ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – АСЫЛ АРМАН, ҰЛЫ МҰРАТ

122
0
Бөлісу:

Өз-өзіңе сын көзбен қарап, бұрын-соңды жазған-сызғандарыңды жүйелеп-реттеп қойғанның артығы жоқ. Осындай оймен әлденеше рет қағаз-жазбаларға ден қойғанымда, ақшыл түсті қағаздағы жазба­ларым көзге түсті. «Сұхбаттар» циклының бастапқы бөлігінде «Ханғали Сүйіншәлиев: әдебиет­тану­шы, ұстаз-ғалым», – деген сөздер жазылған екен. Аштым. Көрдім. Көз бен көңілге жақын тұстары назарға ілінді. Жан-жүрекке жылы әсер етті. Көңіл көкжиегі де кеңіп сала берді. Қалың көпке, руханият ісіне ортақ тұстары да мол. Бұл ғалым, әде­биет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ханғали Сүйіншәлиев­пен болған сұхбат еді.
Хан-ағаның 100 жылдығы қарсаңында жарияланбаған жазбадағы Ұстаздың орамды ойларын оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

Ұстаздық – ұлы іс
Өмір жолы бұралаң. Сол секілді адам­ның өсу жолы, бел-белестері де кедергісіз, қиындықсыз болмайды. Талай қияларды қиып өтіп, жолыңды, жөніңді адаспай тауып, ілгерілеу – өмір жолының, адам сапа­рының бағы. Тегінде, балалық шақ, жас­өс­пірім кезең еліктеу, үйренуден бас­талады. Осы сәттен бастап өмір есігі алдыңнан шығады, азаматтық биік тұғырға көтерілесің. Отбасы өнегесі, өскен ортаның әсер-ықпалы, еңбек ұжымының ұнамды сипаттары – аса мәнді құбылыс, айрықша факторлардың бірі.
Осындайда еске түседі, әкем – Жұмаш ескіше сауатты, құрани білім-дәрістері мол, өз уақытының көзі ашық, көкірегі ояу адамдарының бірі болды. Бірақ кеңестік кезеңнің дінге қарсылығын, көзқарасын ертерек сезінді де қолындағы құранын қайтыс болған адамды жерлегендей, тиісті рәсіммен аққа орап, аят оқып, біржола қоштасты. Сөйтіп, өмір-тұрмыс сырларына ден қойып, еңбекке бет бұрды. Балық ша­руашылығын ұйымдас­тырды. Аңшылықпен, саят өнерімен айналысты. Бақша салып, егін екті. Осындай мың сан тірліктің қайсыбі­реу­леріне мені де ертіп, көрсетіп-үйретіп жүр­генін қазір сағынышпен еске алып отырамын.
Мектеп табалдырығын сегіз жа­сымда аттадым. Әуелі мешіт жанындағы медреседе араб әліппесінде сауат аштым. Кейінгі ке­зекте латынша, сосын қазақ-орыс тілінде оқып, білім алдым. Әйтсе де, өмір-тұрмыстың тау­қыметін бір адамдай-ақ көрдім. 30-жыл­дардан кейінгі елімізге, ауыл-аймаққа түскен ауытпалықтар, ашар­шылық, жоқшылық, қиястық зардаптарын ұмыту қиын-ақ. Осын­дай сәттерде әкеміз 45 жасында қайтыс бол­ды. Анам шиеттей бес баламен (үлкені мен едім), өмір-тағ­дырмен бетпе-бет келді. Ең­бек­пен ерте айна­лысқаным да осы тұс еді. 1932 жылы Орал зооветтехникумының даяр­лық кур­сына қабылдандым. Оқу мерзімі – 6 жыл. Оны бітірген соң осындағы пединс­ти­тут­қа түсіп, соңғы курсынан майданға аттан­дым. 1941-1942 жылдар Мәскеу түбіндегі не­міс-фашист басқыншыларына қарсы аяу­сыз айқаса жүріп, ауыр жарақат алдым. Сөй­тіп, 1942 жылдың қыркүйек айында елге орал­­дым. 1943-1953 жылдары Орал пединс­ти­­ту­­тында оқытушы, кафедра меңгерушісі бол­­­дым. 1953 жылдан бастап – Қазақ уни­вер­­­­ситетінде (қазіргі ҚазҰУ) ұстаздық қыз­мет атқардым. Бұдан кейінгі бүкіл ғұмырым ұстаздық қызметпен тығыз байланысты.
Асылы, ұстаздық – ардақты іс, өйткені жас ұрпақ тәрбиесі, оқу білімі, еңбекке қабі­леті, бәрі-бәрі ұстаздық істен бастау алады. Оқытушы өзі білімді, қабілетті, тәрбиелі болуы керек. Шәкірт болса, өз кезегінде ұстазға қарайды, үлгі алады, еліктейді, теңелгісі келеді. Алайда барлық адам бірдей емес. Әркім өзінше ойлайды, жетіледі, өседі. Бір шындық бар: кім-кімнің де қайсыбір іске бейімі болады. Отбасының, ұстаздар ұжымының бақыты – шәкіртін сол жолға салу, бағыт-бағдар берумен тығыз байла­нысты. Қоғам байлығы – адам тәрбиесімен, жас ұрпақты оқыту ісімен айналысқаныма ризалық сезіммен қараймын.
Ұстаздық қызметпен қатар ғылымды қатар алып келемін. Нәтижесі де жеміссіз емес. Ханғали Сүйіншәлиев деген тақы­рыпта кандидаттық диссертация қорғадым (1952 жыл). Ресми жетекшім, профессор Б.Кенжебаев болды. Зерттеу нысанам Абай шығармашылығы болғандықтан, мәшҺүр Мұқаң – Мұхтар Әуезовпен жақын арала­сып, жиі ақыл-кеңес алып тұрдым. Мұхаңның ұлылықпен ұштасқан, ізгілік-иірімдерінен тұратын адамгершілікке толы әсер-ықпалын молынан сезіндім.
Өмір өзгеріп, уақыт-сынап сырғи берері – табиғи заңдылық. 1953 жылы қазіргі әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауыстым. Ұлы адаммен – Мұқаңмен қайта қауышып, қатар еңбек еттім. Ақиқатында, Әуезов маған әркез ақылшы, ұстаз болудан өзгерген емес. Сөз жоқ, көп нәрсе үйрендім, үлгі алдым. Мұқаң уақытын босқа өткізбеуші еді. Әртүрлі басқосу, мәжілістерде де, қонақтарда да уақытқа бағынар еді. Қазақ университетінде Халық әдебиеті мен Абайтанудан дәріс оқыды. Тығыз шаруасы болған сәттерде, Мәскеу университетінде дәріс оқып жүрген кездерінде, көбінде осындағы сабақтарын мен өткізіп жүрдім. Тапсырманы талап деңгейінде орындауға күш салдым. «Абай жолы» жарық көрген алғашқы жылдары мен де белгілі эпопея­ның маңызын кең көлемде талдап, баспасөзге жарияладым. Мақала Мұқаңа ұнап, оны орыс тілінде жа­риялату үшін Мәскеудегі Тәкен Әлімқұловқа жібергенін айтты. Әрине, мұн­дай қызықты кездесу, қауышулар көп болды…

