Герта МЮЛЛЕР: Проза – жанайқайымды жеткізетін жалғыз құрал

303
0
Бөлісу:

Герта Мюллер – өз ана тілін ішкі түйсігімен асқан шеберлікпен сезінетін әрі буындар сиқырын игерген неміс қаламгерлерінің бірі. Румынияда дүние есігін ашқан жазушы өзінің тарихи отаны Германияға 1987 жылы ғана көшіп келеді. Оның отбасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағына «мемлекетті қалпына келтіру» бойынша ауыр жұмысқа жіберілген Румыниядағы неміс халқының аз тобына жататын. Жазушының әдебиет әлеміне келуінің өзі осыдан бастау алса керек. Румыниядағы неміс халқының тағдыры – оның шығармаларының өзегіне айналып, қоғамдық талқыға да түсті. Өз шығармаларында румындық немістердің хал-жағдайын дәлдікпен сипаттап, полицияның ізіне түскеніне, неміс халқының екінші сортты, әлжуаз халық ретінде қабылданғанына баса мән берді.
Алғашқы «Ойықтар» шығармасына қалам тербеген тақырып кейінгі «Адам – әлемнің үлкен қырғауылы», «Жүректі аң», «Жалаң аяқ ақпан» сияқты шығармаларында жалғасын табады. Оның шығармалары әлемнің 20 тіліне, соның ішінде испан, қытай, түрік тілдеріне аударылды. Әдеби сыншылар Мюллерді жантүршігерлік дүниені көркем тілмен жеткізе білген жазушы ретінде жоғары бағалайды. Ол өзінің әрбір шығармасындағы басты кейіпкерлерінің басынан өткен дүниені сараптап, шынайы автобиографиялық фактілерді әдемі қаламгерлік иірімдерімен толықтырып отырады. Сыншылар оның өз ойын әсем өлең түрінде жеткізу қабілетіне тәнті екенін жасырмайды. Ол – неміс тілі және поэзиясы академиясының мүшесі, Дублин әдеби сыйлығының, Франц Кафка атындағы австриялық сыйлықтың және көптеген Еуропалық сыйлықтардың иегері. Түрлі әдеби эффектілерді, көркем оралымдарды орынды қолдана білген жазушы 2009 жылы Нобель сыйлығының иегері атанды. Нобель комитеті оның еңбектерін «Румыниядағы диктатура кезеңіндегі өмір дерегі» деп жоғары бағасын берді. Герта Мюллердің The New York Times басылымына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Жұмыс күні біткен соң қандай кітаптарды оқығанды ұнатасыз?
– Израиль жазушысы, публицист Давид Гроссманның «Жылқы барға кіргенде» (A Horse Walks Into a Bar) атты мұңға толы автопортреті ұнайды. Бір қарағанда, кітаптағы негізгі ойы – жеңіл-желпі әрі ойға қонымсыз көрінсе де, автордың биографиялық толғанысы жан дүниемді тербетті. Екінші көңілім­нен шыққан кітап – Петер Эстерхазидің «Қарапайым оқиға үтір жүз бет – Марк үлгісінде» (Simple Story Comma One Hundred Pages — The Mark Version). Өкі­нішке орай, бұл кітап туралы толық ой-тұ­жырым жасау қиын. Мұнда 1945 жылдан кейін «халық жауы» атанған Вен­гриядағы қарапайым отбасы өмірі сурет­теледі. Олар қаладан ауылға жер ауда­рады. Бір бөл­мелі үйде өз тіршілігін жасай­ды. Бар­лық оқиға мылқау болып көрін­гісі келген баланың атынан баянда­лады. Оқиғадағы барлық жайтты, сезімді өз басымнан өткізгендей күй кешемін.
Соңғы оқыған мағыналы кітабыңыз?
– Жазушы Ляо Иудың «Бір ән және жүздеген ән үшін» (For a Song and a Hun­dred Songs) шығармасының алар орны ерекше. 1989 жылы жазушы Қытайдың Тянь­аньмэнь алаңындағы әскери қанды қырғынның құрбандары жайында «Қыр­ғын» (Massacre) атты поэмасын жарыққа шығарды. Бұл қаламгердің жаппай орын алған адам өліміне деген жауабы еді. Кітап шыққан соң Ляо Иу 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Қытайда оның көптеген шығармаларына тыйым салынған. Ол түрмеде өмір бойы бас бос­тан­дығынан айырылған жандар­мен бір камерада отырды. Абақтыда көр­ген азабын, жанындағылардың соңғы өсиет­хаттарын жазып алған жазушы өз еңбек­терінде Қытай диктатурасының жауыз­дығын еш боямасыз сипаттайды. Оның кітаптарынан деректі прозаға тән анық­тық, дәлдікті аңғаруға болады. Де­ректі болғанымен қоса қаламгер тілінің поэти­калық боямалары мені тәнті етті.
– Сізді таңдандырған бүгінгі романист-жазушы, драматург, сыншы, журналист, ақындардан кімді ерекше атар едіңіз?
