Аборт албырттық па, салғырттық па?

284
5
Бөлісу:

Абортты алғаш бастаған ел – Кеңес Одағы
Әлқиссасын жақында жарық көрген «Махаббат­тың мәні» кітабынан үзін­­діден бас­та­лық. «1913 жылы Ресейде Пи­роговск дәрігерлер съезі өтті. Онда алғаш рет аборт мәселесі тал­қы­ланды. Бұған дейін әлемнің ешбір елінде, оның ішінде Ресей им­периясында да абортқа рұқсат жоқ еді. Бұл жиында дәрі­гер­­лер жасанды түсік жасат­қан әйелді заңмен қудала­мау­ды талап етеді. Мұны естіген Ленин ерте­сіне «Правда» газетіне ма­қала жариялады. «Бур­жуазия­лық ортада әйелдің құрсақ кө­теріп, бала тууына барлық жағдай жасалған. Ал жұмысшы таптағы әйелдің жүктілігі – үлкен қайғы. Өйткені оның жұмыс істеуі қиындайды. Босанған соң баланы бағып-қағып, жеткізу оңай емес. Онсыз да күнін әрең көріп жүрген кедейлерге бала бағу – ауыр соққы. Пәтері тар. Оның үстіне жұмысшы әйел­дің әрі-бері көшуіне кедергі келтіреді. Кейде әйелдер зорлықтан жүкті болады. Ондай баланы туғысы келмейді. Іштегі баланың ауру боп туылу қаупі тағы бар немесе ол әйелдің басқа біреуге тұрмысқа шыққысы келуі мүмкін. Осындай әлеу­меттік мәселелер ескерілмеген. Сондық­тан абортқа рұқсат берілуі керек. Байлар жүктіліктің алдын алады, жасырын болса да аборт жасатады. Ал кедейлер төсек мәселесінде сауатсыз. Жасырын аборт жасатқан жағдайда жауапқа тартылады. Абортқа тыйым – демократия принципіне қарсы» деді. Бұл большевиктердің аборт жайлы алғашқы ресми ұстанымы еді. 1917 жылы билікке келген соң абортқа еркін­дік берді. «Әрбір совет әйелі эмансипа­цияға (emancipatio – тең құқық, азаттық) қол жеткізіп, сексуалды еркіндігін өзі қадағалауы керек» делінді. 1920 жылы 19 қарашада арнайы заң шығарды. Бұл кезде әлемнің ешбір елінде абортқа рұқсат жоқ. Енді статистикаға көз жүгіртейік. 1924 жылы абортты тегін жасау жөнінде шешім шығып еді, Мәскеуде 14 мың аборт тір­келді. 1925 жылы 18 мың, 1926 жылы 36 мың, 1927 жылы 46 мыңға жетті.
Бұл – тек ресми тіркелгені. Тіркелмей жасы­рын жасалғаны қаншама? 1934 жы­лы аборт­тың өскені сонша: бір әйел бо­санып, үш әйел аборт жасатты, яғни өсім 3 есе құлдырады. 1936 жылдың І жарты­сында Ленинградта ғана 44 мың әйел аборт жасатқан. Бағасын көтергеннен ештеңе шешілмеді. 1936 жылы 27 маусым­да Сталиннің абортқа тыйым салатын арнайы қаулысы шықты. Енді аборт жасатқандар да репрессияға ұшырайтын болды. Сталин дүние салған соң аборт мәселесі қайта көтерілді. 1954 жылы аборт жасатқан әйелді қудалау тоқтады. 1955 жылы Жоғары Президиумының Жарлығымен абортқа қайта рұқсат етілді.
Тоқетерін айтқанда, қазір әлемде аборт жасау қалыпты құбылысқа ай­налды. Оны заңмен шектеу мүмкін емес. Егер шектелсе, адамның таңдау құқығы мен еркіндігіне қол сұғылады әрі жасы­рын әрекеттер көбейеді. Жүктіліктен қорғайтын препаратты мың жерден көбейт­кенімен, бұл бізді тығырықтан шығармайды. Қазір әлемде жүктіліктен сақтайтын дәрі-дәрмек, қауіпсіз қатынас құралы көптеп таратылады. Сақтандыру насихаты да күшті, бірақ әлемдегі жыл сайынғы аборт көрсеткіші 50 миллионнан төмендейтін емес. Бұл мәселеде ортодо­к­саль медицина мен психология ғы­лымының үйреншікті әдіс-техникасының тиімсіздігіне көз жеткіздік. Сондықтан бір уақыт экзистенциалистердің пікіріне мән берейік. Олар жеңіл жүріс пен некесіз жүктілік, аборт мәселесін шешу үшін жастарға құмарлық, махаббат, ғашықтық, жауапкершілік феномендерін кеңінен түсіндіру керек дейді. Жыныстық қатынас пен эротиканың, махаббаттың бөлек-бөлек феномен екенін тарқатып айту қажет. Осыларды жастардың санасына құйған жағдайда ғана аборттан саналы бас тартуға болады. Біз абортпен күрес­пейміз. Адамды аборт жасауға алып ке­летін факторлардың түп негізіне үңілеміз» делінген.