Оқыту бей-берекеттікті көтермейді
Оқу, оқыту ісі – қашанда маңызды әрі абыройлы еңбек. Қоғамдағы, өмірдегі барша өзгерістер білім беру саласынан да айқын аңғарылады. Әйтсе де, күрт өзгеріс, есте қа­лар елең еткізерлік жаңалық бай­қал­майды. Капи­тализмге қайта оралғанымыз­дай, гим­на­зия, колледж, лицей жауыннан кейінгі са­ңы­рауқұлақтай қаптап-ақ кетті. Бакалавр, ма­гистратура да бұрыннан бар академиялық дә­режедегі екі сатылы оқу жүйесі болатын-ды. Демек, бұл атау, жүйелерден аса бір ерек­шелікті көріп, естіп жүргенім жоқ. Айталық, автоматтанды­рылған компьютерлік тест әдісінде ешбір құпия, техника жоқ. Пайдасы аз, зияны шаш-етектен. Біріншіден, бұл әдіс оқы­тушыға сенімсіздік туғызады. Екін­шіден, талапкер-студенттің білім-таным жү­йесін бағалап-анықтауда ағаттыққа, сенім­сіз­дікке душар етеді. Тегінде, оқыту ісінде іл­ге­рілеу үшін компьютерлік жүйеге алыс-жа­қындағы оқыту ісі түгелдей көшуі қажет-ақ.
Техникалық прогреске ұмтылған абзал. Бұл ретте мектептің төменгі сыныптарынан емес, 5-7 сыныптардан кейін-ақ үйретсе ұтылмас дер едім. Білім-ғылым жүйесі – мемлекеттік бағытта болғаны жөн. Білім негізі мектепте алынатындықтан, оқушы мен оқыту ісінен көмек-қамқорлықты аямау керек. Өкініштісі бізде бұл бағыт керісінше немесе талап деңгейінде емес. Бұл барша­мыз­ға ой салуы керек. Өйткені білімді ұрпақ – ұлт мақтанышы.
Еліміздің қай жерінде де ұстаз мерейін үстем ету керек-ақ. Бұл күнде олар уақытпен санаспай еңбек етеді: бірақ беделі төмен, жалақысы аз, жағдайы жоқ. Мұғалім мәр­тебесі, маман дайындау ісі – басты мұрат.
Балаға жүйелі білім береміз десек, ақыл-парасатқа кең өріс ашамыз десек, оқу, оқыту ісі бей-берекеттікке салынбауы керек. Мыса­лы, Білім министрі абыройсыз қызметінен босайды, ұстаз беделі төмен, оқулықтар төңірегінде дау-дамай көп.
Мектеп жүйесінде, жоғары оқу орын­дарында оқушы-студентке көзқарас төмен. Ақылы оқуға есік айқара ашылған. Бұған халқымыздың әлеуметтік, материалдық ахуалы келе ме? Ауылдағылардың жағдайы жақсарды деуге әлі ерте. Мұны әкім де, оның төңірегіндегілер де біледі. Бірақ халықтың алдына бармайды, олардың бетіне тура қарай алмайды. Қысқасы, ауыл мен қаланың арасында алынбас асу, «қазақы қамал» берік-ақ… Меніңше, білім жүйесіне қатысты ре­форма жауапсыз сұрақтарға нақты іс-әре­кеттермен талдау жасау қажет. Әзірге, бұл бағытта елең еткізерлік бастама да, байыпты талдау да, нақты іс те көрінбейді…
Талантты тану қиын ба?
Адам өмірі, оның жастық кезеңі – ғажап шақ, сәулелі сәт қой, шіркін! Жасқа – жі­гер, арман-қиял, күш-қуат тән. Өмірде бір-ақ рет берілетін, қайталанбайтын, орал­майтын таңғажайып әрі тынымсыз, ізденіс-ізгілікке толы, сәулелі-сәулетті сәтті есте қа­латын, ұмытылмастай өткізу – адам­ның мұ­­раты, ұлы мақсаты. Ойшыл-оқы­мыс­ты­лардың айтқан­дарында да, зор шын­дық, үл­кен мән бар. Ж.Руссо: «Жастық шақ – да­на­лықты меңгеруге арналған уақыт, кәрілік – оны қолдануға ар­налған уақыт» – десе, ақын Абай: «Жастықтың аты арындап, Тас қияға өрледің», – деп тап басып көрсетеді.
Жас ғалым, қаламгерлер жайлы айт­сам, әрине ізденіс, талап-талғам керек-ақ. Нарық талабы, салмағы жас ғалым, қаламгерлерге де тым ауыр тиді. Талапты мен таланттыны тану қиынға соқты. Айтып-жаз­ғанын жеткізу, жариялау да оңай болмағаны анық. Алайда қазір уақыт өзгерді, көп нәрсе оң бағытқа бұрылды. Осы тұста жас ғалым, қаламгерлер дарын-талантын ақиқатқа айналдырып, шындыққа суарып, соны ізденіс, бастамаларға бет бұрғаны жөн. Өткен тарихқа, тұғырлы тұлғаларға, даңқты даму жолдарымызға ден қойып, өмірдің өзіне, шындық көзіне, ақиқат сөзге жол ашсақ – талант табиғаты таныла түсер еді. Ол үшін, әрине жас ғалым, қаламгерлер ізденісті – се­рік, еңбекті – мұ­рат, білімді қару еткені нұр. Өйткені «Бі­лімді болу – белгісіз нәрсені ашу қабілетіне ие болу деген сөз. Ал белгісіз нәр­сені аша білу – ол теориялық өнердің бар­­лығына тән, ортақ жайт» (әл-Фараби).
Демек, білім – ұлы күш. Бұл – үлкен-кі­шіге керек құндылық.

