Миллиардтар мәселесін пысықтады

364
0
Бөлісу:

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасының қаражатын тиімді пайдалану – «Нұр Отан» партиясы фракциясының ұдайы бақылауында. Мәжілісте «Нұр Отан» фракциясы жанындағы «Индустриалдық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау» бағыты бойынша комиссия отырысы өтті.

Комиссия бағдарламаның аталған бағыттарына бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаржылардың мақсатты жеріне әрі тиімді жұмсалуын бақылауда ұстайды. Жиынды комиссия басшысы, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясы жетекшісінің орынбасары Н.Сабильянов жүргізді.
Отырыста комиссия мүшелері «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында индустриалдық, энергетикалық инфрақұрылым жоба­ларын іске асырудың барысын талқыға салды. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъек­тілерін қолдауға бағытталған бюджет пен Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану бойынша мәселелерді қарап, 2017 жыл мен 2018 жылдың 9 айының қорытындысын шығарды.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы хол­дингінің басқарушы директоры Е.Хамитов пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның Даму жөніндегі депар­та­ментінің директоры Е.Тұтқышев мем­ле­кеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы жөнінде баяндама жасады.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдин­гінің басқарушы директоры Ерсайын Хамитовтің мәліметінше, ірі кәсіпкерлік нысандарын қолдау үшін 2014-2015 жылдар аралығында «Қазақстанның даму банкіне» жалпы сомасы 100 миллиард теңге заемдық қаражаттар берілген екен. Бұл қаражат екінші деңгейдегі 12 банкте орналастырылыпты.
– Қаржыларды бастапқы игеру то­лығымен аяқталды. Қайталама орналас­тыруды есепке алғанда, бүгінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы сомасы 121 миллиард теңгені құрайтын 83 жоба қаржылан­ды­рылды. Соның ішінде былтырғы 2017 жы­лы қаржыландыру көлемі 9,68 мил­ли­ард теңге, ал, 2018 жылдың 9 айында 8,28 миллиард теңге болды. Өңдеу өнер­кәсі­бінде 3 жаңа жоба қаржыландырылды, бұлар – RG Brands Kazakhstan ЖШС, «Радуга» ЖШС, «Стандарт Цемент» ЖШС, – деді Е.Хамитов.
Нәтижесінде, «Нұрлы жол» бағдарла­масының кәсіпкерлікті қолдау бағыты жүзеге асырыла басталғалы бері қолдау көрген қарыз алушылар 1 931 жаңа жұмыс орындарын ашыпты. Олар 3,4 триллион теңгеден астам сомаға өнім өткізген.
Бюджетке 346,8 миллиард теңге салық (2018 жылғы 9 айда 13,2 миллиард теңге кор­поративтік табыс салығын және 3,9 мил­лиард теңге жеке табыс салығын) төлеген.
Бағдарламаның отандық машина жа­сауды дамыту бағыты бойынша «Қазақ­станның даму банкіне» 2015 жылы Ұлттық қордан 35 миллиард теңге, ал 2016 жылы БЖЗҚ қаражаттарынан 17,5 миллиард теңге бөлінген болатын. ҰҚ қаражатының 26 миллиарды қазақстандықтардың отан­дық көлікті алуын несиелендіруге, 4 мил­лиарды көліктер мен арнайы техни­каны лизингке алуды жеңілдікті несие­лен­ді­руге, 5 миллиарды жолаушылар вагон­да­­рын алуды қолдауға арна тартқан. БЖЗҚ-ның 17,5 миллиард теңгесі жүк ва­гон­дарын сатып алуды қолдауға жіберіліпті.
«Қазіргі кезде бұл қаражаттардың бар­лығы толық көлемде игерілді. Авто­кредит­теу және лизинг бойынша қайталама игеру басталды. Бағдарламаның осы бағыты қолға алынған кезден бері, заем алған жеке тұлғалар елімізде («Азия Авто», «Сары­арқаавтоөнеркәсіп», «Агромашхолдинг») құрастырылған 11 мың жеңіл автокөлікті сатып алды. Қазақстанда өндірілген («СемАЗ», «Камаз-Инжиниринг», «Сары­арқаавтоөнеркәсіп», Hyundai Trans Auto) 625 бірлік техника лизингтік қаржы­лан­дырылды. 1 108 вагон-платформа да ли­зингке алынды», – дейді «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаттары – комиссия мүшелері «Нұрлы жол» бағдар­ламасы аясында жеңілдетілген кредит ал­ған кәсіпкерлік субъектілердің қара­жатты тиімді жұмсауы, кәсіпкерлік субъек­тілерінің бюджетке салық төлемеуі, бюджеттік қаржының пайдаланылуына тиімді мониторинг жүргізу мәселелерін тілге тиек етті.
Сондай-ақ Атырау облысындағы «Ұлттық индустриалдық нефтехимиялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылым объектілерін салу» жобасын жүзеге асыруға бағытталған бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану, АЭА аумағын кәсіпкерлік субъектілері­мен – қатысушылармен толықтыру және басқа да мәселелерді көтерді.
Комиссия отырысына нұротандық де­путаттар, «Бәйтерек» холдингінің, «Сам­­ұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қо­рының өкілдері, сонымен бірге, «Қазақ­стан­ның даму банкі» АҚ басқарушы дирек­торы С.Кенжебаева, «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» АҚ басқарушы ди­ректоры М.Рымжанов, Karabatan Utility Solutions ЖШС басқарма төрағасының орынбаса­ры М.Уәли, KTZ Express АҚ бас директо­рының бизнесті дамыту жөніндегі орын­басары, «Қорғас – Шығыс қақпасы» бас­қарушы компаниясы» АҚ-ның бас директоры М.Баймұханбетов, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша уәкілетті органдар мен квази­мем­лекеттік сектор субъектілеріне бағыт­талатын тиісті ұсыныстар қабылданды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*