Әлем бұл үрдіске қашан үн қоса бастады?
Расында Еуропа елдері жасанды түсік мәселесінде Кеңес Одағының үлгісін қолданды. Атап айтқанда, II Дүниежүзілік соғыс аяқталған соң ғана қолға алған. 1955 жылы КСРО-да әйелдерге еркімен аборт жасату араға 20 жыл салып қайта рұқсат етілгенін айттық. Осыдан бастап көр­шілес социалистік елдер де ілесе бас­тайды. Мәселен, Болгария, Венгрия, Польша және Румыния 1956 жылы, Чехословакия мен Югославия 1957 жылы жасанды түсікке рұқсат береді. Он жылдан кейін бұл үрдісті Ұлыбритания іліп әкетсе, 1973 жылы – Данияда, 1974 жылы – Швецияда, 1975 жылы – Францияда, 1976 жылы – ГФР, 1981 жылы Нидерландыда қабылданған. 1978 жылға дейін Италияда әйел денсаулығына кері әсер ететін болса ғана аборт жасатуға рұқсат болған екен. Кейін өзгерістер енгізілген. Португалиялық әйелдер 2007 жылы жасанды түсік жасатуға қол жет­кізсе, Испанияда 2010 жылы ғана рұқсат етілген. Биылғы 25 мамырға дейін Ирландияда тыйым салынып келген екен. Яғни, 2018 жылғы референдум ке­зінде қатысушылардың 66,4 пайызы абортқа тыйым салатын конституцияға өзгеріс енгізу керек деп дауыс берген. АҚШ-та жасанды түсікті ел бойынша заңдастырған уақыт – 1973 жылы. Қытай, Үндістан, Тунис, Куба сынды елдерде 1960-1970 жылдары реформа жүргізілсе, 1985-2010 жылдар аралығында Оңтүстік Африка елдерінде, Камбоджа, Непал, Вьетнам, Гайанада іске асырылған. 2012 жылы аборт декриминализациясы Уругвай­да қабылданған.

Кодексте не көзделеді?
Денсаулық сақтау кодексін қабылдар алдында қоғамдық тыңдау өткізіліп, талқыға салынады. Соның нәтижесінде қандай нормалар енгізілетіні шешіледі. Мәселен, мектептерде жасөспірімдерге мүшеқапты тегін тарату ұсынылып отыр. Бұл туралы сала министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова: «Жастар контрацептив­терді қолданбайды. Өйткені бұл туралы ақпарат аз. Кодекс аясында жастар мен жасөспірімдерге контрацептивтерді тегін таратуды қарастырып отырмыз. Сонымен бірге, 16 жасқа дейінгілердің ата-анала­ры­ның рұқсатынсыз аборт жасатуына заң­мен рұқсат ету механизмін де қарай­мыз. Медициналық көмектің сапасына дәрігерлер жауап береді. Бүгінде респуб­ликада жастарға ақпараттық-психоло­гиялық қолдау білдіретін 105 орталық бар. Көздегеніміз сол – жастардың сонда ба­рып, кеңес алғаны. Бұл болса, жас­тардың репродуктив денсаулықты сақтауына әсер етер еді» дейді.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева қазіргі заңда дәрігерлердің ата-ана рұқсатынсыз көрсететін қыз­меттері шектеулі екенін айтады. «Мұндай шектеу, мәселен, ерте жүкті болу, аборт немесе еріксіз жүктілікті азайтар еді. Соңғы үш жылда жасөспірімдердің жүкті болуы азайып келеді. Дегенмен еліміз 15-18 жастағы қыздардың аяғы ауырлауы жөнінен алдыңғы қатарда тұр. Осы сынды бірнеше факторларға байланысты кодекске өзгерістер енгізу керек» дейді ол. Бұл норма қабылданатын болса, мектепке не ата-анаға аборт жасалғаны туралы ақпарат жеткізілмейді екен. Өйт­кені халықаралық тәжірибеге сәйкес, мұндай ақпарат құпия сақталуы тиіс. Елімізде аборт көрсеткіші жоғары. Мысалы, 2016 жылы 79 мың жасанды түсік жасалса, 2017 жылы көлемі 95 мыңға көбейген. Демек, орта есеп бойынша күніне 260 аборт жасалады. Зерттеуші­лердің есебіне сүйенсек, Қазақстандағы әрбір үш әйелдің біреуі абортқа жүгінеді екен. Мектеп жасындағыларды айтсақ, 2016 жылы 1418 оқушы жасатса, 2017 жы­лы 2218-ге артқан.

