МАЗМҰНДЫ МОНОГРАФИЯ

117
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қара теңіз – Каспий өңірі елдерінің Заң­­­гер­лер қауымдастығының төрағасы Ильгам Рагимов және бір топ қазақстандық және ресейлік заңгер-ғалымдармен кездесу өткізді.

Қ.Тоқаев бұл кездесудің Тұңғыш Пре­зидент күні қарсаңында өткізілуі кез­дейсоқ еместігіне екпін түсіріп, Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігін­де көпшілікке мойындалған интеграция­лық үдерістер қалыптас­тырушысы әрі сәулетшісі екенін ерекше атап өтті.
Құқықтық реформалар, сот жүйесі мен құқық қорғау органдарындағы өз­ге­рістер­ге тоқталған ол Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бас­тамасы аясында Қазақ­стан қылмыстық, қыл­мыс­тық-про­цестік және азаматтық-про­цестік заң­намасын жа­ңартқаны ту­ралы хабардар етті. Қ.То­қаевтың айту­ынша, заң­наманы одан ары жетілдіруді және бұрынғы тәсілдерді қайта қарауды қажет ететін күрделі мәселелер бар.
«Парламент депутаттарының және заңгер-ғалымдардың басты мақсаты – халықтың сот жүйесіне және жалпы мем­лекетке сенімін арттыру. Біз­дің алдымызда қылмыстық және қыл­мыс­тық-процестік заңнаманың ло­ги­калық өзара байланысы мен бірізділігін қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді ол.
Қ.Тоқаев қылмыс деңгейін барынша азайту заңнама мен құқық қолдануды же­тілдіруге ғана емес, сондай-ақ дү­ние­таным мен адамгершілік мәселелерін шешуге де байланысты екенін айтты. Бұл ретте оның пікірінше, көрнекті заңгер-ғалым И.Ра­гимовтің «Қылмыс пен жазаның фи­ло­софиясы» атты кітабы зор ықылас туғызады.
Сөз алған И.Рагимов кездесуге қаты­су­шыларға монографиясының мазмұны туралы айтып, оның қазақ тіліндегі нұсқа­сын ұсынды.
Кездесуді қорытындылаған Сенат төрағасы заңгер-ғалымдардың ынты­мақ­тастығы табысты әрі жүйелі бола­рына, ал зерттеу қорытындылары за­ң­наманы жетіл­діру жұмысына септесеріне сенім білдірді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*