Тағы да атқа қондық

172
0
Бөлісу:

Бекболат ТІЛЕУХАН,
Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше оқиға. Желмен жарысқан жүйрікті қолға үйретуімен ата-бабаларымыздың адамзат өркениетіне үлес қосқаны белгілі. «Ер қанаты – ат» деп білген алаш баласы әр сөзінің астарын атпен сабақтайды. Айтар ойын атпен байланыстыра бейнелейді.

Жылқы мінезді жұрттың адам ұғлының мінезін, өмірінің әрбір белесін, тұлғаның қалыптасу ке­зеңдерін жылқымен қатыстыра су­реттеуі – бұл құбылыстың дү­ние­­танымымызға қаншалықты сі­ңісті болғанына дәлел. «Сөзі жоғал­ған жұрттың өзі де жоға­лады» деген Ахмет Байтұрсынұлы. Яғни сөзінің мәніне бойлаған ел өз болмысын танымақ. Атты әспеттеу – болмысыңды зерделеу. Сонысымен де осы мақаланың меңзері алыс, мәні терең.
Ұлттық код, генетикалық жа­дың­ның бір ұшығы, қордалы қоры осында жатыр. Дәлелге тарт­сақ, мысалда қисап жоқ. Де­ген­мен еске түскен бірен-саран тіркестерді тізіп көрсек. Қоғам­нан орын тап­паққа бет алған жанды қазекең «ат жалын тартып мінді» десе, ман­сапқа қолы жет­кен­ді «атқамінер» дейді. Ұшқыр (бұл да атқа қатысты сөз) ойлы жанды «ат сүрінгенше ақыл тапқан» деп, баршаның кө­ңілінен шыққан кісіні «су төгілмес жорға» дейді.
Билік алғанды «екі тізгін, бір шыл­бырды қолына алған» десе, әріп­тесіне «үзеңгі жолдас» деп ат қой­ған. Сыйы асып, елге еңбегі өт­кен егде кісінің қадіріне байла­ныс­ты «жақсы аттың жағын аш­пайды» дейді. Ақылы асқан жасты «тайында тұлпардан озған» деп бейнелейді. Өзі біліп, іс қылғанды «қамшы салдырмас» десе, ісі баяу жайбасарды «шабан» деген.
Істің байыбына бойламайтын, шала шешімді «ат үсті» деп атап, аңқауды «астындағы атын алты ай іздеген» деп қағытады. Ала қоты­рын үйірге жұқтырған кеселді, мал­дай бүлікшілді «ел ішін алатай­дай бүлдірген» деп сипаттаса, кетіскен жанды «ат құйрығын кесісті», табысқан жанды «ат айна­лып, қазығын тапты» дейді.
Ақылы шолақты «ат құлағынан әріні көрмес» десе, әр нәрсеге орынсыз ұрынған сұғанақты «со­қыр құлын аттан емшек іздейді» деп әжуалайды. Өнер оздырғанды «ақтаңгер», бәсі жоғарыны «шоқ­ты­ғы биік», жарысты «бәйге», таласты «дода» деуі – жылқымінез халықтың болмысымен біте қай­насып кеткен ұғымдар. Берекені «ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп суреттейді.
Айыбына ат-шапан беріп, бәсіреге тай атап, құрметтісіне ат мінгізу – бұл сөз ғана емес, сан ғасырдан жеткен салт еді. Ұлттық ойындарымызды да атсыз елестету әсте мүмкін емес. Бәйгеңіз де, аударыспақ, көкпарыңыз да, теңге ілу мен жамбы атуыңыз да ат үстінде өтеді. Санаға сіңісті болған сөз орамдары – ұлттық болмы­сыңның ұстыны. Ат – айбарым ғана емес, адамзат өркениетінде орнымды көрсеткен айғағым.
Аяғы жерден көтеріліп, атқа қонған қазақ ешкімге кеудесін бас­тырмаған. Тағы да атқа қонып­пыз. Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы белгілі. Ал тарихи сананың тұғыры – қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақаласының негізгі өзегі деп түсіндік. Осындай игі бас­тамаға атсалысу – әрқайсымызға қастерлі міндет.

Бөлісу:

Пікір жазу


*