АГРАРЛЫҚ САЛА – БАСТЫ НАЗАРДА

327
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Ақмол ауылына арнайы барып, жер­гілікті ауыл шаруашылығы қызметкер­лерімен кездесті. Оларды кәсіби мереке­лерімен құт­тықтап, осы салада табысты жұмыс істеп тұрған «Шаңырақ» серіктес­ті­гінің жұмысы­мен танысты.

Жалпы, ауыл шаруашылығының ел экономикасында алар орны ерекше. Сол себепті де Елбасы бұл саланы ұдайы басты назарда ұстап, оның жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келеді. «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын» арттыру атты Жолдауында да Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кеше­нінің әлеуетін толық іске асыруды ал­дымызға міндет етіп қойды. Соның ішінде еңбек өнімділігін және қайта өнделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейтуді және алдағы үш жыл ішінде аталған саланы дамытуға жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды тапсырды. Осы мақ­саттардың нәтижелі жүзеге асырылуына «Нұр Отан» партиясы да тікелей мүдделі.
Ақмол ауылына арнайы барған Мәулен Әшімбаев «Шаңырақ» басқару­шы ком­паниясына қарасты жұмыртқа қорабын дайындайтын цехтің, құс етін өндіретін зауыттың және шұжық шы­ғаратын кәсіп­орынның жұмысымен танысты. Бұл өндіріс ошақтарының бар­лығы да заман талапта­рына сай жаңа, цифрлы технологиялармен жабдықта­лып, табиғи таза, сапалы өнім шығарып отыр. Кәсіпорынның өнімдері Астана қаласы және Ақмола облысымен бірге Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыс­тары мен Алматы, Шымкент қалаларына жет­кізіледі. Тіпті Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Ауғанстан және алыс-жақын ше­телдерге де экспорталатынын атап өткен жөн.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары кәсіпорын қыз­мет­керлерімен кездесіп, оларды ауыл шаруа­шылығы қызметкерлері күнімен құттық­тады. Сондай-ақ ол Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты басымдықтардың маңызына тоқталып өтті.
– Бүгінде Елбасының бастамасымен ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында да осы салаға цифрлы технологияларды енгізіп, білікті мамандар тартуды және қомақты қаржы бөлуді тапсырды. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, экономикамыздың да­муындағы негізгі сала ретінде қалып­тасуына мол мүмкіндік береді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Елбасының Қазақ­станның әлемге тек шикізаттар мен минералды ресурстар экспорттайтын ел ретінде ғана емес, сапалы, табиғи таза, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін де шығаратын мемлекет ретінде де та­нылуын қамтамасыз етуді алдымызға мақсат етіп қойғанын айтып, мұндай қадамның бізді бәсекеге қабілетті, дамыған 30 елдің қатарына бастайтынын тілге тиек етті.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары осындай игі істерді жүзеге асыруда партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары да белсенді жұмыс істеу керектігін жеткізді.
– Елбасының сенімді тірегі және еліміздің жетекші саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы ауыл шаруашы­лығын қолдауға бағытталған барлық бас­таманы жүзеге асыруға атсалысып, осы саладағы жұмыстарды қоғамдық бақы­лауға алады. Осылайша, нұротан­дықтар Президенті­міз­дің барлық стратегиялық бағдарламасын орындауға өз үлесін қосады, – деді Мәулен Әшімбаев.
«Шаңырақ» серіктестігі – тауық еті, шұжық және жұмыртқа өндірісі бойынша еліміздегі алдыңғы қатарлы өндіріс ошақ­тарының бірі. Кәсіпорын бас­шы­сының орынбасары Денис Плуж­никтің айтуынша, мекеме Астана қала­сын құс еті өнімдерімен қамтуда маңыз­ды рөл атқарып отыр. Тіпті елордамыздағы құс етінен тағам дайындай­тын әлемге әйгілі асхананың өзі осы «Шаңы­рақтың» өнімдерін тұтынады екен. Сондай-ақ кәсіпорын басшысы мекеменің «Нұр Отан» партиясымен тығыз байланыс орнатқанын да атап өтті.
– Компанияда бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. Барлық партиялық іс-шараларға белсене қатысып тұрамыз. Биыл партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобаларды жүзеге асыруға да өз үлесімізді қостық. Соның нәтижесінде, ауылымызда ІТ сынып ашылып, жергілікті балалардың заманауи мамандықтарды игеруіне мүмкіндік туды, – дейді Денис Плужник.
Сапар соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев компанияның белсенді қыз­меткерлеріне партия атынан алғыс білдіріп, арнайы марапаттады.

