ҚАЙСАР РУХ ПЕН ІЗГІЛІКТІҢ ЕРЕН ҮЛГІСІ

161
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Жан шуақ» қоғамдық жүлдесін тапсыру салтанаты болып өтті. Оған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері және белсенді азаматтар қатысты. Іс-шара партияның 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында өткізіліп отыр.

«Жан Шуақ» сыйлығы 2008 жылы «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы және бірінші президенті Иран Омарбековтің бастамасымен тағайындалған арнайы жүлде. Содан бері тағдыр сынына тап болса да, төзімділігімен талайға үлгі болып, әр салада белсенділі­гімен танылған азаматтарға беріліп келеді. Тіпті осынау 10 жылдың ішінде еліміздің әр өңіріндегі мүмкіндігі шектеулі 60 аза­мат аталған жүлдемен марапатталып, шат­тыққа бөленді. Сондай-ақ сыйлық ерекше қажеттілігі бар адамдардың өмір сүру сапа­сын жақсартуға ықпал еткен тұлғаларға да беріледі. Содан бері бұл тың бастама пар­тияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Барша қатысушылар мен сыйлық иегерлерін құттықтаған «Нұр Отан» пар­тиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай іс-шаралардың табандылық пен төзімділіктің, қажырлық пен қайсар рухтың, мейірімділік пен ізгіліктің жарқын көрінісі екенін айтты. Сонымен бірге, ол соңғы айларда «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту мақсатында көптеген игі істерді қолға алып, нақты жобалар мен тың бастамаларға басымдық беріп отыр­ғанын жеткізді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету – Елбасы айқындап берген басым­дықтарымыздың бірі. Осы бағытта соңғы жылдары «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келеміз. Биыл партия Төрағасының тапсырмасымен партия қызметін жаңғырту аясында аталған жобаны жандандырып, жаңаша жүзеге асыруды қолға алдық. Соның аясында мүмкіндігі шектеулі жандардың инклю­зивті білім алуларына ықпал ету, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету, қоғамдық жерлерде кедергісіз орта қалыптастыру және олардың қоғамдық-саяси, әлеу­меттік-мәдени және спорттық шараларға қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты жұмыстарды бастап кеттік. Алдағы уақытта осы басымдықтар бойынша одан ары белсенді жұмыс істейміз. Сол жолда үкіметтік емес ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен күш біріктіруге дайын­быз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай жобалар айналасына ізгіліктің шуағын шашып жүретін жандарға көрсетілетін қолдау еке­нін, бұл бағытта партия өз жұмысын одан ары жетілдіре түсетінін тілге тиек етті.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету дегеніміз қайырымдылық емес. Ол – азаматтарымыздың консти­туция­лық құқығы мен мүдделерінің заңды түрде қорғалуын қамтамасыз ету. Бұл елдің даму деңгейін анықтауға тікелей әсер ететін жайт. Сондықтан бұл бағытта Қазақстанда Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүйелі жұмыстар жүр­гізілуде. Мемлекет басшысы өзінің жаңа Жолдауында да мүмкіндігі шектеулі жан­дар үшін «кедергісіз орта» қалыптастыруды тапсырды. Сондықтан аталған жұмыс­тардың өзектілігі арта түседі деп
сене­міз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан мүгедектер конфе­дера­циясының президенті Жанат Омарбекова бұл іс-шараның басты мақ­саты әрбір қазақстандықтың назарын осы мәселеге аударып, адам құқықтары­ның сақталуын қамтамасыз ету екенін жеткізді.
– Біз он бір жылдың ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Бірақ оған тоқмейілсімей, бұдан да биік белестерге ұмтылуымыз керек. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта ретінде қалыптасып, барлық азаматқа тең жағдай жасалуы тиіс. Елбасы алдымызға осындай міндет қойып отыр. Сондықтан сол мақсатқа қол жеткізу үшін белсенді жұмыс істеуіміз керек, – деді Жанат Омарбекова.
Сондай-ақ жүлде иегерлерін Пар­ламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен, Парламент Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев, Жәмилә Нұрманбетова және Меруерт Қазбекова арнайы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Дәстүр бойынша «Жан Шуақ» сыйлы­ғының лауреаттары 7 аталым бойынша берілді. Атап айтқанда, «Орындаушылық өнер» аталымы бойынша «Жан шуақ» жүлдесіне республикалық және халықа­ралық ән байқауларында топ жарып жүрген әнші Алтыншаш Мұқатаева лайық деп танылды. Сондай-ақ «Арбада отырып билеу» аталымында – аталған спорт түрінен Қазақстан кубогының иегері, халықаралық сайыстардың жеңімпазы Айдана Нұртазина, «Қоғамдық қызмет» аталымында – «Жандану» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев, «Қолданбалы өнер» аталымында – ағаш шебері, түрлі балалар ойыншығының авторы Надир Ярмагамбетов, «Аспаппен орындау» аталымында – саусақтарынан айырылса да саксафонды серік еткен әлем­дегі жалғыз музыкант Илья Цибульс­кий, «Спорт саласындағы жетістіктері үшін» аталымында – нашар көретін және мүлдем көрмейтін жандарға арналған «Шекарасыз спорт» әлеуметтік жобасы­ның жетекшісі Бақтияр Базарбеков және «Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға қосқан үлесі үшін» аталымында «Қазақстан Республи­касындағы Тель-Авив университетінің достары» заңды тұлғалар бірлестігі «Жан шуақ» сыйлығын алды.
Одан бөлек, белсенділігімен көзге түскен бірқатар мүмкіндігі шектеулі жан­дар партияның алғысхатымен мара­патталып, құрметке бөленді. Сөз соңында іс-шара аясында қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтіп, онда еліміздің әр өңірін­дегі мүмкіндігі шектеулі жандардың қо­лынан шыққан түрлі тұрмыстық дүние­лер көпшіліктің назарына ұсынылғанын да атап өткен жөн.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*