша уақыт балалардың қызық-шыжығын бірге көрдік. 5 бала, 12 немере, 2 шөбере бар. Соның бәріне шүкіршілік жасайсың.
Кейбір әзілдері есіме түссе, еріксіз кү­ліп қоям, кейде көңілім босап, жылап алам…
Кейде кеш жататын. Түнгі 12-лерде шай ішеді. Сосын жұрт демалуға жатқанда жазуға отыратын әдеті бар еді. Таңертең жұмысқа барам, ұйқым сергек, ол кісінің жүрген жүрісінен оянып кетіп, «Түу, тырп-тырп жүресіз, ұйқы бермедіңіз» деп ренжісем керек, таңертең оянсам бас жағымда бір шумақ өлең тұр.
– Тырп-тырп жүріс,
Бітпейтін бір іс.
Бітпейтін бұл іс,
Бітпегені дұрыс, – деп жазып қой­ыпты.
Осындай естеліктерін айтып, арасында күліп қоямыз. Отбасында шыны аяқ шылдырламай тұрмайды ғой, сондай бір жағдайдан кейін:
– Көңіл-күйің жақсы кезде
«жаным» дейсің,
Жының келсе, жанымды жейсің.
Бүкіл билік, вся власть өзіңде,
Маған енді неғыл дейсің? – деп жазып қойыпты. Осылайша, мақтамен бауыз­дай­тыны бар-тұғын. Одан кейін қалай ашу­ланасың, күлесің де қоясың. Ол кісі тура­лы өткен шақта әңгіме айту маған ауыр. Дегенмен ол кісі менің үнемі жанымда деп ойлаймын. Артында қалған қағаз-қаламын ақтарып отырамын. Шүкір деймін, мәңгілік адам жоқ. Болашақта «Жылы сөз, жылы сөз» деген кітап шығарсам деген жоспары бар еді. Алла бұйыртса, ол аманаты да орындалар…

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*