ТАРИХИ ТҰЛҒА

344
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы болу – зілбатпан жүкті қылша мойныңды талша етіп көтеру деген сөз. Біздің Елбасымыз Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында жан аямай қызмет етіп келе жатқан адам. Ол әлемге бей­бітсүйгіш идеяларымен танылды. Бәзбір мемлекеттердің ғасырлар бойы өтетін жолын біздің еліміз бар-жоғы бірнеше жылда басынан өткізді. Орасан ядролық қарудан бас тартуының өзі неге тұрады?! Қоғамдық ойды қозғаушы, ұлтты ұлы мақсаттарға жұмылдырушы қайраткерлігін айтсақ, елдің мерейі тасиды.
Бір кезде ЕҚЫҰ-ның Будапеште өткен саммитінде Ресейдің, АҚШ-тың Қазақ­станға, Белоруссияға және Украи­наға олардың ядролық қарусыз мем­ле­кеттер ретінде ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қосылуларына бай­ланысты, Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумы жайлы репортаж көрдім. Бұл құжатқа қолдың қойылуы Қазақстан аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өзінің мін­деттемелерін толық әрі бұлтартпастан орындап шық­қандығын халықаралық қауымдастықтың толық мойындауының белгісі еді. Ке­йінірек осы тектес ке­піл­демені Қазақстанға Қытай мен Франция да берді.
2009 жылы құрбан айтты мерекелеп болған соң Президент бір топ зиялы қауым өкілдерін салтанат сарайына шақырды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзі отырған үстелге отыруға ұсыныс жасады. Ол жерде тағы бірнеше ақсақалдар мен құрметті адамдар отырған болатын. Сол кезде:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің оқтұм­сықтар мен Чехов туралы айтқан әңгімеміз сіздің есіңізде ме? – дедім. Ол басын изеді. Нұрсұлтан Әбішұлына қарата:
– Қазақстан тәуелсіздігін жа­рия­лағалы бері сіз көптеген жетістіктерге жеттіңіз. Біздің бәріміз Қа­зақстанның дамуын жіті қа­дағалап отыр­мыз. Алайда, ядролық қа­рудан бас тартуды мен сіздің нағыз ер­лігіңіз деп санай­мын, – дедім. Осы сөзімді қашанда айтып жүремін.
«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болған шағымда Елбасының саяси мәселелерді шешудегі мәмілегерлік қырына талай куә болғам. Осындай кемел де көреген басшысы бар Қазақ елінің алар асуы алда деп білемін.

Әкім ТАРАЗИ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

Бөлісу:

Пікір жазу


*