Биікке бастайтын батыл қадам

182
0
Бөлісу:

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ,
әдебиет сыншысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

Мемлекет басшысы ­Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласының жарық көруі ел өміріндегі елеулі оқиғаға ай­нал­ды. Содан бері шашасына шаң жұқтырмай өте шыққан бір жарым жылдай ғана уақыт ішінде рухани са­лаға қатысты талай істер атқары­лып, тарихымыз, салт-дәс­түріміз, әдебиетіміз бен мәдение­тіміздің бойына қан жүгіргендей болды.

Енді міне, Елбасымыздың «Ұлы дала­ның жеті қыры» деп аталатын жаңа дү­ние­сі жарық көрді. Бұл мақаланы рухани жаң­ғыруға қатысты ойтолғаулардың заң­ды жалғасы ретінде қабыл­дадым. Пре­зи­денттің кезекті стра­тегиялық бастамалары ұлттық әдебиетіміздің де өрісін ұлғайтып, бұрынғыдан да биік белестерді бағын­ды­руына зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын.
Қазақстан – күллі түркі халық­тарының қасиетті «Қара шаңы­рағы» екенін тілге тиек еткен Елба­сы бірнеше жобаларды қол­ға алу қажет екенін қадап айтыпты. Әри­не, Президент ұсынған жобалардың қай-қайсысы да маңызды. Алайда солар­дың ішінен «Түркі өркениеті: түп тамы­ры­нан қазіргі заманға дейін» деп аталатын жоба маған қатты ұнады. Құзырлы меке­ме­лер пәр­мен беріп, жоба өз деңгейінде жү­­зеге асса, байтақ даламыздың даңқын шы­ғарған тұлғалары­мыздың рухын тіріл­тіп, төрткүл дүниеге танытудың зор мүм­кін­дігі бар. Ма­қалада өте жақсы саралан­ғандай, мұндағы көздеген басты мақсат басқа халықтарды төмен­детіп, ұлылы­ғы­мызды дәріптеу емес, нақты ғылыми дерек­терге сүйене отырып, жаһандық та­рих­тағы өз орнымызды байыпен пайымдау. Елбасы айтқандай, ұлы дала әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және тағы да басқа көптеген ұлы тұлғалар шо­ғырын дүниеге әкелді. Өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақ сол ұлы ба­баларымыздың өмір жолын да, жасаған ерлігі мен артына қал­дыр­ған асыл мұрасының қадір-қа­сиетін де таразылай алмай жатады. Оған басты кедергі, кешегі за­ман­нан санамызда ұялап қалған – құлдық сана. Біздің әлі күн­ге дейін жүріп өткен жолымызға бай­ла­нысты өз көзқарасымыз жоқ. Мына жоба­ның сол сеңнің бұзылуына септігін тигізе­ріне сенімім мол.
Әдебиет туралы әңгіме қоз­ғал­ғанда біз­дің жастарымыз көбінесе, құдды бізде сөз өнері болмағандай, Батысқа ғана еліктеп, соларға там­санып, аузын ашып, көзін жұмады. Керісінше, түркі әлемінің адам­зат­тық өркениеттің өрлеуіне зор шара­патын тигізген, талай ұлы ғұламалар мен шайырларды өмірге әкелгенін біле қоймайды. Неге? Дерек аз, мәлімет тапшы. Бірді-екілі қаламгер болмаса, ұлы Әуезовтен кейін түркі топы­рағын­да туып, әлемді тамсан­дырған ұлы қаламгер­ле­рі­міздің асыл мұрасын тыңғылықты зерттеу ісі дұрыс жолға қойылмаған. Содан барып Данте, Шекспир, Байрон, Гете мен Пуш­киндерді жатқа соға­тын бүгінгі ұрпақтың Шығыстың ұлы шайырлары Санаи, Аттар, Шәм­саддин, Руми, Низами мен Фи­зулидің әдеби мұраларын біл­мей­тініне таң қалуға бола ма? Тамы­рын сонау ежелгі заманғы діни аңыздардан тартып, Шығыс дана­лы­ғымен суарылған сөз өнерінің жүздеген жылдардан соң Батыс елдеріне де сүйін­шілеп жетіп, кейінгі орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуіріндегі әдебиеттің гүлденуіне даңғыл жол салып бергенін ұмы­тып кеткенбіз. Американың әйгілі ға­лымы Филип Хитти «Таяу Шы­ғыс­тың қысқаша тарихы: үш конти­ненттің алтын көпірі» деген моно­графиялық еңбегінде ежелгі тру­бадурлардың махаббат жыр­лары орта ғасырлардағы араб ли­рика­сының аудар­малары екенін, ал орта ғасырлардағы Ма­рия қыз бен «ас­қан сұлу әйел» культінің Крест жорығынан соң Шығыс мәдение­ті­нің ықпалымен дүниеге келгенін бұл­тарт­­пас деректермен дәлелдеген жоқ па еді?
Менің мұндай бірегей жоба­ның дү­ние­ге келіп жатқанына қат­ты қуануымның тағы бір үлкен себебі бар. Осыдан екі жыл бұрын «Шығыс шайырлары» деп атала­тын кітап жазуды қолға алған едім. Түрлі се­беп­­терге байланысты ол ісім жарты жол­да тұралап қалған болатын. Енді Президент ұсынған «Түркі өрке­ние­ті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасының аясында сол кез­дегі бастаған ісімді жалғас­ты­рудың себебі пайда болып отыр.

Бөлісу:

Пікір жазу


*