Батыр Жүкембаев «Канеломен» бір промоутерлік компанияда мансабын жалғастырмақ

553
0
Бөлісу:

Бірінші жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық Батыр Жүкембаев кәсіби мансабын Golden Boy Promotions орталығында жалғастыруы мүмкін. Сенімді дерек көзінің мәліметінше, Батыр келесі кездесуін 26 қаңтарда Квебекте өткізуі мүмкін.

Оның қарсыласы Батырдың клубтасы – Матье Жермен екен. Бұдан кейін Батыр ТОП-15-ке енетін боксшылармен жұдырықтасуы мүмкін. Қазіргі таңда Eye of Tiger Managment промоутерлік компаниясы Батырдың титулды жекпе-жекке шығуы үшін Golden Boy Promotions компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді. Еске сала кетсек, Golden Boy Promotions әлемге атағы танымал біраз боксшылардың шаруасымен айналысады. Оның ішіндегі ең жарық жұлдызы – Сауль «Канело» Альварес.

Бұған дейін Батыр Жүкембаев өз карьерасын АҚШ-та жалғастырғысы келетіні жайлы айтқан еді.

«Менің басты мақсатым – АҚШ-та жекпе-жек өткізу. АҚШ-ты «Бокстың Меккесі» деп тегін айтпаса керек. Мен Головкин жұдырықтасқан кездесуге бардым. Ондағы атмосфера маған қатты ұнады. Америкада бокс жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Сондықтан карьерамды сол жақта жалғастырсам деймін. Әр спортшының өзіндік сапасы мен алға қойған мақсаты бар. Головкинге ұқсау мәселесіне қатысты ештеңе айта алмаймын. Әр адамның жолы әртүрлі. Алдағы қарсыластарым туралы айту қиын. Қазір Теренс Кроуфорд менің салмағымнан кетіп қалды. Әзірге нақты мына қарсылас деп ешкімді айта алмаймын. Дегенмен мықтылар өте көп» деген еді Жүкембаев.

Батыр өзінің соңғы кездесуін 6 қазан күні Квебекте өткізіп, мексикалық Патрисио Мореноны жеңген болатын. Осыған дейін 14 кездесуде 14 рет жеңіске жетіп, 12 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*