Жасанды түсік жасатудың бес факторы
Әлемнің барлық елдеріндегі аборт статусы туралы ашық деректерді бірнеше дереккөздерден алуға болады. Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ бірлесіп, нақ осы аборт сала­сындағы саясатқа негізделген мәліметтер базасын әзірледі. Бүгінде жасанды түсікке рұқсат етілген барлық елдерді шартты түрде бес топқа бөлуге болады:
1. Әйел денсаулығын құтқару үшін;
2. Өмірін сақтау және физикалық денсаулығын қорғау;
3. Өмірін сақтау, физикалық және психикалық денсаулығын қорғау;
4. Өмірін сақтау, физикалық және пси­хи­калық денсаулығын қорғау және бір­қа­тар әлеуметтік-экономикалық себептер;
5. Әйелдің еркіне қарай.
Бірқатар елдерде зорлық нәтижесінде немесе ұрық дамуы қалыптан ауытқыған кезде абортқа рұқсат беріледі. Бірақ түбегейлі тыйым салынған 26 мемлекет бар. Аталған бес топтың ішінде бұлар жоқ. Атап айтқанда, дамыған Андорра, Мальта, Сан-Марино сияқты үш ел және 23 дамушы ел (мысалы, Ангола, Египет, Лаос, Ирак, Филиппин). Әйелді аман сақтау үшін ғана абортқа рұқсат беретін елдер саны – 39. Өмірін құтқарумен қа­тар, физикалық денсаулығын қорғау үшін рұқсат берген 36 ел және психикалық денсаулығын ойлап, тыйым салмайтын 24 ел белгілі. Дамыған елдердің ішінде бұл қатарда Польша, Монако, Лихтенш­тейн, Жаңа Зеландия, Солтүстік Ирлан­дия және Израиль бар. Әлемнің 13 елінде әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты аборт жасатуға рұқсат етілген. Бұған әсер ететін факторлар да әртүрлі: табысының төмендігі, басқа балаларын бағуға жағдайының жетпеуі және т.б. Бесінші топта, яғни әйелдің қалауына қарай аборт жасауға рұқсат етілген 61 мемлекет бар.
Израиль мен Жаңа Зеландияда шектеу болғанымен, аборт жасату қолжетімді қызмет саналады екен. Колумбияда 2008 жылы 400 мың аборт жасалса, оның тек 0,1 пайызы ғана заңды түрде жүргізілген. Үндістанда әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты абортқа рұқсат берілген. Бірақ заңды түрде жасатуға кедергілер көп болады. Мысалы, 2015 жы­лы осында жасалған жасанды түсік­тердің 78 пайызы медициналық мекеме­лерден тыс жерде жүзеге асырылыпты.

Нина КАЮПОВА, акушер-гинеколог, Республикалық бала мен ана денсаулығын қорғау ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми кеңесшісі:

Аборт мәдениеті қалыптаспаған
Бүгінде дәріханаларда түрлі контрацептив препараттар жеткілікті. Барлық емханаларда отбасын жоспарлау кабинеттері жұмыс істейді. Сол жерден жүктілікті болдырмайтын құралдарды тегін алуға болады. Қаламаған жүктіліктің алдын-алуға бағытталған ақпараттар ел бойынша көптеп айтылып жүр. Бірақ адамдардың өзі білуге құлықсыз. Бір өкініштісі – бізде «аборт мәдениеті» қалыптаспаған. Сол бір жолға қойылмайынша, заңсыз жүктілікке тоқтау қою мүмкін емес.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, ақын:

