Кәсіпкерлердің бизнесі цифрландырылады

667
0
Бөлісу:

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өткен жылдан бері негізгі бизнес-процестерді 100 пайыз автоматтандыруға бағытталған жобаны жүзеге асырып келеді. Бұл жоба бойынша айналымдағы құжаттар цифрлы кейіпке еніп, қағазға басудың қажеті болмайды. Бұл оңайландыру жұмыстары нәтижесінде  қызметкерлердің еңбек тиімділігі артып, процестер жариялы болып, орындау тәртібі нығайып, уақыт пен қол еңбегі үнемделеді. Осындай оң өзгерістерді  байқаған Қор тиімді әдісті клиенттеріне де қолданып көруге бел буды.

«Өкінішке қарай, бүгінде қазақстандық кәсіпкерлердің көпшілігі өз шаруаларын автоматтандыруға көңіл бөле бермейді. Бизнеске автоматтандырудың қаншалықты пайда әкелетінін көзбен көрмеген соң бұл шаруаны өте қажет деп ойламауы мүмкін» дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарушы директоры Қуаныш Ұласбеков.
«Даму» қоры Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамудың операторы ретінде клиенттеріне автоматтандырудың тиімділігін көрсетіп, үздік әдістерді қолдана отырып, елдегі цифрландыру ісіне үлес қосуға шақыратын ниетін жариялайды. Бұл бастаманы Documentolog компаниясы қолдады. Коммерциялық ұйым қор клиенттерін молынан қамту үшін 100 млн теңге бөліп отыр.
Documentolog компаниясы биыл Digital Bridge Awards бойынша ең үздік IT-компания болып танылған болатын. Олар қор клиенттеріне автоматтандырудың оң нәтижесін көруді тегін ұсынып отыр.
«Damu.Paper.FREE» акциясын жариялай отырып біз Қазақстандағы цифрландыру ісін насихаттауға үлес қосып қана қоймай, кәсіпкерлерге бизнесінің бәсекеге қабілеттігі мен тиімділігін арттыруға да мүмкіндік береміз» дейді Documentolog Бас директорының орынбасары Мәдина  Досмағамбетова.
Бұл шара аясында қор клиенттері «СЭД Documentolog» пен «КЦОЭД Doc24» жүйесі арқылы ішкі және сыртқы құжат айналымын автоматтандыру процесіне 2 000 000 теңге ала алады.
Шараға қатысатын әр тұлға 2 000 000 теңгенің сертификатына қол жеткізіп, осы құжат аясында автоматтандырғысы келетін бизнес процесті өзі таңдай алады.
«Қазір «Даму» Қорының әр контрагенті бізбен тегін ресми хат жазысып, маңызды заңды құжаттарды электронды түрде жасаса алады. Шараға қатысушылар құжат айналымын электронды форматқа енгізу процесінің қаншалықты тиімді екенін өз тәжірибелерінде байқап, көз жеткізе алады деп сенеміз» дейді Қуаныш Ұласбеков.

Гүлнар ТӘЖИЕВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*