Ұлы дала ұлағаты

Ержан БАЙТІЛЕС,
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары:
Алтын тақта отырып, күміс табақтан ас ішіп, алты баулы үзеңгіге аяғын шірене салып, ат үстінде айналасының апшысын қуырып, тарихын тасқа қашап жазған бабалардың даңқын Ұлы Дала ұмытқан жоқ. Байтақты белінен басып, ен даланы еркін кезген жабайы жылқыны қолға үйретіп, басбілдіріп, сенімді серігіне айналған ірілердің ісін әлемдік өркениеттегі төңкеріс екенін төрт тарап түгел біліп, мойындап отыр.
Беткеұстарын бейітке алтынмен аптап жерлеген де біздің бабаларымыз еді. Қысқасы, өркениеттің өрісін кеңейткен, дамудың жаңа даңғылын салған, жаңалықтың жаршысындай болған Ұлы даланың ұландары қалдырған ұлағат сәт сайын санамызда жаңғырып, заманмен бірге жаңарып отыруы тиіс екенін әркім білсе керек-ті.
Төл тарихын тануға ұмтылған, түп тамырынан ажырамауды басты бағыт еткен әр ұлт пен ұлыс өткеннің өнегесін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге міндетті. Өйткені «өткенсіз бүгіннің, бүгінсіз ертеңнің болмайтынын» өмірдің мәнін білетін данышпандар әлдеқашан айтып кеткен. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы да осындай мұраттан туғанын, елдік мақсат көздейтінін оқып отырғанда айқын ұқтық.
Бұл – Мемлекет басшысы былтыр жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасы, соны орындаудың концептуалды бөлігі десек, артық айтқандық емес. Себебі, Елбасы ұлт тарихын, ұлы тұлғаларды тану мен танытудың төте жолын ұсынған.
Ең алдымен, жеті жылға арналған «Архив – 2025» бағдарламасының қабылданатынын білдік. Әлемнің әр түкпіріндегі іргелі архивтерде біздің тарихымызға қатысты талай дерек шаң басып, мүлгіп жатыр. Ал сондай жауһар жәдігерді ашып, аршып алып, қазақ қоғамына ұсыну ізгілікті істің бірінен болмақ. Ол үшін танымал тарихшылар мен дерекшілерден арнайы топ құрып, алты құрлықтағы алтын көмбелерге аттандыру көзделген. Қауіп еткеннен айтамыз демекші, Елбасы бұл іске жегілген адамдардың «академиялық туризммен» айналысып кетпеуін қатаң ескертіп отыр. Яғни, шекара асып, ел көріп, ас ішіп, аяқ босатып, пайдасыз тірлік қуып кетпей, бағдарламаның сәтті орындалып, сапалы жасалып, жұрт кәдесіне жарағанын тапсырды.
«Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Ұлы дала тұлғалары» деген ғылыми-көпшілік серияларды шығару, «Ұлы дала» ежелгі өнер және технологиялар музейінің тұсауын кесу секілді дүниелерді біртұтас, бір-бірінен бөлінбес, ажырамас тұғырнама ретінде қарастыру қажет және бұл істің барлығын заманауи технология тілінде жастарға танытып, санасына сіңіру арқылы біз бабалар рухын балалардың кеудесіне дән қылып еге аламыз. Сонда батыр бабалардың ерлік дастаны ертеңге еркін жетеді.
Өткеннің өнегесін кино тіліне салып, көркем фильмдер, сериалдар, тіпті қиял-ғажайып жанрында да дүние түсіруге болатыны айтылған. Киноның насихат жұмысында ең ұтымды жол, таптырмас құрал екені дәлелденбейтін аксиома. Мысал үшін түрік ағайындар түсіріп жатқан «Жаужүрек Ертұғрыл» сериалын алайықшы. Осман империясының негізін қалаушы Осман патшаның әкесін, мына Сырдың бойынан ауған оғыздардың тікелей ұрпағы Сүлейман шахтың бел баласы Ертұғрыл туралы сериалдың қазір бесінші маусымы басталды, 130-ға жуық сериясы түсірілді. Бүгінде осы туындыны әлем әр апта сайын тағатсыздана күтеді, тыным тауып көреді. Бұл – жер-жаһан түріктің түп тарихын қайта танып жатыр, біліп отыр деген сөз. Бір ғана сериал тұтас бір ұлттың тарихын қайта таныстыруды мойнына міндет қылып алды. Осындай дүниені бізге де жасауға болады. Ұлы хандарымыз бен билеріміз, батырларымыз бен баһадүрлеріміздің өмір жолын үлгі етіп, экранға шығарғаннан ұтарымыз көп екенін біз айтпай-ақ білсеңіз керек. Сондықтан дәл осы бастамада бармақ басты, көз қыстыға жол бермей, шаруаға атүсті қарап, жүрдім-бардым жасамай, ыждаһаттылықпен айналысуға тиіспіз. Әйтпесе, әрекетімізде әр, жұмысымызда нәр болмайды.
Айтып-айтпай не керек, Елбасы ұран тастады, бағыт-бағдарды берді, жолды нұсқады. Ендігі іс елге болсын дейтін, жұртқа жаны ашитын, тапсырманы тап-тұйнақтай орындайтын азаматтардың қолында. Елдік мұрат жолында ерлердің адалдан айнымауын, ұрпаққа ұлағатты жұмыс қалдыруын тілейміз!