Президент институтының негізін қалаушы

170
11
Бөлісу:

Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап жас мемлекеттің ары қарайғы дамуының институциялық негізін іздедік. Президент институтының қалыптасуы елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және ұлт­аралық дағдарыспен қатар келді. Осы қиын жағдайда мемлекет басшысы Қазақстанның егемендігі мен мемлекеттік басқару жүйесін нығайтатын негізгі стратегиялық бағыттарын белгіледі. Қазақстанда аз уақытта эконо­микалық тұрақсыздықты еңсеріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеретін, қоғамдық келісімге алғышарттар қалыптастыратын саяси институт қажет еді. Бұл институт тоталитаризмнен демократияға өтудің негізгі құралы есебінде қарастырылды.
1990 жылы 28 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысы­мен «Қазақ КСР Президенті қызметін ұйым­дастыру туралы» заң жобасын дайындау үшін комиссия құрылды. 1990 жылы 24 сәуірде ко­миссия ұсынған жобаның негізінде Жоғар­ғы Кеңес «Президент қызметін құру және Қазақ КСР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады. Н.Назарбаев Президент қызметіне кіріскен күннен бастап, өтпелі кезеңнің күн тәртібінде тұрған мәселелерін шешуге күш салды. Осы тұста тарих сахнасынан Кеңес Одағының ке­туімен қоғам екіге бөлінгенін атап өту қажет. Бұл бөлініс ескі мен жаңа, өткен мен ке­лешек арасында жүрді. Ескілікті жақта­ғандар Жоғарғы Кеңес болса, жаңашылдықты қолдағандардың қатарында Президент пен оның командасы болды. Жоғарғы Кеңестің бірпартиялық жүйеге генетикалық жақын­дығы оларды президенттік басқару мен де­мократиялық өзгерістердің қарсыласына ай­налдырды. Депутаттар кез келген рефор­малық ұсыныстардан бас тартты. Кеңестер Қазақстанның ары қарайғы дамуын тежеген тарапқа айналды. 1990 жылдың сәуірі мен 1991 жылдың тамыз айларының аралығында Қазақстан компартиясы орталық комитеті және Қазақ КСР Президенті аппараттары қатар жұмыс істеді. Өткен күн мен болашақ арасындағы күрес мықты президенттік билік пен басқарусыз қалу, реформа мен дағ­да­рыс­тың бірін таңдау қажеттігін арттырды. Пре­зидент Н.Назарбаев кеңестік жүйенің ғұмы­ры қысқа екенін анық түсініп, 1991 жылы Саяси бюро мен Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитетінен шықты. Ол коммунистік, тоталитарлық тәртіптің орнына Конституцияға негізделген демократиялық мемлекет құру керегін ұқты.
Алғашқы жылдары ешкімде жаңа инс­титут аясында жұмыс істеу тәжірибесі болған жоқ. Президент аппараты бірнеше адамнан ғана тұрды. Оны қаржыландыратын ресурстар тағы жоқ. Осындай қысылтаяң кезеңде қазақ мемлекеттілігінің негізіне айналған прези­дент институтының құрылымы қалыптасты. Президент бәрін жұмыс барысында меңгеріп, реформаторлар тәжірибесінен білім жинады. Үнемі ізденісте жүрді.
Президенттік биліктің қалыптасу жыл­дары оның деңгейі толық «президент инсти­тутынан» әлдеқайда алыс еді. Қазақ КСР Пре­зиденті мемлекеттің толық басқару функ­цияларын атқара алмады. Ол тек Жоғарғы Кеңес таңдаған тұлға ретінде елді таныстыру қызметінде болды. Кейіннен аталған инсти­туттың іргесін берік ету үшін оның қызметі реттеліп, кемшіліктері жо­йылды. Президент мәртебесі мен өкілет­тілігін белгілеуде 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің егемендігі туралы» декларация үлкен рөл атқарады. Өйткені дәл осы құжат билікті заң шығару, сот және атқарушы деп үш тармаққа бөлді. Мемлекетті билік бөлінісінің алғашқы көрінісінде Жоғарғы Кеңес – заң шығару, Президент – мемлекет басшысы, Жоғарғы сот сот билігін қолына алды. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конс­ти­туциялық заң қабылданды. Қазақстан тә­уел­сіз мемлекет деп жарияланды. Н.Назар­баев­тың жаңа саяси жүйе, президент институты жөніндегі идеялары шындыққа ұласты.