Қыз жағдайы анасына мәлім болуы керек
Қазіргі қыздардың басынан өтіп жатқан келеңсіз жағдайға қарап, бойжетер кезде әжемнен естігенім есіме түседі. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыю», «Қызым – үйде, қылығы – түзде», «Қыз баққан қысырақ баққанмен бірдей» деп отыратын. Бүгінде әже мен ана жасөспірім қыздармен сөйлесуге уақыт таппайтын сияқты. Аборт жасату дегенге өз басым қарсымын. Әсіресе, жас қызға. Қызының жағдайын анасы білуге міндетті. Аяғы ауыр болып қалған қыздың анасы оны өз мойнына алуы тиіс. Өйткені бала – Алланың сыйы. Ұлттық түсінігімізде оң жақта отырған қыздың аяғы ауыр болуын көбі ұят санайды. Тереңірек көз жүгіртсек, бәлкім, сол бала – сол әулеттің ырысы шығар. Өмірімде талай қыздың жылағанын көрдім. «Әттең-ай, сол баланы туып алғанда қазір немере сүйіп отыратын едім» деп өкінеді олар. Қыздарға өз еркімен аборт жасаудан гөрі анасымен ақылдасуға мүмкіндік жасалса, кәмелетке жетпеген қыздың баласын анасына жазып берсе дұрыс болар еді. «Ұят болады» дегеннен гөрі сәбиді қойнына салып, сүйіп отырған – адамшылықтың биік көрінісі. Аборт жасатқан қыздың болашақта бала сүймей қалуы да мүмкін. Жасанды түсік, бәлкім, оны есейгенде қуанышынан айыратын шығар. Отбасында тәрбие дұрыс болса, қыздар бүлінбес еді. Сәби қиянат көрмес еді. Қыз бала тағдыры – ұлт тағдыры деп қарауға келеді. Қандасын, қарындасын ұятқа қалдырып жүрген жігіттерге де ой салатын нәрсе бұл. Қыздар намысты, ақылды болып өсуі үшін оған жауапты әрине, анасы. Абортқа бармас бұрын анасымен ақылдасқаны дұрыс болар.

Сая БАҚИМОВА, психолог:

Мұны айтпағаннан жыныстық қызығушылық бәсеңдемейді
16 жасар қыз бала ата-ана рұқсатынсыз аборт жасатқанның өзінде бұл жаста қаншалықты жауапкершілік пен қамқорлық сезіне алады? Аборт деген қандай процесс, дұрыс емес жасалған операция болашақта қандай жағдайдың себебі бола алады, бұл жаста осыларды білу, мұндай күрделі қадамға жан-жақты ойланып бару мүмкін емес деп ойлаймын. Ата-ана рұқсатынсыз деген сөз – ата-анадан жасырып, қорқып, бірінші кезіккен жертөледей жерде (жақсы клиникаға баруға жасөспірімде ақша қайдан болсын) асығыс жасай салған, кейін қажет күтімді алмаған, атүсті шешім сияқты болып көрінеді. 16 жаста қаламаған жүктілік үлкен трагедия болып, қыз бала жүктілікті қандай жолмен болсын тоқтатам деп шешуі мүмкін. Былай есептейік, Қазақстанда орташа жас көрсеткіші 72 жас десек, 16-18 жас – тіпті өмірдің үштен бірі де емес. Алдағы өмірде денсаулық та, бала туу да керек. Сондықтан мұндай маңызды қадам жасарда қыз баланың қасына жанашыр болатын демеуші керек. Алайда мынаны айтып өтейік, елімізде ерте тұрмысқа шығу деген мәселе бар. Яғни, 16-17 жаста қыздар тұрмысқа шығып, алайда аборт жасата алмаса, бұл аздап абсурд дүние болады. Сондықтан әйел адамның отбасылық статусын да ескеру керек. Тегін контрацептивтер таратудың оң жағы – қаламаған жүктіліктің алдын-алу. Түрлі ақпарат дамыған заманда жоспарланбаған жүктілік болуы біздегі ақпараттық кеңістікте бір проблема барын және жастардың тәніне жауапкершіліксіз қарауын көрсетеді деп ойлаймын. Контрацептив таратпағаннан, ол туралы айтпағаннан, жасөспірімге қолжетімсіз қылғаннан жыныстық қызығушылық бәсеңдеп, ерте жыныстық өмір күрт тоқтай қалады деп айта алмаймыз. Бірінші пайда болған – адамның инстинкттері, жыныстық қызығушылығы, соның әсерінен барып түрлі аурудан, жүктіліктен қорғану қажеттілігі туындап, контрацептив жасалды. Себеп-салдар байланысын ұмытпау керек. Аборт – тек баланың өмірін тоқтату емес, символдық түрде әйел адамның өзінің де «аналық өмірін» тоқтату. Мұның тамыры аборт жасатқан әйелдің анасымен нәресте күніндегі қарым-қатынасында жатыр. Белгілі бір жаста (нәресте кезде) анаға өте жақын, оған тәуелді боламыз. Өсе келе, әсіресе, қыз бала анадан сепарацияланып (психологиялық түрде бөлініп), өзі де әйел екенін, болашақ ана екенін психикалық тұрғыда түсінуі керек. Егер нәресте кезінде қамқор болған ана баланың санасында «суық, мейірімсіз» болып сақталса, ондай әйел өзі жүкті кезінде бейсаналы түрде ондай анадан бас тартып, қашуға тырысады. Соның нәтижесінде баласынан бас тарту, аборт, түсік тастау сияқты мәселелер болуы мүмкін. Әр жағдайды жеке қарау керек. Бірақ жалпы қыз баланың ана рөлін қабылдай алмауы көбіне анасымен байланыста проблема барын көрсетеді. Отбасында сенім, тұрақты эмоциялық атмосфера болса, бала қандай жағдайда болсын ата-анамен бөлісе алатындай мықты байланыс болса, нені болсын бірге бастан кешіп, шешуге болады. Ерте жүктілік, аборт тек әлеуметтік жағынан жайсыз отбасыларда болмайды. Барлық адамның гормондары, физиологиясы бірдей. Қыздары осындай жағдаймен алдарына келген ата-анаға айтарым – қызыңыздың тірі болғаны керек пе, әлде «тәртіпті» болғаны керек пе? Болар іс болып, бояуы сіңген соң, бос байбаламға салмай, бірінші қыздың жағдайын ойлау керек. Жасөспірімдер жыныстық сауаттылықты пән ретінде емес, дөңгелек үстел, ашық сабақ, деректі фильм, арнайы шақырылған қонақтармен сұрақ-жауап форматында алса, тиімдірек болар еді. Себебі, пәнге айналдыру тақырыпты тым формальды қылып жібереді. Әрі мұғалім-оқушы қарым-қатынасы өкінішке қарай, көп жағдайда өте директив, «күшті мен әлсіздің» қарым-қатынасы. Сондықтан дене, жыныстық жетілу, түптің түбінде өмірді жалғастыру сияқты маңызды тақырып мұғалім сабақ түсіндіріп, оқушы тәуелді күйде қалып қоятындай емес, ересек адамдар тең отырып, ақпаратты бөлісетін, қажетсіз құпия мен стереотиптен ада сенімді ортада айтылса, жақсы болар еді.

