Елі сүйген, елін сүйген…

133
0
Бөлісу:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Тәуелсіз Қазақ елінің әлем халықтарымен тең дәрежеде бәсекелестікке түсіп, өркениетті жолмен өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп келе жатқан теңдессіз тұлға.
Ол жай саясаткер емес, нағыз сарабдал саясаткер. Дамудың салиқалы жолын ұстанып, небір қиын-қыстау кезеңдерде асықпай-аптықпай, қажетті жерде батыл, өткір шешімдер қабылдап, елімізді бұрын-соңды болмаған жаңа биіктерге көтерді. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақ­стан Республикасы Президентінің бірінші тікелей бүкілхалықтық сайлауы болды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 98,7% дауысын алып, сенімді жеңіске жетті. Нұрсұлтан Назар­баевтың әлемдік деңгейдегі көшбас­шылық қасиетін қазір бүкіл дүниежүзі танып, мойындаған.
Қазақстан тәуелсіздігімен бірге Мем­лекет басшысының атақ-даңқы төрткіл әлемге кеңінен танылды. Бұл күнде Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіл әлем біледі, барлығы да мойындайды және аса құр­меттейді. Егемен мемлекетке тән барлық қажетті атрибуттарды жасау оңайлыққа түспегені белгілі. Алайда өршіл рухты серік еткен кемеңгер көшбасшы ұстанған бағытынан жаңылмай, қазақ елін үнемі алға сүйреумен болды. Орасан күш-жігерге, қуат пен қажыр-қайратқа ие саяси тұлғаның төккен тері, жасаған еңбегі текке кеткен жоқ. Жаһанданудың мың құбылған дағдарысты кезеңдерінде қиындықтан қаймықпады. Ойға алған ісінің бәрін табыспен жүзеге асырды. Күшті және динамикалық түрде дамыған мемлекет құра білді.
«Тәуелсіздік – бұл болашақ ұрпақтарға қалдыру үшін көздің қарашығындай сақтайтын және нығайтатын біздің басты игілігіміз. Еліміз өз дамуының ішінде қол жеткізгеннің барлығы Тәуелсіздіктің арқасында келді. Біз оны ешқашан ұмыт­пауға тиіспіз. Бұл – өткендегі жетістік­теріміз туралы айтуға ғана емес, ертеңгі күнге сеніммен қарауымызға себеп», – деген Мемлекет басшысының аталы сөзі бар. Біз үміт пен сенімді серік еткен елміз. Аңсаған азаттығымызға қолы жеткен ұлтпыз. Көш бастаған көреген басшысы бар, сол басшысының маңайына топ­тасқан үкілі үмітті мың сан қосшысы бар іргелі жұртпыз. Осы уақытқа дейін «Қазақ өз алдына ел бола алмайды» деген тобасыз түртпек, қитұрқы құқайдың та­лайын көргенбіз. Бұл күнде Тәуел­сіз­дігіміздің 25 жылдық мерейтойында «Біз өз алды­мызға ел болдық!» деп нық сеніммен айта аламыз.

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Сенат депутаты

Бөлісу:

Пікір жазу


*