ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН ЖАҢА МҮМКІНДІК

822
1
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, жас ақын-жазушылар арасында «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын жариялады. Бұл жөнінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте мәлімдеді. Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік, публицист, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов және Қазақстан Жазушылар одағының секретариат мүшесі Несіпбек Айтұлы қатысты.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қаласында тарихи сананы жаңғыр­ту­дың негізгі басымдықтары көрсетілгені белгілі. Бүгінде еліміз бойынша осы игі бас­тамаларды жүзеге асыру жұмыстары қол­ға алынып, жаңа межелер анықталуда. Бұл ретте Елбасының сенімді тірегі ре­тінде «Нұр Отан» партиясы да белсенді әре­кет етуде. Алғаш болып сөз алған
«Нұр­ Отан» партиясы Төрағасының Бірін­ші орын­басары осы мәселелер жөнінде ай­тып, Елбасы мақаласының мәні мен маңы­зына тоқталып өтті. Ол бұл мақа­ла­ның ұлт тарихын танудың жаңа кезеңін бас­тап бергенін және біздің әлемдік өр­кениет пен жаһандық дамуға қосқан үле­сімізді қайтадан зерделеп, дүние жүзіне жаңаша дәріптеуге үндейтінін айтты.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мем­лекет басшысы өз мақаласында та­рихи сананы жаңғыртудың негізгі басым­дық­тарын айқындап бергенін және олар­ды жүзеге асыруға «Нұр Отан» пар­тия­сының да белсенді қатысатынына назар аударып, «Ұлы дала» шығармашылық байқауының басталғанын жариялады.
– Бұл байқау Елбасымыздың «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» және өт­кен аптада жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақала­ла­рында айтылған идеялар мен құнды­лық­­тарды дәріптеуге бағытталған қоғам­дық іс-шара. «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала жарияланғалы бері елімізде ау­қымды талқылаулар өтуде. Бұл мақала еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға ре­тінде қабылданып, сол салаға тың сер­пін берді. Сондықтан мақалада айтылған ба­сымдықтар – тарихи санамызды жаң­ғыртуға мол мүмкіндік беретін маңызды қадам, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бі­рін­ші орынбасары тарихи сананы жаң­ғырту ұлттық сананы қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі екеніне назар аударды.
– Елбасының мақаласы – тарихи, ұлт­тық санамызды жаңғыртып, тәуелсіз­дігі­міз бен мемлекеттігімізді одан әрі кү­шейтуге бағытталған үлкен еңбек. Осы ба­сым­дықтарды жүзеге асыруға үкіметтік емес ұйымдар және саяси партиялармен бірге зиялы қауым өкілдері де белсене қа­тысқаны абзал. Сондықтан арнайы бай­қау жариялап, қоғамымыздың рухани жаң­ғыруына әсер ететін еңбектерді және тари­хымыздағы ұлы тұлғалардың өнегелі өмі­рін насихаттайтын шығармаларды қол­дап, жаңа жұмыстардың жазылуына өзі­міздің үлесімізді қосуды көздеп отыр­мыз. Бұл байқаудың форматы мен маңы­зын Жазушылар одағымен пысықтап, ал­дын ала талқыладық. Алдағы уақытта жас қаламгерлеріміз осы байқау арқылы Ел­басы мақаласында айтылған құнды­лықтар мен идеяларды дәріптеуге және олар­ды жүзеге асыруға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Байқаудың басты мақсаты – рухани жаң­ғыру идеялары мен құндылықтарын дә­ріптейтін қазіргі заманғы қазақстандық әде­биетті дамыту және соған қолдау көр­сету. Сондай-ақ өз шығармаларында елі­міз­дің рухани жаңғыруы мен дамуын су­рет­тейтін, қазіргі заманғы шындықты тү­сінуге және қазақстандықтардың дү­ние­танымын қалыптастыруға ықпал ете­тін талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олар­дың еңбегіне лайықты баға беру де көз­деліп отыр.
Байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қа­­ламгерлер қатыса алады. Қатысу­шы­лардың жұмыстары 2018 жылдың 28 қара­шасы мен 2019 жылдың 15 қаңтары ара­лығында қабылданады. Нәтижесінде, «Про­за», «Поэзия», «Драматургия, көр­кем фильмдер мен телесериал сценариі», «Публицистика» және «Балаларға арнал­ған шығарма» сияқты бес бірдей аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анық­талмақ. Әр аталым бойынша жеңім­паз бен екінші және үшінші орын алған қатысушыға қомақты қаржылай сыйлық тағайындалған. Нақты айтқанда, әр ата­лым­ның жеңімпазына – 1,5 миллион, 2-орын иегерлеріне – 750 мың, ал 3-орын ал­ған қатысушыларға 500 мың теңгеден беріледі.
Байқаудың басқа да шарттары туралы «Нұр Отан» партиясының ресми сайтын­да жарияланған ережеде толық баяндал­ған.
Жалпы Мемлекет басшысының тап­сырмасымен «Нұр Отан» партиясы қа­шан­да зиялы қауымға, ақын-жазушы­лар­ға, мәдениет пен өнер саласында тер төгіп жүр­ген барша азаматтарға ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқаны белгілі. Өткен қазан айында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында партия мен Қазақстан Жазушылар одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындап алды.
Соның негізінде партия жас ақын-жазу­шыларымызды қолдау, оларды ын­таландыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы байқау өткізуге, осы бағытта Жазушылар одағы­мен бірлесіп «Астана» телеарнасынан көр­сетілетін арнайы телебағдарлама дайын­дауға, қазіргі заманғы техноло­гия­лардың көмегімен YouTube-те арнайы канал ашып, рухани жаңғырудың құнды­лық­тарын насихаттауға және партиялық жобалар аясында жаңғыртылған еліміз­дегі кітапханаларда ақын-жазушылармен кездесулер өткізетін арнайы клубтар құру­ға қатысты нақты істерді ұсынды. Ал­дағы уақытта осы бағытта да тиісті жұ­мыстар жүзеге асырылмақ.
Іс-шара соңында бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының өкілдері өздерін алаңдат­қан сауалдарын жолдап, бүгінгі ақпарат­тық технологияның ақын-жазушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөлі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында партия тарапынан атқарылып жатқан басқа да жұмыстардың маңызы жайында кеңінен мәліметтер алды.