Денис ПЛУЖНИК,
«Шаңырақ» басқарушы компаниясы бас директорының орынбасары:


– Елбасы Жолдауда ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөліп, Үкіметке агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыруды тапсырды. Тіпті алдағы уақытта осы мақсатқа жыл сайын қосымша кемінде 100 миллиард теңге қарастыруды да міндеттеді.
Бұл – біз сияқты ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлерге көрсетілген үлкен қолдау. Сондықтан сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға міндеттіміз. Қазіргі таңда біздің кәсіпорында ол үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, жаңа технологиялар кеңінен егізіліп, соның нәтижесінде дайын өнімнің бағасын арзандатуға қол жеткіздік. Мұндай жетістіктің қарапайым халық үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Бүгінде «Шаңырақ» – басқарушы компаниясы 13 кәсіпорынның басын қосып отырған ірі серіктестік. Тауық еті мен жұмыртқасынан бөлек, жұмыртқа қораптарын шығарамыз. Бүгінде жылына 30 млн дана қорап дайындаймыз. Осылайша, өзімізбен қатар жұмыртқа өндірісімен айналысатын еліміздегі бірқатар кәсіпорынның да сұранысын қамтамасыз етіп отырмыз. Шұжық дайындау ісін де жаңа деңгейге көтеріп, ауа тамшылары арқылы салқындатылған өнім өндіру технологиясын енгіздік. Мінеки, біздің осындай жетістіктеріміздің барлығы – мемлекеттің тұрақты қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да осы бағыттан таймай, ел мүддесі үшін еселі еңбек ете береміз.

Ғалым ҚҰЛМӘМЕТОВ,
«Шаңырақ» ЖШС-ның мал дәрігері:


– Ата-бабамыз ежелден мал бағып, ауыл шаруашылығымен күн көрген. Сондықтан бұл сала қазаққа жат емес. Қазіргі ғылыми жетістіктер мен инновацияның арқасында ауыл шаруашылығында бұрынғыдай ауыр жұмыс та жоқ. Мәселен, біздің кәсіпорында негізгі жұмыс жаңа технологиялар арқылы істеледі. Сондықтан осы саланы қиынсынып, жеңіл жұмыс іздейтін замандастарыма бұрынғы ауыл шаруашылығы мен бүгінгісінің арасында көптеген айырмашылық бар деп айтқым келеді. Өзім осы салада жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдың жүзі болды. Өзіме кәсібім ұнайды. Жағдайы да көңілге қонымды. Ең бастысы, уақыт өткен сайын жұмыс сапасы жаңа деңгейге көтеріліп, жағдайымыз жақсарып келеді. Бұл – әрине мемлекеттің ауылға, ауыл шаруа­шы­лығына бағытталған бастамаларының нақты жемісі. Қазір тек ауыл шаруашылығының өзіне арналған бірқатар бағдарламалар бар. Тек соны ұтымды пайдалана білуіміз керек. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы қызметкерлері үшін арнайы күнді белгілеп, кәсіби мерекемізді атап өтуге мүмкіндік берілуінің өзі біз үшін зор қуаныш. Осындай қуанышы­мызды бөлісіп, арнайы құттықтап келген «Нұр Отан» партиясының басшылығына алғысымыз шексіз.

Светлана КУЗИЧЕВА,
«Шаңырақ» ЖШС-ның цех басшысы:


– Ауыл шаруашылығы кез келген халық үшін өмір сүрудің қайнар көзі болып саналады. Себебі, біздің азық-түлігіміздің барлығы дерлік мал және егін шаруашылығынан алынады. Сондықтан бұл саланың еліміз үшін маңызы зор. Осы саланың қызметкері ретінде біз бұл жауапкершілікті сезінеміз. Оның үстіне, елордамызды азық-түлікпен қамтамасыз етуге тікелей қатыса­тынымызды мақтан тұтамыз. Ең бастысы, біз табиғи таза, сапалы және дәмді тауық етін өндіреміз. Осы ретте біздің осылай жоғары деңгейде жұмыс істеуімізге мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың да үлкен септігі тиіп отырғанын атап өткен жөн. Бүгінде Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамыту үшін көптеген игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде, біздің кәсіпорын жаңа технологиялармен жабдықталып, жұмыс істеу айтарлықтай жеңілдеді. Келешекте Қазақстанда ауыл шаруашылығы бұдан да жақсарып, әлемдік деңгейге көтерілетініне сенемін.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*