Жетісай өнімдері жеті ай қысқа жеткілікті

532
0
Бөлісу:

Биыл түркістандық дихандар үшін қырманы мол өнімге толған берекелі жыл болды. Олай дейтініміз, егіншілікке жайлы оңтүстік өңірдің аудандарында ауылшаруашылық өнімдері мол жиналып жұртшылықты қауанышқа кенелтуде.

Басқаларын айтпағанда, жақында ғана сарыағаштық шаруалар 60 млрд теңгенің өнімін жинап, сүйіншілеген еді, енді жетісайлық ағайындар да қамбаларын 400 мың тоннадан астам бақша өнімдеріне толтырып, мәз-мейрам болып отыр. Бұл туралы Жетісай ауданында аталып өткен «Алтын күз-2018» іс-шарасы мен Жетісай қаласының күні мерекесін тойлау барысында белгілі болды.


Қалың қыс түспей өнімдерін ысырапсыз жинап үлгерген аудан халқының қуанышына көзайым болған қос мерекеге облыс басшысы Жансейіт Түймебаев қатысты. Түрлі қызықты шаралар ұйымдастырылған тойда облыс әкімі жемістер перамидасын тамашалап, сүт, нан өнімдері және ауылдық округтердің ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Айталық, «Алтын күз – 2018» мерекесі барысында «Бұқа», «Ләңгі», «Айыр ағашпен дәлдеу», «Көңілді старт» сынды спорттық сайыстар ұйымдастырылып, қонақтар бауырсақтан жасалған пирамидадан дәм татты.
«Жетісайлықтардың биылғы тойы жылдағыдан ерекше. Түркістан облысы, оның ішінде Жетісай ауданы негізінен ауылшаруашылық бағытындағы салалардың барлығын қатар алып келе жатқан, соның арқасында дамып, тіршілігінің берекесін келтіріп отырған аймақ. Сондықтан аграрлық сектордағы жетістіктерімізді барша облыс еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп бағалаймыз. Ауданның табиғаты бақша өнімдерін дамытуға өте қолайлы. Жалпы биыл Жетісай ауданында 839 гектарға қырыққабат егілсе, одан 30701,2 тонна өнім алынған. Оның 80 пайызы шетелге экспортталған», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Айта кету керек, Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 78 мың гектарды құраса, соның биыл 48 262 гектарына ақ алтын дәні себілген. Жалпы аудан тауарөндірушілері осы жылы мақтаның әр гектарынан 25,2 центнерден өнім жинап, облыста ең жоғары көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.
Мерекені тойлау барысында белгілі болғаны, ауданда осы жылы 15019,2 гектарға бақша өнімдері егілген . Алынған өнімнің жалпы көлемі 426159 тоннаға жетті. Оның ішінде, 8621,7 гектарға қауын, 6397 гектарға қарбыз егіліп, 30 пайызы шетелге экспортталған. Бұдан бөлек, Жетісай өлкесінде майлы дақылдар, көкөністер толығымен жиналып алынды.

Тельман БЕЙСЕНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*