1 апта ішінде 7 мың көрермен келді

457
0
Бөлісу:

Анкара қаласындағы Мұстафа Айяз атындағы Заманауи өнер музейінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан «Ұлы Дала рухы» көшпелі көрмесі табысты өтіп, Бурса қаласында жалғасты.
Шараны Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Мәдениет және спорт министрлігі,Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі ұйымдастырды.
Түркиялық келушілер назарына ХХ ғасырдың соңы, ХХI ғасырдың басындағы қазақстандық суретшілердің 32 кескіндемелік және графикалық жұмыстары ұсынылды. Қылқалам шеберлерінің қатарында Евгений Сидоркин, Әбдірашит Сыдыханов, Дулат Әлиев, Ғани Баянов, Бақыт Бәпішев сияқты майталмандар мен Марат Бекеев, Шамиль Гулиев, Нелли Бубэ, Асқар Есдәулет, Алмагүл Меңлібаева, Андрей Нода, Гүлжамал Тагенова, Алпысбай Қазығұлов және Вячеслав Люй-Ко сияқты заманауи суретшілер бар.
Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің директоры, профессор Гүлмира Шалабаева:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты» деп атап өтті. «Ұлы Дала рухы» көрмесі Президент тапсрымаларына сәйкес, көшпенділер мәдениетін, қазақтың тұрмыс-тіршілігін, ұлттық ат-спорт ойындарын, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының бірегей ерекшелігін көрсетеді. Ә.Қастеев атындағы өнер музейі шетелдік көрмелерді әр түрлі елдерде ұйымдастыру арқылы, қазақ өнерін халықаралық деңгейге көтеріп, әлемді төл мәдениетіміз, тарихымыз бен бейнелеу өнерімен таныстырады, – деді.


Келушілер кескіндемеші Евгений Сидоркиннің төрт графикалық туындысы «Сәкен Сейфуллинді оқығанда» топтамасынан «Бесік жыры», «Қазақтың ұлттық ойындары» топтамасынан «Қыз қуу», «Бәйге» және «Көкпар» туындыларын тамашалады. «Қазақтың ұлттық ойындары» топтамасында суретші қазақ халқының ең көне ұлттық ойындарын суреттесе, «Бесік жырында» керісінше, өз сәбиін сүюге иілген, емірене құшақтаған ана мейірімі бейнеленген. Ал Әбдірашит Сыдыханов таңбалық кескіндеменің негізі ретінде «Шопан «Таңба» шығармасын тарту етті.


Нелли Бубэнің «Көшпенділер», «Қонақжайлылық», «Қазақстан әйелдері», «Ай керуені» және «Скифтер» туындылары арқылы түйемен көшу, сауда керуендері, әйелдердің ұлттық киімдері мен қазақтың қонақжайлығына қанығуға болады. Гүлжамал Тагенова болса, «Көктем», «Жартасқа салынған суреттер» және «Таулар тынысы. Қаскелең» сияқты өз картиналарында туған жердің сұлулығын, көктемгі бояулардың сан алуандығын және қазақ қыздарының әсемдігін паш етеді. Гүлжамалдың ерекшелігі де сол, ол өз шығармаларында ұдайы ұлттық киімдегі қазақ қыздарының романтикалық бейнесін жасауға тырысады. Вячеслав Люй-Коның «Теңіз маңындағы қала. Ымырт», «Өткел. Сырнай туралы әңгіме», «Бір кездері мен осында тұрғанмын», «Сенбі. Қашқан қалыңдық» шығармалары да терең философиялық мағына мен пайымға толы. Бірегей суретші Алпысбай Қазығұловтың сыршыл кенептері де келуішілер арасында зор қызығушылық тудырған.

 

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің баспасөз қызметінің жетекшісі Клара Исабаеваның мәліметінше, Анкарадағы көрмеге бір апта ішінде 7 мың көрермен келген.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*