АЛТЫ АУДАНДА АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕТУДЕ

376
0
Бөлісу:

Бұрынғылар «Заңды білгеннің алды жарық, білмегеннің күні ғаріп» деген екен. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде бүгіндері ағыл­шын тілін білгеннің жолы ашық. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты және «Бола­шақ» қауымдастығы English for Jastar жаңа жобасын жүзеге асыруда.

Бұл жоба Батыс Қазақстан облысының Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Зеленов және Тасқала аудандарында кең қанат жайып келеді. Аталған аудандардың әрқайсысына жергілікті студенттер, мәселен, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситетінің студенті Гүлбағым Ниязбаева, Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенттері Әсел Жұмырова, Ару Мұсаева, Жәңгір Мубинов, Жайна Әбдірахманова, Үмітқаным Сайлау, Гауһар Меңдіғалиева, Эльвира Аманкелді, Әйгерім Ғилажова сынды болашақ педагогтар жергілікті мектептер мен коуоркинг орталықтарында сабақтан тыс уақытта 8, 9, 10, 11 сынып оқушыларына арнайы speaking club, деңгейлік Elementary және Pre-Intermediate бағдарламалары бойынша Oxford университетінен шығарылған кітаптармен сабақтар жүргізіп келеді. Тіпті соңғы кездері English for Jastar жаңа жобасын жүзеге асыруға пәкістандық ерікті Жадун Аймалхан да белсенді атсалысып, ол осы аптада Зеленов ауданының Мичурин жалпы орта білім беретін мектебінде оқушыларға екі күн бойы дәріс берді.
– Жеткіншектерді білмегеніне үйрету, оларды келешекке жетелеу – өте игі іс. Міне, бүгінде осы іргелі іске үлес қосып, Қазақстанда English for Jastar жобасының жүзеге асуына үлес қосып жүргендігіме қуаныштымын. Сіздердің елдеріңізде балаларға сабақ берумен қоса, Қазақстан­ның тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен танысып, қазақ тілін де үйрену­демін. Батыс Қазақстан облысына келгенше өз басым Астанада, сондай-ақ үш аптадай Ақтөбе облысының Қобда ауылында да қазақстандық жасөспірім­дердің ағылшын тілін меңгеруіне үлес қостым, – дейді Пәкістан азаматы Жадун Аймалхан.
Ал батысқазақстандық «Жас Отан» Жастар қанатының менеджері Азамат Мағзом: «English for Jastar – АҚШ пен Еуразия мемлекеттерінен келген және ағылшын тілін тыңғылықты меңгерген қазақстандық студенттерді еліміздің өлке-өңірлеріне, аудан-ауылдарына жіберу арқылы мектеп оқушыларына ағылшын тілін қосымша оқытуға бағытталған жоба, – дейді.
Ендеше іске сәт, жас достар! Жоба сәтімен жүзеге ассын дейміз!

Бауыржан ФАЙЗУЛЛАҰЛЫ, Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*