Тәуелсіздікпен бірге жоспарлы эконо­миканы нарықтық қатынастарға ауыстыру, бірпартиялы әкімшілік жүйеден демократия құндылықтарына өту, дәстүрлі сананы ли­бералды түсінікке өзгерту міндеті келді. Қажырлы еңбек арқасында аталған «үштұғыр­лы транзит» сәтті жүзеге асты.
1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы сайлауда қазақ халқы тұңғыш рет өз тағдыры мен тарихи жолын таңдауға мүмкіндік алып, Президент қызметін бірауыздан Н.Назар­баев­қа жүктеуді қолдап, дауыс берді. Бүкіл­халықтық қолдауға ие болғанына қарамастан, Президент әлі де Жоғарғы Кеңесті тарату құқығына ие болмады. Үкімет қос тарапқа да есеп беру жағдайында қалды. Президент пен Жоғарғы Кеңес өкілеттілігін бөліп қарау қажеттігі туды. Әлемдік тәжірибені мұқият зерт­теген Н.Назарбаев президент институ­тының америкалық моделіне тоқтады.
Қазақстанда президенттік республика құру процесінің алдында тұрған мәселелерді 1993 жылы қабылданған Конституция да шеше алмады. Құжат әртүрлі билік тармақ­та­ры арасындағы қарама-қайшылықты тоқ­татуға қауқарлы болмады. Мұның бәрі 1994-1995 жылдардағы саяси дағдарысқа әкелді.
Жоғарғы Кеңестің XIII шақырылымы таратылған соң, Президентке уақытша заң­дық күші бар қаулылар қабылдау құқы бе­рілді. Мемлекеттік құрылымды модерниза­ция­дан өткізіп, құқықтық реттеу саласындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік туды. Жаңа Конституцияның қабылдануы тәуелсіздікпен тең жаңалық әкелді. 1995 жылғы құжатта Президент рөлі жоғарылап, қос палатадан тұратын Парламент құрылды.
Жаңа құжатқа сәйкес, Президент билік тармақтарының үстінен қарайтын, саяси жүйенің жоғары лауазымды тұлғасына айналды. Бұл президенттік басқару жүйе­сін­дегі мемлекеттің белгісі саналатын өзгеріс болатын. Қазақстан «жартылай прези­денттік» елдердің үлгісіне ермей, өзіндік ерекшелігі бар «қазақстандық» жолды таңдады. Конс­титуцияда мемлекеттік би­ліктің бірың­ғай­лы­ғы және оның заң шығару, сот, атқарушы би­лік тармақтарына бөлініп жүзеге асырыла­тыны бекітілді. Әр билік тармағының жұмыс істеу аумағы мен өкілеттілігі нақты белгіленді. Заң шығару және атқарушы билік арасындағы байланыстырушы көпір тек қана Президент бола алатыны заңдылыққа айналды.
Осылай 1995 жылы қабылданған Консти­туция президенттік басқару жүйесін заң тұр­ғы­сынан бекітті. Негізгі заң реформалардың не­гі­зін қалады. Н.Назарбаевтың алдында екі таң­дау, екі жол болғаны белгілі. Бірінші жол­да іс-қи­мылдарды бірінен соң бірін асықпай орын­даса, екінші жол әлеуметтік қарсылық ту­­дыру тәуекелі бар қарқынды дамуды жақтай­тын жылдам әрекеттерді қарастырады. Атал­ған­дардан бөлек, жеке билігін барынша нығай­туды ғана көздейтін үшінші дәстүрлі нұсқа да болған.
1995 жылғы Конституция қабылданып, Президент өкілеттігі 2000 жылға дейін ұзар­тылғаннан кейін президент институтының негізгі әлеуеті ашылды, Мемлекет басшы­сының қоғамды трансформациядан өткізудегі рөлі артты. Президенттің ерекше мәртебесі биліктің тиімділігін және жалпыхалықтық шешімдер қабылдаудағы іс-қимылдар келісімін қамтамасыз етті.
Қоғамдық-саяси реформалар кезінде президент институтының жаңа өкілеттіліктері пайда болды, оның мүмкіндіктері кеңейді. Ол билік пен қоғам арасында диалог, кері байланыс орнатты. Президент институты арқылы ұлтаралық қатынастардағы мәселені тиімді шешуге жол ашылды.
Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарындағы жетістіктері арқасында жарқын бо­лашақтың іргетасына айналды. Жаңа мем­лекет құрылып, жаңа Астана бой көтерді, қа­зақстандық даму моделі қалыптасты. Мем­лекет басшысының салмақты ішкі және сырт­қы саясатының арқасында Қазақстан ал­дағы уақытта елеулі жетістіктер биігінен кө­­рініп, дамыған 30 елдің қатарына қосылады.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
саяси ғылымдар докторы