– Антониу Лобо Антунес деген португал жазушысы мен «Ақ Король» (The White King) шығармасын жазған жас венгр жазушысы Дьери Драгоман.
– Ал румын жазушыларынан жүре­гіңізге жақыны кім?
– Екінші дүниежүзілік соғыс алдында Парижде өмір сүрген сюрреалист жазушы­лар­дың соңғы буыны саналған Геллу Наумды ерекше атап өтер едім. Ол ұзақ жылдар бойы Румынияда ешқандай шы­ғармасын жариялай алмады. Сондық­тан оның туындыларын тіпті Германияда білетіндер де бірен-саран. Сол сияқты румындық еврей Месье Блехер есімі көп­шілікке таныс емес. Ол 1938 жылы жас­тай туберкулездан көз жұмды. Оның ең әдемі романы «Тікелей фантастикаға саяхат» (Adventures in Immediate Irreality) деп аталады. Мұнда ол румын провин­ция­­сында өмір сүрген уайымшыл бозба­ланың басынан өткізген оқиғасын баян­дайды. Өз ғұмырынан жалыққан бала өмірінің мәнін іздеумен өтеді. Ол экзис­тенциа­лис­тердің көрнекті өкілі болды. Өкініштісі, қазіргі оқырман оның есімін ұмытты.
Шетелдік оқырмандарға Румыния туралы қандай кітапты оқуға кеңес берер едіңіз?
– Жаңа айтып өткен Месье Блехердің кітабынан көп нәрсе алуға болады деп айта аламын.
– Жан дүниеңізді баурап алатын әдеби шығарма қандай болуы керек?
– Сөйлемдердің көркемдігі – шы­­ғарма кілті. Кітапты алғаш қолға алып, парақтаған сәттен бастап бос сөз бен үйреншікті метафораларды кезіктірсем, ешқашан оқиғаға кіре алмаймын. Әрбір сөз, сөйлем құрылымы көркем болса ғана, сол туындыға байланатыным анық.
– Сіздің үйдегі кітапханаңыз қызықты да айтары мол кітаптарға толы екені көрініп тұр. Кітапханаңызды белгілі жүйемен жинайсыз ба?
– Шындығында, мен үшін кез келген нәрсені жүйелеу, реттеу қиынға соғады. Шығармашылық адамы үшін бәрін рет­теу, орын-орнымен қою тән емес екені бел­гілі. Бұның бір кері әсері, үйде бар кіта­­бымды қайта сатып алған жағдайлар болды.
– Бала күніңізде қандай оқырман болдыңыз? Қандай балалар жазушылары мен шығармалары ұнайтын?
– Ең қызығы, біздің үйде ешқандай кітаптар болмады. Тіпті балаларға арнал­ған ертегілер мен хикаялар да болған жоқ. Үйімізге ең алғаш келген туын­дылар діни бағыттағы фантастика­лық кітаптар еді. Осындай шығармалар­мен сусындап өскен мен бәрін тікелей тү­сінетінмін. Құдай бәрін көріп тұр, ме­нің әрбір қи­мылымды бақылап отыр деп ойлайтын­мын. О дүниеге аттанған жандар­дың бейнесін аспандағы бұлт­тардан іздеген кездерім болды. Жел соғып, дауыл орын алып, жаңбыр жау­ған­да, сол аспандағы адамдар үшін қатты алаңдайтынмын. Содан құдай оларды осылай жазалап жатыр деп түсінетінмін.
– Бүгінгі Герта Мюллерді қалыптас­тырған кітап қандай?
– Ешқандай кітапты нақты атай ал­маймын. Десе де Ойген Когонның «СС мемлекеті» мен Виктор Клемперердің «Үшінші Рейх тілі» атты шығармалары өзім тұрған елді тануыма көмектесті. Фашис­тер­дің тілді дұрыс қолданбауы туралы оқи отыра, Чаушеску диктатура­сының қан­шалықты тілі жұтаң еткенін ұғындым.
Аяқсыз қалған шығармаларыңыз бар ма?
– Өкінішке орай, 20-30 бетін жазып, кейінге қалдырған шығармаларым жетерлік.
Кітаптарыңыздың ішінен қайсысы­ның орны бөлек?
– Менің ең алғашқы «Ойықтар» (Na­dirs) атты кітабымның орны бөлек. Оның әдеби құндылығы хақында ой қозғауды өзгелерге қалдырайын. Кіта­бымның 1984 жылы Берлинде жарық көруі мен үшін үлкен қорғаныс болды. Неміс қоғам­дастығының Румыниядағы өмірін сипаттаған шығарма Германияда ой-талқы тудырып, бірнеше әдеби сыйлыққа да ие болды. Басымыздан өткен күнді еш әсірелеусіз жазғаным үшін Румыния полициясы соңымнан қалмады. Проза – менің жанайқайымды жеткізуші жалғыз құрал еді. Алайда кітабым Германияда танымал болып, ел назарын өзіне аударған соң Румынияда бізге деген көзқарас та түзеле бастады. Біз өзімізді оқшауланған топ ретінде сезінбейтін болдық. Ал өміріме үлкен қауіп төнген күнделікті тергеу кезінде бұл аса маңызды болды.

Ағылшын тілінен аударған
Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*