Түркістан мәртебесі заңмен бекіді

261
0
Бөлісу:

Мәжіліс Шымкент пен Түркістанға қатысты Конституциялық заң жобасын құптады. Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне шығарылған мәселелерді қарауға көшпес бұрын Мәжіліс төрағасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы пікір білдірді.
Нұрлан Зайроллаұлы Мемлекет басшысының тарихи мақаласының маңыздылығына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан Президентінің ауқымды мақаласы халықаралық аренада да зор қызығушылық туды­рып, белсенді талқылауларға арқау болуда екен.
– Мақалада Елбасымыз тамыры терең тарихымызға қазіргі ғылымның асқар биігінен қарауды ұсынды. Кең байтақ қазақ жері бір ғана ұлттың емес, әлемге тараған көп халықтардың, соның ішінде түбі бір түркі елінің алтын бесігі екенін айтты, – деді Н.Нығматулин.
Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы Измирде өткен түркітілдес мемлекеттердің Пар­ламенттік ассамблеясында (ТүрікПА) талқыға салынғанын жет­кізді. Оның мәліметінше, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Венгрия парла­ментшілері мен түрколог ғалымдар Қа­зақстан Президенті ұсынған жа­һандық бастамалар барлық түркі халықтарының одан ары интегра­циялана түсуі үшін, сондай-ақ ортақ тарихымызды сақтау және болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын ерекше атап өткен.
– ТүркПА шараларына қатысқан бауырлас елдердің депутаттары, ға­лымдар, сарапшылар өз сөздерінде, ең алдымен, біздің Елбасымыздың мақа­ласын тілге тиек етті. Олар онда ай­тылған ұсыныстар – байырғы баба­ла­рымыздан келе жатқан ұлы мұра­ла­ры­мызды терең тануға және түркі бір­­лігін бұрынғыдан да күшей­туге жаңа серпін, тың жігер береріне ерек­ше тоқ­­талды. Сондықтан «Ұлы дала­ның жеті қыры» тек Қазақстанда ғана емес, ба­уыр­лас түркі елдерінде келер ұрпақ­қа жал­ғасатын тарихи құжат бо­лып қа­ла­­тыны сөзсіз, – деді Нұрлан Нығматулин.
Жалпы отырыста депутаттар «Кейбір Конституциялық заңдарға Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өз­герістер енгізу туралы» Конститу­ция­лық заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірге бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат Мемлекет басшысының 2018 жылғы 19 маусымдағы «Қазақ­станның әкімшілік-аумақтық құры­лысының кейбір мәселелері тура­лы» №702 Жарлығын орындау мақ­са­тында әзірленген. Жарлыққа сәйкес Шым­кент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесін ие­ленгені, ал Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы деп өзгертіліп, оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көші­рілгені мәлім.
– Заң жобасы қазіргі қолданыстағы 11 кодекске және 40 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді. Мәселен, Шымкент қаласы енді республикалық маңызы бар қала санатына жатқы­зылуына байланысты заңнамадағы «республикалық маңызы бар қала» (Алматы) деген тұстарды «респуб­ли­калық маңызы бар қалалар» (Алматы мен Шымкент) сөздерімен ауыстыру ұсы­нылады, – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов.
Жоба Салық кодексіне түзетулер енгізуді көздейді. Өйткені респуб­ли­калық маңызы бар қалалар деңгейіне дейін көтерілгені үшін Шымкентке және облыс орталықтары деңгейіне дейін жоғарылағаны үшін Түркістан қаласына қатысты салық мөлшерлері өзгереді. Яғни, Шымкентке – Астана мен Алматы, ал Түркістан қаласына облыс деңгейінде салық салынады. Бірақ оларға осы жолда уақытша жеңілдік беріледі: өзгертілген салық мөлшерлерін бірден емес, 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап, яғни өтпелі кезең бере отырып, күшіне енгізу ұсынылады», – деді бірінші вице-министр.
Бұған қоса, Түркістан облысының әкімшілік орталығының көшірілуіне байланысты, Түркістан қаласының 12 ауылдық округі, атап айтқанда Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы және Майдантал ауылдары Кентау қаласына жатқызылды.
– Осы орайда аталған ауылдық округтерге арналған экологиялық үстемені сақтап қалу үшін 1992 жылғы 30 маусымдағы «Арал өңі­рін­дегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеу­мет­тік қорғау туралы» заңына түзетулер енгі­зіледі. Заң жобасын қабылдау үздіксіз әлеуметтік қамсыздандыру және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету үшін жағдай жасауға мүм­кіндік береді. Бұл Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы мем­ле­кеттік органдар­дың үйлесімді жұмыс істеуін қамта­масыз етеді, – деп сендірді Р.Дәленов.
Қалаулылар осы отырыста «Кейбір заңнамалық актілерге есірткі, психо­троптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар айналымын бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда құптап, Сенатқа жолдады. Заң жобасы қол­да­ныстағы заңнаманы қолдану аймағын тек есірткі түрлерімен шектемей, жаңадан пайда болып жатқан, қауіпті болуы ықтимал психобелсенді зат­тарға да таратуды көздейді. Бұл ша­ралар есірткі және психобелсенді заттардың, олардың баламалары мен прекурсорлардың заңсыз айналы­мындағы өзгерістерге жедел үн қатуға жол ашады.
Мәжіліс жалпы отырыста бірқатар халықаралық келісімдерді ратици­кациялайтын заң жобаларын да мақұл­дап, Жоғарғы палатаға жіберді. Олардың арасында Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің түбін межелеу туралы келісім, сондай-ақ «Еура­зиялық одаққа мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімді және 2015 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өзара сауданы жүзеге асыру кезінде озонды бұзатын заттар мен құрамында осындай заттары бар өнімдерді өткізу және озонды бұзатын заттарды есепке алу туралы келісімге Қырғыз Республикасының қосылуы туралы хаттама» бар.
Жалпы отырыс соңында халық қалаулылары орталық мемлекеттік органдар басшыларына бірнеше депутаттық сауал жолдады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*