Күн және жел электр стансалары іске қосылды

253
0
Бөлісу:

«Самұрық-Энерго» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгін Қазақстанның энергетикалық кешені жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) екі нысанымен толықты. Алматы қаласында қуаты 1 МВт Күн электр стансасы (КЭС) және қуаты 5 МВт Жел электр стансасы (ЖЭС) іске қосылды. Осыған орайластырылған салтанатты іс-шара КЭС орналасқан «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағында өтті.

Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтерінің арасында жасалған келісім аясында іске асырылды. Оның операторлары ретінде: Қазақстан тарапынан – «Самұрық-Энерго» АҚ, Қытай тарапынан – «Powerchina Zhongnan Engineering Corp. Ltd» компаниясы белгіленді.

Құжатқа сай, Қытай тарапы Алматы қаласындағы КЭС-тің және Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұрлы кентінің маңында орналасқан ЖЭС-тің  құрылысын аяқтап, Қазақстан тарапының меншігіне тегін өткізеді. Өз кезегінде, «Самұрық-Энерго» құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасады. Атап айтар борлсақ, құрылыс алаңдарын су, электр, күре жолдан бастап құрылыс алаңына дейінгі кіреберіс жолмен жабдықтады. Сондай-ақ қытайлық серіктестеріне жабдығын кедендік декларациялау, визалық қолдау көрсету, қажетті құжаттамасын рәсімдеу, рұқсаттама қағаздарын алу, орындайтын жұмыстарының сапасын бақылау секілді көмектер көрсетіп отырды.

72 сағатқа созылған кешенді сынақтар мен байқау нәтижесі бойынша, күн және жел стансалары пайдалануға толық дайын.

Стансаларды іске қосу рәсіміне қатысқан «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов мемлекеттер арасында орнатылған «жасыл көпір» ЖЭК пайдалану саласында одан әрі тәжірибе алмасуға бағытталған деп атап өтті. Бұл Қазақстанның өзіндік ғылыми-техникалық әлеуетін дамытуға, елімізде ғылыми және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін жағдай жасауға және «жасыл» энергетика саласындағы мамандарды оқытып, дайындауға мүмкіндік береді. Қазақстандағы аса ірі энергетикалық холдингтің басшысы сондай-ақ «Самұрық-Энерго» АҚ-тың экологиялық таза электр энергиясын өндіру саласында көшбасшы болып табылатынын, ЖЭК нысандарын операциялық басқару, жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету саласында тиісті білімі мен тәжірибесі бар екенін атап өтті.

Нысандарды құруға «CITIC Construction Co, Ltd» компаниясы бас мердігер болды. Ол – Қытайдың «жасыл» энергетика саласында кешенді қызмет көрсететін аса ірі  мемлекеттік инвестициялық корпорацияларының бірі. Компанияның Шығыс Еуропа және ТМД Департаментінің бас директоры Ли Цзяньхуэй мырзаның сөзінше, қуаты 1 МВт КЭС-тің жобасы бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары өткен жылы желтоқсанда басталып, биыл қазан айында аяқталды. Ал қуаты 5 МВт ЖЭС-тің жобасы бойынша жұмыстар осы жылдың наурыз-қараша аралығында атқарылды. Күн стансасы екі типті: еңкею бұрышы бекітілмелі және реттелмелі металл конструкцияда орнатылған 3 608 фото электр модульдерден тұрады. Жел стансасының құрамында әрқайсысының қуаты 2,5 МВт болатын, Қытайдың  GoldWind компаниясы жасап шығарған екі жел энергетикалық қондырғы бар.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы жаңартылатын энергетика секторын дамытуды қолдау жөніндегі алғашқы заңнамалық бастамалар – жылу және электр энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын көздерді пайдалануды қолдауға бағытталған «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заң 2009 жылы қабылданған болатын. 2013 жылы жаңартылатын энергетика секторын мемлекеттік қолдау механизмі іске қосылды. Ол жаңартылатын энергия көздері өндіретін бүкіл электр энергиясын бекітілген тарифтер бойынша кепілді түрде бір орталықтан сатып алуға негізделген.

Бүгінгі таңда «Самұрық-Энерго» АҚ жаңартылатын энергия көздері саласындағы екі жобаны: Қапшағай қаласындағы қуаты 2 МВт КЭС-ті  («Samruk-Green Energy» ЖШС) және Ерейментау қаласындағы қуаты 45 МВт ЖЭС-ті («БЖЭС» ЖШС) іске асырды. 2018 жылғы 10 айдың өзінде бұл нысандарда өндірілген электр энергиясы 134,4 млн кВтсағатты құрады.

 Гүлнар ТӘЖИЕВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз