ТҮРКІСТАН: 2020 жылы 2 миллион турист келеді

385
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» деді. Осы орайда жаңа облысты төрт тарапқа танытатын маңызды салалардың бірі – туризм екені анық.


Қазіргі таңда аймақ туризмін халықаралық деңгейге көтеру үшін туристік саланың негізгі басым бағыты ретінде тарихи-мәдени, мінәжат ету туризмі; экологиялық туризм; емдік-сауықтыру туризмі қарастырылып отыр. Осы мақсатта туристік әлеуетті жарнамалау және цифрландыру, сервисті жетілдіру сияқты жүйелі жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Атқарылған шаралардың ішінде «Көне Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» халықаралық туристік инвестициялық жəне туристік форумы, ЮНЕСКО халықаралық ұйымымен бірге «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіндегі тарихи ландшафттарды енгізу бойынша дамыту ұлттық семинар тренингі, шетелдік туроператорлар мен БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған ақпараттық турларлар жемісті болды.

Бұдан бөлек, облыс делегациясы Мәскеу, Қазан, қалаларында өткізілген халықаралық туристік көрмелерге қатысып, Татарстан мен облыс арасында ынтымақтастық туралы 2 меморандумға қол қойып үлгерді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен шет елдердегі отандастарды өңірге тарту жұмыстары да қолға алынған.
2018 жылдың қазан айында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылып, нәтижесінде келер жылдан бастап «Sсat» әуекомпаниясының «Аспан» борт журналында облыстың қасиетті орындары мен туристік әлеуеті туралы имидждік материалдар орналастырылмақ. Скат және Түркі әуежолдарының Скай авиажурналдарында да материалдар жарық көреді.
Елбасының 29 қыркүйектегі Түркістан қаласына ресми сапары барысында Түркістан қаласында мәдени-тарихи туризмді, Төлебиде (Қасқасу) тау-шаңғы туризмін, Сарыағашта емдеу-сауықтыру туризмін дамытуды тапсырғаны есімізде. Осыған сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігімен жүргізілген тығыз жұмыстың нәтижесінде облыс орталығы – Түркістан қаласы «Қазақстанның Туристификациялау картасының» республикалық маңызы бар ТОП-10 нысанына кірсе, Қасқасу жобасы мен Сарыағаш курорты өңірлік маңызы бар ТОП-50 нысанға енгізіліп отыр. Туристификациялау картасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы бекітілді.

«Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына Үкаш ата, Арыстан баб кесенелерін, Отырар қалашығын абаттандыру, туристік нысандарға алып баратын бірқатар жолдарды жөндеу, Түркістан қаласында қолөнершілер орталығын, визит-орталық салу секілді ауқымды шаралар енгізіліп отыр. Жоспарды жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылуда. Аталған шаралар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы және облыстық жолаушылар көлігі және автомбиль жолдары басқармасымен келісіліп, 2019 жылы бюджеттің нақтылануы барысында тиісті бюджеттік өтінім ұсынылатын болады.


Шардара ауданында жағажай туризмін дамыту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлеуге облыстық бюджеттен 20 миллион теңге қаржы бөлініп, құжат желтоқсан айында дайын болады деп күтілуде.
Жалпы облыс бойынша, туристік нысандарға қосымша 85 жол көрсеткіш орнату қажеттігі күн тәртібіне қойылған. Сондай-ақ Түркістан қаласында туристерге арналған арнайы бағдарлау жүйесі жасалынады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде жыл басында Туристік саланы цифрландыру жол картасы бекітіліп, ontustiktravel.kz туристік сайты және ON Guide мобильды қосымшасы іске қосылды.
Киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында облыстың танымал 35 туристік нысанына (Шымкент қаласын қоса алғанда) және «Облыстық тарихи-өлкетану» мұражайының 70 экспонатына ақпараттық QR-тақтайшалар орнатылды. Аталған QR-тақтайшалар туристік сайт пен мобильді қосымшамен интеграцияланған. Ақпарат үш тілде әзірленген. Кодты суретке түсіргенде мәлімет смартфоннан оқылады. Туристік ақпараттық орталық базасында туристерге арналған 3D виртуалды шынайы бейнероликтер әзірленіп, VR-құрылғылар орнатылды. Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағына Wi-Fi желісін орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілді. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен келісім жасалып, роудерлар алынды. Wi-Fi ақысы ай сайын басқарма тарапынан төленетін болады. Келесі жылы электрондық билет және электронды садақа бойынша жұмыстар да жалағасын табады.


– Туризм индустриясының дамуына қарқынды серпін беру мақсатында Астана, Алматы, Санкт Петурбург, Ыстамбұл, Кония қалаларының үздік тәжірибесіне сүйеніп, Түркістан туризм орталығын реорганизациялау арқылы «Түркістан конвеншн және визитор» ЖШС орталығын құру ойымызда бар. Бұл отандық және халықаралық эксперттерді жобалық жұмыстарға тартып, әуе компаниялармен бірлескен динамикалық туристік өнімдердің сапасын арттырып, бағасын бәсекеге лайық етеді. Оған қоса кіші және орта бизнесттің дамуын жеделдетіп және қосымша табыс көздерін ұлғайтады. Жыл соңына дейін Сыртқы істер министрлігімен бірге Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру бойынша «Нақты 12 қадам» атты бірлескен жол картасын қабылдау да қарастырылуда.
Биыл облысымыздың үш туристік объектісі Әлемдік туристік тартымдылық тізіміне еніп отыр. Туризм индустриясының мултипликативттік нәтижесін ескеріп, барлық бағыттар және тапсырмалар мен міндеттер орындалатын болады, – дейді Түркістан  облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Олжас Шынтаев.

Тағы бір жағымды жаңалық, Түркістанға келушілер қатарын арттыру мақсатында желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде «Түркістан-Ташкент» бағытында жаңа автобус маршруты ашылатын болды. Бүгінгі күні Өзбекстан және Қазақстан тарапынан тасымалдаушы компаниялар анықталды. Аталған компаниялар Түркістан қаласындағы «Алтын Орда» және Ташкент қаласындағы «Ташкент» автобекеттерімен келісімге тұратын болады. Жол жүру бағасы – 2 000 теңге, жол жүру уақыты – 6 сағат 40 минутты құрайды.
Келушілер назарына ұсыну үшін 1 және 3 минуттық ақпараттық-танымдық ролик түсіру туралы келісім-шарт жасалды. Ролик жылдың 4 мезгіліндегі облыс көрінісін қамтитын болады.
2019 жылы Түркістан  облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тарапынан Қ.А.Ясауи кесенесі және Отырар қалашығы аумағында күн сәулесінен қуат алатын орындықтар орналастыру; Қазақстанның шет елдердегі елшіліктерінде Түркістан облысының күндерін өткізу; Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорған қабырғасында лазерлік шоу; аялдамаларда интерактивті карталар орналастыру жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетсек, биыл көне шаһарға 1 миллионыншы турист ретінде АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан ерлі-зайыпты Уильям және Барбара Брэнчтер келіп, облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі алдында күтіп алған болатын.

2020 жылы Түркістан қаласына келуші туристер санын 2 миллионға жеткізу көзделіп отыр.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*