Тәу етеріміз – Түркістан

383
0
Бөлісу:

Женгиз ТОМАР:
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректор-өкілі, профессор- доктор:

– Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай,
Түркістан дегенімізде түркі халықтарының отаны, тамыры тереңде жатқан көне Ясы, бүгінгі киелі Түркістан еске түсетіндігін сөзсіз. Ислам мәдениетінің ең маңызды өкілі Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген және кесенесі орналасқан қасиетті Түркістан бізге Анадолы мен Балқан елдерінің рухани тәлімгерлері Юнус Эмре мен Мәулананың ілімі мен шығармашылығы арқылы жақсы таныс. Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі қалаға дәстүрлі түркілік рух береді. Біз – Түріктер Анадолы топырақтарында селжук мемлекетін құру барысында түркістандық ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің баға жетпес исламдық өркениет қағидаларын ұстандық. Селжук мемлекеті әр түрлі діндер мен мәдениеттерден құралған, алты ғасыр бойы тарих сахнасындағы ең үлкен мемлекет болды. Таяу Шығыстағы, Балқан елдеріндегі және Солтүстік Африкадағы шәкірттері Ясауи жолын ұстана отырып, осы мемлекеттің негізін қалады.
Түркістан тек ежелгі қала ғана емес, қазақ елінің басынан өткен ірі тарихи оқиғалардың куәгері, күллі түркі әлеміне ортақ терең тарихының символы. Қазақ тарихының барлық хандарының, батырларының Түркістанмен жолдары қиысқан. Бұл тарихы тұлғалардың есімдері кесененің қабырғасында да жазылған.
Көптеген өркениеттердің тарихында үлкен қалалармен қатар, қасиетті мекендер болған. Дамаск, Бағдат, Каир және Ыстанбұл сияқты қалалар ислам мәдениетінің тарихы мен мәдениетінің бас қалалары болса, Мекке, Медина және Иерусалим киелі мекен мәртебесіне ие. Бұл қасиетті қалалар бас қалаларға қарағанда көлемі жағынан кішірек болғанымен, рухани жағынан алдыңғы қатарлы қалалар болып саналады. Дәл осылай қазақ елінің тарихын алып қарағанымызда, Түркістан қаласы, Астана, Алматы, Шымкент сияқты үлкен болмағанымен, Ахмет Ясауи ғұламаның ізі қалған Түркістан – Қазақстан және бүкіл түркі әлемі үшін рухани жағынан қайталанбас қасиетті қала. Тарихи кезеңдерде мұсылман қазақтар түрлі қиындыққа тап болғанда, Ахмет Ясауи кесенесінен медет іздеген, оның іліміне сүйенген. Аса маңызды жайт, бүгінгі таңда батыс тілдеріндегі радикалдық немесе фундаментальдық тұжырымдамаларға қарсы антидот болып табылатын, исламның сопылық мәдениеті ислам әлемінің солтүстік және түрік аймақтарында тарағандығы. Қаланың кемінде 1500 жылдық тарихы бар. XII ғасырда Қожа Ахмет Ясауи және өмірден өткенен кейін салынған кесенесі қаланың рухани орталыққа айналуына себепші болды. Тарих беттеріне үңілетін болсақ, сыртқы күштер қазақ жеріне ғасырлар бойы христиандық және будизм сияқты діндерді үгіттеп енгізу насихаттарын жүргізген, олардың бұл мақсаттарын жүзеге асыра алмауының басты себебі, Түркістан мен Ахмет Ясауидің құдіреттілігі еді. Бұл кесененің құрылысында XIV ғасырдың соңында Ұлы даланы жаулап алушы Әмір Темірдің рөлі ерекше. Ортағасырда Түркістан Жібек жолының бойында орналасқан маңызды сауда орталығына айналды. Әрі діни, әрі сауда орталығы болғандықтан, әрдайым сыртқы күштердің назарында еді, сол себепті жиі-жиі шабуылдар жасалатын.
Ясы қаласының тарихы туралы негізін қалаған Қожа Ахмет Ясауиден артық айту мүмкін емес. XI ғасырдың соңымен XII ғасырдың бас кезеңдерінде Исфиджабта (Сайрам) туған Ахмет Ясауи Түркістанға өзінен кейін өшпес рух, ұмытылмас мұра қалдырды.
Өмірден өткеннен кейін де Түркістанда, қазақ жеріндегі дәстүрлі ағымы Анадолыдан Балқан елдеріне, Үндістаннан Солтүстік Африкаға дейін тарады. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері ғұламаның өсиеттерін бүгінгі күнге дейін дәріптеп келеді. Ұзақ жылдар бойы орын алған басқыншылық кезеңінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның хикметтері халықты өз рухынан алшақтатпаған. Қожа Ахмет Ясауидің танымал «Диуан-и Хикмет» шығармасы мен Түркістанда орналасқан кесенесі бұл рухты бүгінгі күнге дейін жандандырып келеді. Бұл рух әлемнің төрт бөлігінен мұсылмандарды киелі жерге тоғыстырып отыр.
Қазақстан Президенті құрметті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан және түркі әлімінің дамуына тың серпіліс әкеліп, Кеңес Одағының ыдырауынан кейін 1991 жылы заманауи Түркістан мемлекеттік университетін ашты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл оқу ордасы Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластықты нығайтудың символы ретінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта қалыптастырылды. Бұл шешім бүкіл түркі әлемінің мақтанышы мен алтын арқауына айналды.
1990 жылдары 20 мың халық тұратын бұл қала қазіргі таңда тұрғындары 100 мыңан асқан облыс орталығына айналып отыр. Түркістан – 2017 жылы «Түркі әлемінің бас қаласы» атанды. Ал 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен облыс орталығына айналып, өңірде жаңа бір серпіліс болып жатқаны айқын байқалады. Н.Назарбаевтың Түркістан қаласына ресми сапарында Бас жоспары таныстырылып, жаңа саябақтар, заманауи әуежай, әкімшілік ғимараттары, мұражайлар, мектептер, қонақ үйлер, бизнес және сауда орталықтарының ірге тасы қаланды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың отызға жуық жыл бұрын көздеген Түркістан жоспарларын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Түркі әлемінің ақсақалы соңғы жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Түркістан туралы айтып өткен. Қазақстан мен түркі әлемі үшін бағдар болып саналатын бұл мақаласында тек қазақ халқы үшін ғана емес, сондай-ақ түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанның халықаралық аренада беделін арттыру қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар, 2019 жылы Түркістанда түркі халықтарының мәдениет күндерінің ұйымдастыратындығы көңіл қуантып отыр.
Бұл маңызы зор мақаланың «Түркі әлемінің бесігі» атты 5 бөлімінде рухани көшбасшы Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістан қала¬сының маңыздылығына айрықша мән берілген. Мәртебелі Назарбаевтың 1991 жылдан бергі Түркістан қаласына байланысты барлық шешімдеріне қарап, келешекте бұл қаланың Астана сияқты қарқынды дамыған Түркі әлемінің рухани бас қаласы боларына сеніміміз мол!

Бөлісу:

Пікір жазу


*