Еңбегі – ерен, өмірі – өнеге

160
0
Бөлісу:

«Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынса­рин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рақаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы. Өзгеге өзі білетін әлемнің қат-қабат құпиясын бүкпей жайып салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан қай кезде де мәртебелі саналып келді емес пе? Осы тұрғыда ұстаз еңбегін айналып өту қисынсыз да шығар, бәлкім?! Өйткені оның еңбегі – өлшеусіз. Өз баласынан өзгенікін жоғары қоятын бір мамандық иесі болса, ол тек ұстаздың ғана қолынан келуі мүмкін. 

«Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың уытын, алып келді десеңші» деп шат болған жақсы­лардың бірі – бүкіл еңбек жолын оқу-ағарту саласына арнаған, Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері Аягүл Миразова туралы ой толғап, сыр шертпекпін. Ол 1971 жылы Жамбыл педагоги­калық институтын тамамдап, еңбек жо­лын Жамбыл облысы Жуалы ауданы Билікөл өңіріндегі Қарабастау аулындағы орта мектепте математика пәнінен мұға­лім болып бастап, кейін директордың тәрбие жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. 1977-1989 жылдарда Алматы қаласындағы №86 мектепте математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, ал 1989-1991 жылдарда №136 мектепте ди­ректордың оқу ісі жөніндегі орынба­сары қызметін атқарған. Еңбегін бағала­ған білім басқармасы 1991 жылы тамыз айында ашылған Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектептің тұңғыш ди­ректоры етіп тағайындаған. Ерен еңбе­гінің арқасында осы мекемені 25 жыл үздіксіз басқарып келген.
Педагог – таңдап алған маман­дығының қыр-сырын жетік білетін, ең­бекқорлығы мен тынымсыз іс-қи­мы­лының жемісін көріп, шәкірттерінің сүйікті ұстазына айналған жан. Рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының бо­ла­шағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі жылы, көңілі дарқан адам.
Аягүл Төреқызының педагогика саласындағы ұзақ жылдар бойғы еңбе­гінің нәтижелі болып, халыққа танымал бо­луының өзі – мамандығының тео­риясы мен тәжірибесін қатар алып, шыңдалып қоймай, ұстаз ұлағатын өзге әріптестеріне дарыта білген майталман маман бола білгенінде.
Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияда орыс тілінен сабақ беріп әрі директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеген сәттерімде Аягүл Төреқызының қасында жүріп, үйренгенім көп. Өмірден түйгені мол, кемел ойлы тұлға ретінде жақсы біле­мін. Терең білімі, берік ұстанымы, іскер­лік қабілеті мен адамгершілік қа­сиеті – бәрімізге үлгі. Кемшілігіңді жай­лап айтып, түсіндіріп, сәл ғана жеті­сті­гіңді жарқырата көрсетуге тырысып, ең­сең түспеуіне ықпал етіп, ойға алға­ныңды іске асыруға құлшындыратын қа­сиетінен өмірлік сабақ алып, мол тә­жірибе жинадым. Сондықтан тәрбие мектебінде тәлім беруші ұстаздарға құрмет көрсетілгені абзал.

Сәуле ТӨРЕҚҰЛОВА,
№69 орта мектептің директоры
Алматы қаласы

Бөлісу:

Пікір жазу


*