БІЛІКТІ БАСШЫ БИІККЕ БАСТАЙДЫ

408
0
Бөлісу:

Елбасымыз білім беру ісін үнемі басты назарда ұстап, осы салаға ұдайы көңіл бөліп келеді. Мәселен кешегі «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында  аталған мәселеге арнайы тоқталып, бәсекеге қабілетті маман дайындаудың маңыздылығына назар аударды. Бұл ретте басты міндет ұстаздар қауымына жүктелетіні белгілі. Қабылданған реформалар мен жаңа бастамаларды жүзеге асырып, негізгі жұмысты атқаратын осы мұғалімдер екені сөзсіз. 

Мемлекет басшысының білім сала­сына қатысты басым бағыттарын іске асыруда көпке үлгі көрсетіп жүрген жандардың бірі – Ақылбай Қай­мол­динов. Өз ісін асқан білікті­лік­пен орындап жүрген ол бүгінде Батыс Қа­зақ­стан облысының Теректі ауда­нына қарасты Подстепный ауылындағы №1 орта мектептің директоры.
Ақылбай Асмақұлы – сапалы білім, саналы тәрбиесімен шәкірттерін биі­к­ке жетелеген, ел сенімін ақтаған ардақ­ты ұстаз. Ол осыдан 33 жыл бұрын, яғни 1985 жылы сол кездегі А.С.Пуш­кин атындағы Орал педагогикалық институтын география және биология мамандығы бойынша бітірген. Содан бері шәкірт тәрбиелеу ісінде табанды еңбек етіп келеді.
Басшымыз үнемі өзін өзі жетілдіріп, білімін заман талаптарына сай толық­тырып, бүкіл ұжымға үлгі-өнеге көрсе­тіп жүреді. Әсіресе оқушыларды өз бе­тінше жұмыс істеуге үйрету әдісте­ме­сін тереңнен қаузап, соның бары­сын­да әлемдік деңгейдегі озық тәжіри­белерді кеңінен қолдануы оның білік­тілігін айқын көрсетеді.
Кейіпкеріміздің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында түрлі кеңестерге, семинарларға, байқауларға тұрақты қатысып, тәжірибе алмасып тұра­ты­нын да ерекше атап өткен жөн. Ірі жиын­дарда отандық білім беру ісін жетілдіру, Елбасы тапсырмаларын орындауда белсенділік таныту сияқты өзекті мә­селелерді көтеріп, баяндама жасағаны да әріптестерін ынталан­дыратын әдіс.
Сондай-ақ білім берудің жаңа тех­нологиясын меңгеріп, тәсілдерін еркін игергені де таңдап алған тақырыптары мен шәкірттерінің жетістіктерінен анық байқалады. Оған сабақ барысында оқушылармен жұптық, топтық және жекелей жұмыс істеп, түрлі тәсілдерді қолдануы дәлел. Қазақстан білімін көркейту жөніндегі ойлары мен сол ба­ғыттағы еңбектері республикалық жур­налдарда жарық көруінің өзі басшымыздың Елбасы айтқан бәсекеге қабілетті маман екенін айғақтай түседі.
Сонымен қатар Ақылбай Асмақұ­лының оқушы білімін тексеруді іскер­лікпен жоспарлап, негізгі міндеттерге жауапкершілікпен қарайтынына да ерекше назар аударған жөн. Ол оқушы қызығушылығын арттыру мақсатында үнемі ізденіп, тынбай еңбек етеді. Білім беруде ұлттық дәстүрді, қазақ халқы­ның тарихы мен мәдениетін, туған жер­ге қатысты құндылықтарды ке­ңі­нен қолданып, ұлттық кодтың сақта­луы­на да зор үлесін қосып келеді. Ос­ын­дай ерен еңбектің нәтижесінде шә­кірт­тері үнемі аудандық, облыстық және республикалық пән олимпиа­далары мен ғылыми жобалар сайы­сында топ жарып, үздіктер қатарынан көрініп жүр.
Кез келген мектеп басшысының еңбегі оның басқарып отырған ұжы­мының беделімен бағаланатыны белгілі. Бұл ретте де директорымыздың ұйымдастырушылық қабілеті жоғары деңгейде деп айтуға толық негіз бар. Бар­лық оң нәтиже мамандардың білік­тілігіне байланысты болғандықтан, ұжымдағы әр ұстаздың кәсіби шеберлігі талапқа сай. Осылайша, Ақылбай Ас­мақұлы кәсіби шеберлігімен, шынайы болмысымен өркениетке бет бұрған елде бір ұжымның жауапкершілігін арқалап, көшін ілгері бастап келеді. Соның арқасында мектебіміз әлі талай биіктерден көрініп, түлектеріміздің асқар шыңдарды бағындыра беретініне сеніміміз мол.

Гүлсара МҰҚАНОВА,
№1 Подстепный мектебінің мұғалімі,
Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*