Бөлісу:

11 пікір жазылған

  1. Тимур 9 Желтоқсан, 2018 at 02:39 Жауап

    Жастарға осыны айту керек, алдарына беру керек. Қандай еңбекпен Тәуелсіздігіміз алынып, қандай қадамдар болғанын бағалау керек.

  2. Мурат 9 Желтоқсан, 2018 at 02:40 Жауап

    Еліміздің Тәуелсіздігі жас болсада көп мәселені жүзеге асырған. Нөлден бастап елордамыз Астана жарық көрді.

  3. Абылай 9 Желтоқсан, 2018 at 02:41 Жауап

    Сейчас вот как раз начнется премьера фильма про становлении города Астана. Думаю интересно будет посмотреть.

  4. Әлібек 9 Желтоқсан, 2018 at 02:41 Жауап

    Хоть мы и молодая страна, но столько моментов уже прошел наш народ. Это дорогого стоит. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын

  5. Самат 9 Желтоқсан, 2018 at 02:42 Жауап

    Керемет мақала. Еліміздің Тәуелсіздік алған жылдар бойынша, елбасымыздың жолы туралы жақсы деректер алуға болады.

  6. Ахмет 9 Желтоқсан, 2018 at 02:43 Жауап

    Расыменде жақсы ақпарат алуға болады екен. Елімізде 27 жыл болсада қаншама сәттерді бастан кешірген

  7. Мержан 9 Желтоқсан, 2018 at 02:44 Жауап

    Елбасы туралы киноэпопеяны қарап көп деректерді, осы ақпаратты қызықты форматта алуға болады.

  8. Айдар 9 Желтоқсан, 2018 at 02:45 Жауап

    27 лет вроде всего лишь, а такие события прошли. Это большой труд наш президент проделал для народа.

  9. Сакен 9 Желтоқсан, 2018 at 02:46 Жауап

    Думаю для молодежи полезно узнать эту информацию путем фильма. Хорошо снимают киноэпопею и пишутся книги об истории нашей Независимости.

  10. Ками 10 Желтоқсан, 2018 at 23:01 Жауап

    Осы праздник туралы айтқанда, оның маңызын түсіне қоймаймыз. Дәл осы президенттік институтының қаланғаны туралы, ал ең маңыздысы дәл осы ғой. Тәуелсіздігімізді алып, патша режимінен, коммунизм режимінен өзіміздің жаңа жолымызға түскенінің анық белгісі болды ғой.

Пікір жазу


*