Жаһан­дық дең­гейде аборт санын есептеу оңай емес. Осындай есептеу­лермен АҚШ-тағы Гуттмахер институтының мамандары айналысады. Соңғы зерттеу 2018 жылдың басында жарияланған. Сол жердегі мәліметтермен бөлісейік. 2010-2014 жылдары әлемде жыл сайын 55,9 миллион аборт жасалған екен. Соның ішінде, 49,3 миллионы – дамушы елдерде, 6,6 миллионы – дамыған мемлекеттерде. Аборттың қазіргі жаһандық деңгейі бойынша, әр әйел өмірінде кем дегенде бір рет аборт жасатады екен. Жасанды түсікке жаппай тыйым салу мүмкін емес. Олай еткен жағдайда адам құқығына қол сұғу болады. Зайырлы мемлекеттің заңына қайшы. Бәлкім, бірінші кезекте отбасы институтын нығайту керек болар.

Жадыра Аққайыр

Бөлісу:

5 пікір жазылған

  1. Тимур 9 Желтоқсан, 2018 at 22:45 Жауап

    Қаншама жұмыстар жүріліп жатыр. Вич қалай таралады, қалай сақтану керек. Жасөспірімдер ақпаратты қабылдамайтын болып тұрғо

  2. Мурат 9 Желтоқсан, 2018 at 22:45 Жауап

    Значит нужно больше вести профилактические, информационные работы среди подростков, молодежи и т.д.

  3. Абылай 9 Желтоқсан, 2018 at 22:45 Жауап

    Страшные цифры. Нужно проводить специальные беседы. Обьяснять рассказывать. Помню в школе были подобные беседы

  4. Даурен 9 Желтоқсан, 2018 at 22:48 Жауап

    Да пугающие цифры. Конечно понимаю современность, но ведь цифры реально страшные. Это значит надо работать с духовностью молодежи

  5. Әлібек 9 Желтоқсан, 2018 at 22:49 Жауап

    Ну про то, что не остановить половую активность средм подростков понятно. Но нужно ведь предохраняться. Официально и неудобно об этом кричать.

Пікір жазу


*