Елдігіміздің бір сыны

215
0
Бөлісу:

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты,
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

«Ақылы алтының ойы жеті», – дейді біздің қазақ. Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық феномені жайында толғанғанда біз бәрінен бұрын Президенттің   ел өмірінің дамуындағы қай мәселені де асқан ақылмен ойластыратынын, салқын сабырмен сараптайтынын бөле атар едік. Елбасы ойшылдығының кезекті бір келісті көрінісі – «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа еңбегі.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаланың жара­сымды жалғасы іспетті бұл еңбекті халық­тың рухын көтеретін, елдігімізді еңсе­лендіре түсетін, әр адамның бойында ұлттық мақтаныш сезімін оятатын дара дүние деудің еш артығы жоқ. Қиыр Шығыстан Батыс Еуропаға дейінгі, Сібірден Үндістанға дейінгі орасан зор аумақты алып жатқан мемлекеттердің дамуында екі мың жыл бойы елеулі рөл атқарып келген біздің арғы ата-баба­ларымыздың озық ойы, қанатты қиялы, сәулелі сезімдері, шаруашылық шеберлігі мақалада қолмен қойғандай нақтылықпен нақышталған. Өзіміздің әлем тарихында алар орнымызға жаңаша қарауға мүм­кіндік беретін тың толғаныстары арқылы Назарбаев туған халқының  жаһандағы ең озық, ең үздік техно­логиялық жаңа­лықтарға тікелей қатысы бар екенін бұлтартпастай дәлелдеп қана берген жоқ. Назарбаев осы еңбегімен өзіміздің өткенімізге оң көзқарасты түпкілікті орнықтыру арқылы тарихи сананы жаңғырту жөніндегі жүйелі жұмыстың жолын да, жөнін де көрсетіп отыр. Алдағы аса ауқымды сол жұмыстың даңғаза-дақпыртсыз, науқаншылдықсыз, таза ғылыми негізде, жоғары кәсіби дең­гейде атқарылуы, түптеп келгенде бүгінгі және болашақ буынның арман-аңсары даңқты бабалардың лайықты мұрагері атану, ата аманатын ақтап, Ұлы дала төсінде  ұрпағымыз мақтанатындай ұлы мемлекет құру және сол мақсаттың ойдағыдай орындалуы – елдігіміздің бір сыны.

Бөлісу:

Пікір жазу


*