Әдебиет тарихы – халық зердесі
Өткен тарихымызды, яки халық зердесін бар қырынан жарқырата көрсетіп, әдебиет, мәдениет мұратын көп болып, кең көлемде ойлап, жүзеге асыруымыз керек. Ол үшін кешенді ізденіс, маңызды мәселе, зерттеу­лерге бет бұрып, баруымыз қажет-ақ. Ерте дәуірлердегі әдеби-мәдени мұрағат­тар­дағы аңыз бен ақиқатты, ақын-жыраулар мен би-шешендер сөздеріндегі даналық ойларға, иман иірімдеріне егемен елге лайық, тәуелсіздік талаптары тұрғысынан танып-таразылау міндеттерін жүзеге асыру – кәделі іс. Тегінде, мұндай маңызды міндеттерді «бармақ басты, көз қысты» қағидасына табан тіреп, жең ұшынан жалғасып, жеңіл-желпі жүргізбей, керісінше көңіл қалауымен, жүрек әмірімен атқарған абзал.
Өйткені халық тарихы – әдебиеттің биік мұраттары негізінде кейінгі буынға рухани нәр ретінде жетеді. Әдебиет тарихы – халық зердесі, ғасырлар мұрасы, шежіресі. Ендеше, үлкен-кішіміз өткен тарихымыз­дың қадірін біліп, болашаққа байыпты бар­лау жасап, өркениет өрісіне алып адым­мен, ақыл-па­ра­сатқа құштарлықпен қадам басса, нұрға нұр қосылады, абырой артады. Ел мұраты асқақ­тайды. Ұлт өседі.
Асылы, халыққа қызмет ету асыл арман, ұлы мұрат, басты борыш болуы тиіс. Осы бағыт, жолда жүру – ғанибет әрі кәделі іс. Өмір мұраты – осы.

Рахымжан ТҰРЫСБЕК,
филология ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:

Пікір жазу


*