Көш көлікті болсын!

454
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының Республикалық қо­ғам­дық қабылдау бөлмесі және аймақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитеті және Астана мен Алматы қаласы, облыс, қала және көші-қон полициясының құрылымдық бөлімшелерін қатыстыра отырып, төртінші рет «Көш көлікті болсын!» республикалық акцияcы өтті.

Бейне-жиналыс түрінде өткен басқосуға «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев, «Асар» республикалық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан, Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Ырысбек Исаев және т.б. қатысты.
Акция кезінде «Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы» ко­декстің 517-бабының 4-бөлігіне сай, мамандандырылған аудан­аралық әкімшілік сотының ше­шімімен айыппұл төлеген соң бір жыл бойы Қазақстан тұрақты тіркеуге тұра алмай, Қазақстан Республикасынның азаматтығына құжат тапсыра алмай және визасын қалпына келтіре алмай жүрген оралмандар мен этникалық қа­зақтар мәселесін шешу жолдары қарастырылды.
Жиынды Арыстанғали Сан­сыз­баев кіріспе сөзімен ашып берді.
– Тәуелсіздік жылдары көшіп келген әрі бүгінгі күнге дейін құжатсыз жүрген азаматтарымыздың мәселесі толық шешілмей келеді. «Нұр Отан» партиясы осы мәселе бойынша келіп түскен өтініштерді Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне жолдап отыр. Биылғы 10 қарашада Сыртқы істер министрлігі ҚХР-дағы қазақ диас­порасының Қазақстан мен Қытай арасындағы достық көпірі ретінде салынатынын атап өтті. Сонымен бірге, этникалық қазақтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты мәселелер өзара сенім­ділік қағи­даттары негізінде және страте­гиялық әріптестіктің жоғары деңгейінде оң шешілетін болады деген уағдаластыққа қол жеткізілді» деген ақпарат таратылды. Демек, бұл мәселелер де реттеледі деген сенімдеміз, – деді ол.
Жиын кезінде сөз сөйлеген «Асар» республикалық бірлестігінің төрағасы Қайрат Бодаухан және Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Ырысбек Исаев азаматтық алу, куәлік беру, тіркеуге алу мәселелері бойынша бейнебайланыс арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, оралмандардың басындағы мәселелер алдағы уақытта оң шешім табатынын жеткізді.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*