Теміржол салуға қатысады

326
0
Бөлісу:

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Әбу-Дабиде Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-министрінің орынбасары, осы ел Президентінің істері жөніндегі министр шейх Масур ибн Заид әл-Нахаянмен келіссөздер жүргізді.

Бұл сапар Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы, БАӘ Жоғарғы бас қорғаныс күштерінің орынбасары, шейх Мұхаммед ибн Заид әл-Нахаянның Астанаға сапары және оның Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­пен осы жылғы 4 шілдеде өткізген келіс­сөздері аясында қол жеткізілген келі­сім­дерді орындау аясында ұйымдастырылды.
Келіссөздердің басты тақырыбы эко­номиканың түрлі салаларында инвес­тициялық ынтымақтастық мәселелерінің әр қырын қамту болды. Энергетика сала­сындағы ынтымақтастықтың зор әлеуеті атап көрсетілді. Бұдан бөлек, жүздесушілер энергетика саласындағы бірқатар перс­пективті бірлескен жобаларды талқылады.
Borealis (Mubadala) компаниясымен бірге іске асырылып жатқан полиэтилен өн­діру жобасы бойынша қазір бірлескен жо­балық компания құрылды, ТЭН әзір­ле­нуде. Кә­сіп­орынды шикізатпен қамта­масыз ету мәселесі толық шешілген. Жо­ба­ның бол­жамды қуат­тылығы 1 мил­лион 250 мың тонна поли­эти­ленді, ал құны 6,5 млрд долларды құрайды.
Сонымен қатар араб тарапы құрылысы Атырау облысында жүргізіліп жатқан полипропилен өндірісі бойынша жобаға кіруге қызығушылығы барлығын нақты­лады. Жобаның болжамды қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен болады, ал құны 2,6 млрд долларға бағалануда.
Тараптар «Байқоңыр» ғарыш айлағы базасында аэроғарыш саласындағы ынты­мақтастықтың жоғары әлеуетін атап өтті: №1 «Гагаринский старт» старттық кешенін жаңғырту бойынша инвестициялық жоба мен «Союз-2» типті зымыран-тасығыш­тардағы ғарыш аппараттарын жіберу жайы талқыға салынды. Тұрақты консуль­тация­лар өткізетін үшжақты (Қазақстан, БАӘ, Ресей) жұмыс тобы құрылды. Ғарыш аппа­раттарын ұшыру қызметтері нарығын баға­лау аяқталды. Жоба бойынша шешім 2019 жылдың бірінші тоқсанында қабыл­данады.
Көлік-логистикалық салада ынтымақ­тастық дамуда. Қазақстанда Mubadala (БАӘ) инвестициялық қорымен бірге «Қор­ғас-Шығыс қақпасы» ЕЭА аумағында заманауи А классты қойма ғимаратын салу жобасы жалғасуда. Әрқайсысы 14 000 шаршыметр болатын екі қойма 2019 жыл­дың қаңтарында қолданысқа берілмек. БАӘ-да теміржол жүйесін дамытуға Қа­зақстанның атсалысуы, бірлескен жобалар талқыланды. Теміржол инфрақұры­лымы­ның даму нысандарының ұзындығы 604 шақырымды құрайды. Қазақстандық ком­паниялар тендерлік рәсімдерге бел­сене қатысады, олар жобаны жүзеге асыру алдындағы біліктілігін растады. Жобаның бірінші кезеңіне қатысу туралы шешім ­
2019 жылдың I тоқсанында қабылданады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*