Академияның филиалы құрылды

312
0
Бөлісу:

Президентіміздің Жарлығымен Түркістан облысының құрылуына орай Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылым академиясының  Түркістан филиалы құрылды. Оның қызметі аймақтық университеттер мен ірі ғылыми орталықтар негізінде ұйымдастырылды. Осы оқиғаға байланысты Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде  ұлттық академия төралқасының кеңейтілген көшпелі мәжілісі өтті.
– Елбасы Жарлығымен облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістанның, аймақтың өсіп-өркендеп дамуы үшін жаратылыстану бағытының ғалымдары зерттейтін, зерделейтін мәселелер көп. Сондықтан біздің бұрынғы Оңтүстік Қазақстан филиалымыз Түркістан филиалы болып қайтадан құрылды. Көне шаһарда қазір ғалымдардың үлкен шоғыры бар. Олар Ахмет Ясауи университетінде жұмыс істейді. Енді олар біздің ғалымдарымызбен бірге ғылыми жұмыстарын Түркістанды өркендетуге бағыттауға тиісті, – деді жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Нұртай Әбіқаев.
Мәжілісте университет президенті Болатбек Абдрасилов Елбасының Жолдауы аясында Түркістан облысы ғылымының дамуы мен болашағы туралы баяндама жасады. Ұлттық академия мен университет ғалымдары бірлесе жұмыс істеу арқылы мақсатқа қол жеткізуге болатындығын айтты. Мәжіліс барысында ғылыми-техникалық бағдарламалар, ғылыми ізденістер, туристік бағытты дамыту туралы егжей-тегжейлі сөз қозғалды, мәселелер слайдттар арқылы түсіндірілді. Мәжіліске арнайы келген Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов мәселелерді талқылауға қатысып отырды.
Жиын соңында Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
Түркістан қаласы.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*