Төлен ӘБДІК, жазушы, драматург:


– Елбасы партиясының әдебиетке көңіл бөлгені ақын-жазушылар қауымын ерекше қуантып отыр. Осындай байқау ұйымдастырып, әдебиеттің дамуына, жас­тардың көрінуіне мүмкіндік жасау үлкен жаңалық бол­ды. Сондықтан алдымен ризашылығымды білдіргім ке­ліп отыр. Сондай-ақ байқауға қатысатын шығармалар нау­қаншылыққа бой алдырмай, терең зерттеліп, сапалы жа­зылса деген тілегім де бар. Өйткені Елбасының «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақаласы – үлкен бір кезеңдік құ­жат. Сол себепті, оны жүзеге асыруға бағытталған осын­дай бастамалар есеп үшін емес, елге нақты пайдасы тиетін игі іс ретінде қолға алынуы керек. Ең бастысы, бәрінің шынайы, ашық бол­ғаны жөн. Яғни, тарихты өзімізге лайықтап, бұрмаламай, нақты түрде на­сихаттауға тиіспіз. Сондықтан бай­қауға қатысушылар осындай тұстарды ескер­гені жөн болар. Осы тұста көр­кем әдебиет пен публицистиканың да аражігін жете түсінуіміз керек. Мәселен, осын­дай бағдарламаларды дәріптеп жазғанда көр­кем шығармада бәрі образды түр­де берілуі мүмкін. Тіпті шығармада бағ­дарламаның атын мүлдем атамауға да бо­лады. Ал публицистикада бәрін ашық айтады. Осы жағын да назардан тыс қал­дыруға болмайды.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, Мәжіліс депутаты:


– Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты ма­қаласы бізді мақтаныш сезімге ғана бөлеп қоймауы ке­рек. Бұл – барша қазақстандықтарға жүктеліп отыр­ған үлкен жауапкершілік. Сондықтан оның өзіндік сал­мағы да бар. Осы тұрғыдан келгенде «Нұр Отан» пар­тиясы қолдауға лайық бастаманы қолға алып отыр. Бай­қаудың «Ұлы дала» деп аталуының өзі біздің тарихи са­намызды жаңғыртуға септесетін жоба екенін аңғар­тады. Ал енді осындай байқаулар бізге не береді дегенге келейік. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін қазақ әдебиетіндегі балалар әдебиеті кенжелеп қалған болатын. Бердібек Соқбақпаев, Сапарғали Бегалин, Мұзафар Әлімбаев сияқты қадау-қадау тұлғалар қалам тар­татын. Ал 70 жылдары «Жалын» альманахы жарық көрді. Кейін «Жалын» баспа­сы ашылып, жыл сайын балалар мен жас­тарға арналған шығармаларға байқау жариялау дәстүрге айналды. Соның арқасында айналасы жиырма шақты жыл ішінде қазақтың мықты балалар про­засы мен балалар поэзиясы қалыптасты. Бұл ешқашан ұмытылмайтын ерекше жағдай. Сондықтан «Нұр Отан» пар­тиясының бастамасымен қолға алынған істің міндетті түрде жақсы жеміс бере­тініне өз басым сенемін.

Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының
секретариат мүшесі:


– Елбасы өзінің жаңа Жолдауында келесі жылды Жас­тар жылы деп жариялады. Ал кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында тарихымызды дәріптейтін бірқатар игі бастамаларды атап көрсетті. «Нұр Отан» пар­тиясының бұл байқауы – осы екі стратегиялық құ­жаттың да жүгін көтеріп тұрған маңызды қадам. Президентіміздің аталған мақаласы барша қазақтың жүрегін тебірентіп, көңілін қозғады. Көптің көкейде жүрген сөзін айтты. Бұл жерде «жеті қыры» деп аталуы да бекер емес. Жеті деген – біз үшін киелі сан. Елбасы осы жеті арнаны кемел­дікпен ашып беріп отыр. Әрі қарай бұл игіліктерді іске асыру, сол жолда жұмыс істеу, тарихымызды зерттеп, келер ұрпақтың зердесіне тоқу – әрбір қазақ­стандықтың мойнындағы азаматтық парызы. Осы тұрғыдан келгенде, «Нұр Отан» партиясының бұл ғибратты іске зиялы қауымды, соның ішінде жас ақын-жазушыларды жұмылдыруы – өте құптарлық дүние. Сондықтан Қазақстан Жазу­­шылар одағы тарапынан да бұл байқаудың табысты әрі жемісті өтуіне бар­­лық жағдай жасалады.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Мейрім 14 Қаңтар, 2019 at 17:12 Жауап

    «Ұлы даланың жеті қыры» атты Н.Ә.Назарбаевтың мақаласына орай жастарға берілген мүмкіндік бойынша бағымды сынайын деп едім жазған мақаламды қандай сайтқа салам С/м Мейрім

Пікір жазу


*