ЖАС СӘУЛЕТШІЛЕРГЕ ЖОЛ АШЫЛАДЫ

358
0
Бөлісу:

Алматыда «Сәулет, құрылыс және дизайн тәрбиесі: персоналды оқытудағы заманауи тенденциялар мен технологиялар» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті. Мойнына үлкен міндет жүктеген ауқымды шараны Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы ұйымдастырды.

Конференция аясында Білім және ғылым министрлігінің Рес­пуб­­ликалық оқу-әдістемелік бір­лес­­тігінің де отырысы өтті. Біраз уа­қыт бұрын еліміздің 33 жоғары оқу орны бәйгеге қосылған айтулы бай­қау басталған болатын. Осы жол­ғы басқосуда сол байқаудың үздік жұмыстары таныстырылып, «Сәу­лет», «Дизайн», «Құрылыс», «Ағаш өңдеу және ағаштан жасалған бұ­йымдар технологиясы» маман­дық­тары бойынша 194 диплом ұсы­нылды. Аталған байқау жеңім­паз­дары 16-17 қараша күндері Молдава астанасы Кишиневте өтетін Еура­зия сәулет және дизайн мектебінің VIII Халықаралық фестиваліне қа­тысады. Бұл халықаралық жобаны да Қазақ бас сәулет-құрылыс ака­демиясы Молдаваның техникалық университетімен бірлесіп жүзеге асыруда. Сонымен қатар түркиялық Түркі әлемінің сәулетшілері мен инженерлер одағы да атсалысады.
2009 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл фестивальдің мақ­са­ты – студенттердің кәсіптік бағдарын­да­ғы университеттердің рөлін кү­шейту, еңбек нарығындағы сұраныс­қа ие мамандарды даярлау және келешегі бар түлектерді ынта­лан­дыру. Халықаралық маман­дар­дан жасақталған қазылар алқасы қатысушылардың еңбегін саралап, сәулет, құрылыс және дизайн са­ла­сындағы болашақ үздік мамандарды анықтамақ. Фестиваль – шетелдегі қазақстандық университет ұйым­дастырған алғашқы халықаралық шара. Бүгінде бұл игі шара универ­ситеттердің халықаралық интегра­циясына, түрлі ел жастарының дос­тығын дамытуға бағытталған жаңа дәстүрге айналды. Бұған дейінгі фестиваль тізбегі біздің елден бөлек Түркия, Қырғызстан, Италия, Кипр, Ресейде өткен болатын.
– Заманауи талаптарға байла­ныс­ты және Үкіметіміз қабылдаған цифрландыру бағдарламасы бо­йын­ша қазір жаңадан оқу бағдарла­маларын қабылдап жатырмыз. Соған орай мамандарды жаңа ба­ғытта даярлау жоспары қарасты­ры­лып, соны жүзеге асырудың қамын жасаудамыз. Бар мақсатымыз – сапалы қазақстандық кадрлер даяр­лап шығару. Бірлестік жұмысы да, мына байқау да – сол мақсатымызға үлкен септігін тигізетін қажетті шара. Жылына бір рет түлектердің дипломдық жұмыстарының кон­кур­сы ұйымдастырылып, соның қо­рытындысы бойынша үздік жо­ба­лар халықаралық сайысқа жол­дама алады. Кишиневке жол­дама же­ңіп алған студенттер біздің үмі­тімізді ақтайды деп сенеміз. Қа­зіргі таңда 22 оқу орнының жоба­лары халықаралық байқауға жібе­ріл­ді. Бізден басқа 16 елден 56 жоба бай­қауда бақ сынайды, – дейді Қазақ бас сәулет-құрылыс акаде­мия­­сының профессоры Ерік Бесімбаев.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*