ҚАРҚЫНДЫ ІС КӨП

337
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыс­тық филиалының кезекті XXІІ конференциясы өтті. Облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төра­ғалығымен өткен жиынға облыстың 11 ау­мақтық партия филиалының конферен­цияларында сайланған 166 делегаттың 150 қатысты. Олардың қатарында облыстық партия филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, БПҰ жетекшілері, партия ардагерлері мен белсенділері, облыстық басқарма мен департамент басшылары, ҮЕҰ өкілдері, «Жас Отан» Жастар қанаты және БАҚ өкілдері бар.

Жиынның күн тәртібінде ел Президенті­нің Қазақстан халқына арналған «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттері мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңе­сінің 2017-2018 жылдары атқарған жұмыс­тары туралы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақылау-тексеру комис­сиясының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстары мен комиссия құрамын сайлау туралы және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің құрамын сайлау туралы мәселелер ұсынылып қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев баяндама жасады. Ол алдымен Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыруда облыстық партия филиалы алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды. Сонымен қатар келер жылы құрылғанына 20 жыл болатын «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалының есепті мерзімде жүзеге асыр­ған жұмыстарын жан-жақты баяндады.
«Сыр өңірінде «Бірыңғай онлайн кітап­хана – Білім орталықтары» жобасы шең­берінде де атқарылған жұмыстар жетерлік. Қазір өңірдегі 209 мемлекеттік кітапхананың 129-ы интернет жүйесіне қосылса, оның 70 пайызын ауылдық кітапханалар. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана базасында оқырмандар, соның ішінде жастардың іскерлік кездесулер мен шеберлік сабақтарын өткізуге бағыт­тал­ған IT парк алаңы, коуоркинг орталығы мен Book кафе қарқынды жұмыс істеуде. ІТ техно­­ло­гияларды қолдану арқылы балалар­дың білім алуына қолжетімділікті арттыру бағы­тында өңірде 13 ІТ сынып жұмыс жа­сайды. Аталған сыныптарда нақты кезеңде 650 бала тегін білім алуда. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен Қызылорда қалалық қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығынан IT-IMAQORDA атты балаларға арналған технопарк ашылған» деді «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Ибадулла Құттықожаев сондай-ақ, «Мектептердегі футбол алаңдарын жаңғырту», «Мектеп асханалары», «Ден­саулық сабақтары» атты партиялық жоба­ларды жүзеге асыруға да қызылордалық нұротандықтар белсене кіріскенін де тілге тиек етті. «Бұл бағытта арнайы мектептерге жасалған тексерулер нәтиже беруде» деді ол.
– Мектеп футбол алаңдары тек сабақ барысында ғана емес, сабақтан тыс уақыт­та салауатты өмір салтын қалыптастыру орта­лығына айналуы тиіс. Ал мектеп асханалары мен буфеттері заман талабына сай жаб­дықталып, бекітілген стандарттар бойынша балаларды сапалы, дәмді тағаммен қамта­масыз етуі қажет. Бұл ба­ғытта облыстың бар­лық мектебіне бақылау жасалды. Нәти­жесінде, облыс мектеп­теріндегі 682 арнайы спорт алаңының 78-іне жөндеу жұмыста­рының қажеттілігі анықталды. Қазіргі таңда бұл спорт алаңдарын мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік жолымен жаңғырту қолға алынды» дей келе, аймақтық партия филиа­лы төрағасының бірінші орын­басары тұрғын­дардың өтініштерімен партия филиал­дарының қоғамдық қабылдауына келуі, партияға деген сенімділікпен қатар жауап­кершілік жүктейтінін де атап өтіп, жалпы есепті мерзімнің есебін де беріп өтті.
– Жыл басынан партия филиал­дарының қоғамдық қабылдауларына тұрғындардан 2804 өтініш түсіп, олардың 1016-ы оң шешілді. Бұл көрсеткіш 36,2 пайызды құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,2 пайызға артық орындалып отыр, – деді Ибадулла Құттықожаев.
Жалпы жиында күн тәртібіндегі бар­лық мәселелер түгел қаралды. Конферен­ция жұмысын облыстық партия филиа­лының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қорытындылап, партия филиалының алдағы атқарар міндеттерін айқындап берді.

Миуа БАЙНАЗАРОВА,Қызылорда облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*