Түбіртекпен темір тұлпар мінуге мүмкіндік бар

366
0
Бөлісу:

Түбіртекпен темір тұлпар мінуге болады. Бұл – ертегі емес, шындық. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп 4 жылдан бері «Түбіртекті талап ет те – жүлдені ұтып ал!» науқанын өткізіп келеді.

Бүгінге дейін түбіртек тапсырып, бағы жанғандар саны жетерлік. Соның үшеуі бас жүлдеге ие болып, автокөлік иесі атанды. Мәселен, 2015 жылы Әлібек Мусин есімді азаматтың бағы жанған еді. Сондай-ақ Равиль Хайруллин (2016) және Әсет Әмірқұлов (2017) темір тұлпарды тақымына басты.
Жалпы «Түбіртекті талап ет те – жүлдені ұтып ал!» науқаны облыстардың бәрінде ойнатылады. Жыл сайын 300-ге жуық сыйлық өз иесін табады екен. Жыл соңында республикалық ойын өтіп, онда бас жүлде – автокөлік сарапқа салынады.
Бұл жүлдеге қол жеткізу үшін не істеу керек? Ол үшін «Wipon» тегін мобильді қосымшасын Apple store немесе Playmarket-тен қондыру қажет. Содан кейін сауда жасағанда берілетін чекті қосымша арқылы жолдап отырасыз.
Мұндай бастаманың игі тұстары өте көп. Біріншіден, бұл науқанның басты мақсаты – тұтынушылардың өз мүддесін қорғап, салық төлеу мәдениетін қалыптастыру. Екіншіден, елдегі көлеңкелі бизнеспен айналысатындардың, табысын жасыратындардың жолын кесуге үлес қосады.
Салықтан түсетін сома көбейсе, өндіріс өркендеп, жұмыс орындарының саны артады. Елдегі қоғамдық, экономикалық жағдайы тұрақты болса, инвестициялық қызметке оң әсерін тигізіп, мемлекеттің қарқынды дамитыны белгілі.
Дамыған елдерде тауар сатып алғанда, сатушы түбіртекті қосып қолына ұстады. Бұл жерде сатып алушы да, сатушы да мұны міндет ретінде қарайды. Өкінішке қарай, елімізде түбіртекке аса мән бермейміз.
«Теңіздің тамшыдан құралатыны» анық ғой. Ендеше, әр түбіртектен түсетін салықты мемлекеттің нығаюына арналған тамшы деп қарау керек. Қарапайым математикаға жүгінейік. Мәселен, бір тұтынушы 10 мың теңгеге сатып алған тауарының түбіртегін талап ету арқылы мемлекет бюджетіне 300 теңгенің түсуін қамтамасыз етеді. Егер 100 мың адам түбіртек талап етсе, бюджетке қанша қаржы түседі? Ал түбіртек алынбай, сатушы салықтан жалтарса, бюджетке қаншалық зиян? Ендеше, салықты қалтаға түсетін салмақ ретінде емес, саналы түрде әр азаматтың елді өркендетуге, шаруашылықты шалқытуға қосатын маңызды үлесі деп қараған дұрыс.
Жалпы, халықтың жағдайын жасау үшін мемлекеттің белгілі деңгейдегі экономикалық қуаты болуы тиіс. Оны қалыптастыратын жеке және заңды тұлғалардан түсетін салық. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік кірістер комитетінің азаматтардың салық төлеу белсенділігін арттыруға арнаулы науқандар ұйымдастырып, оған жалпыны жарыса үн қосуға шақыруы ел игілігі үшін жасалған әрекет.

А.Ахметқазы

Бөлісу:

Пікір жазу


*