10 жылдық белесті бағындырды

328
0
Бөлісу:

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының құрылғанына – 10 жыл. Осыған орай кафедра ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар ауқымды шараларды қолға ала бастады. 

Жақын арада Талдықорған, Семей қалаларында филармония оркестрлерінің қатысуымен мерекелік концерттер өткізді. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен есеп берді. Оркестр ғимаратының көрме залында «Кескіндеме және дизайн» факультетінің ұстаздары мен студенттерінің шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Мәдениет қайраткерлері Нұржан Жанпейісов, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы, Ерлан Стамғазиев, Қайырғазы Төлен, Талғат Әбуғазы, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары Шолпан Даржанова, Ақалтын Бекболатова, Бағлан Бәбіжан, Нартай Бекмолдинов, Сырым Нұрмолдин, Мақсат Медеубек, Жадыра Мүсірепова және  академия  студенттерінің  өнері көпшілік көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды.
«Ән-күй керуені» аталған концерт Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың туғанына 120 жыл толуына орайластырылды.

Кафедра ұстаздары мен студенттері алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде мерекелік концерт беруді жоспарлап отыр.
– 2008-2009 оқу жылында «Дәстүрлі мәдениет және өнер» кафедрасының негізінде ашылған «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының қалыптасуына 10 жыл ішінде оқытушыларымыз үлкен еңбек сіңірді.  Қазіргі уақытта «Дәстүрлі музыка өнері» мамандығы, «Халық әні» («Жетісу», «Арқа», «Алтай-Тарбағатай» әншілік мектептер) және «Халық аспаптары»  («Домбыра», «Жетіген», «Қыл қобыз», «Сыбызғы», «Шертер») мамандандыруы бойынша студенттер тәлім алады. Әр жылдары кафедраны Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ержан Қосбармақов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақан Абдуалиев басқарды. Кафедрада музыкалық орындаушылық өнер және музыка ғылымы саласындағы белгілі мамандар қызмет атқарады. Атап айтқанда олар: Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Этнографиялық және этнологиялық зерттеулер» номинациясы бойынша Еуразиялық әдебиет сыйлығының күміс жүлдегері, өнертану ғылымдардың докторы, профессор, «Құрмет» орденінің кавалері Ә.Мұхамбетова, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор П.Момынов, өнертану ғылымдардың докторы, профессор Г.Омарова, өнертану ғылымдардың кандидаты Ә.Сабырова, өнертану ғылымдардың кандидаты, доцент Г.Мұсағұлова, Ж.Қазбекова, Мәдениет қайраткерлері
Н.Жанпейісов, М.Әбуғазы, өнертану ғылымдардың кандидаты, «Құрмет» орденінің кавалері Т.Мұқышев, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Ш.Даржанова, С.Нұрмолдин және басқа азаматтар қызмет етеді, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ­ меңгерушісі, Қзақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев.

Аз-кем өткен күнге көз жібертсек, кафедраның ғылыми және педагогикалық әлеуетінің арқасында кафедрада 2012 жылы магистратура, 2013 жылы PhD докторантура ашылды. Бүгінгі таңда 20-ға жуық магистранттар даярлап шығарылды, 4 PhD диссертациясы қорғауға дайындалуда.

Кафедра оқытушылары мен студентерінің республикалық және халықаралық конкурстарға, республикалық концерттерге, мемлекеттік мерекелерге, шетелдерге гастролдік сапарларға, жеке концерттерге, радио мен теледидар бағдарламаларына шығып отырады. Монографиялар мен мақалалар жинақтарын, оқу құралдары және бағдарламалары жарық көріп,  республикалық және халықаралық конференцияларға белсенді қатысады. Отандық және шетелдік басылымдарда ғылыми мақалаларды жариялауы арқылы кафедраның зор шығармашылық және ғылыми-зерттеу әлеуетін аттыруға атсалысады. Кафедра оқытушылары үнемі әр түрлі конкурстар мен фестивальдердің қазылар алқасы құрамында жұмыс істейді.

Кафедраның жетекші оқытушылары тек орындаушылар ретінде өнер көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге концерт, фестиваль, теле және радио бағдарламаларды ұйымдастырып, көптеген республикалық шығармашылық жобалардың ортасынан табылады. Олардың ішінде: «Мәдени мұра» – «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» бағдарламасы; «Қазақ музыкасы» антологиясы; «Қазақстан» арнасының «Ғасырлар пернесі»; «Білім және Мәдениет» арнасының «Махаббат өлеңдері», «Ғылыми Кеңес», «Ғажайып тұлға»; «Алматы» арнасының «Інжу-маржан» бағдарламаларының тұрақты әрі белсенді қатысушылары.
–  Кафедраның тағы бір ерекшелігі – дәстүрлі орындаушылардан алғашқы PhD докторларын дайындады. Түлегіміз Амангелді Күзеубай қазіргі таңда Құрманғазы атындағы консерваторияда халық бөлімін басқарып отыр. Белгілі ғалым Айжан Бердібаева да кафедраның түлегі екенін айтып, мақтана аламыз. Сол себептен, өткен жылды ғылыми еңбектер жазуға арнап, бірқатар оқулықтар, кітаптар шығарды. Нұржан Жанпейісов Дәнеш Рақышевтың алпысқа жуық әнін «Саясында Алманың» кітабына жинақтаса, Шолпан Даржанова Жетісу өлкесінің мұралары мен Кенен Әзірбаевтың әндерін «Жетісу алабында» кітабына топтастырды. Өзім «Домбырамен ән айту мектебі» деген әдістемелік оқу құралын студенттер мен оқытушыларғатарту еттім.  Талғат Мұқышев  «Сыбызғы мектебі» арнайы оқу құралын халыққа ұсынса, Мақсат Медеубеков «kobyzbook.kz» деген электронды кітабын дүниеге әкелді. Барлық кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, арнайы концерттермен атап өттік.

Бұдан бөлек үшінші курс студенттері Моңғолияға экспедициямен екі мәрте барып-қайтты. Халық арасында орындалып жүрген, әлі де хатқа түспеген інжі-маржандарды жинақтадық. 10 жылдық мерейтойға осындай дайындықпен келдік, енді кең көлемде атап өтсек деген ойдамыз.

Әуелі Талдықорған қаласында Мұқан Төлебаев атындағы оркестрмен бірлесіп «Жер жәннаты – Жетісу» концертін қойдық. Көп ұзамай Әміре Қашаубаев, Күләш Байсейітова, Бибігүл Төлегенова шыққан киелі өңір Семей қаласынан шақырту алдық. Бибігүл апамыздың атындағы оркестрмен өнер көрсеттік. Музыкалық білім ошақтарында кездесулер өткізіп, шеберлік сыныптарын бердік. Мұрат Құрманбаевтың «Рухани жаңғыру «орталығында кездесу ұйымдастырылды. Алматыдағы концертімізді де көпшілік жылы қабылдады. Ұлы тойдың дүбірі алысқа жетіп, облыстардан арнайы шақырту түсіп жатыр. Бұйыртса, 10 жылдық мерейтойымыз алдағы көктемде де жалғасын тапқалы отыр, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*