Қазақстан Елбасы арқылы әлемге танылды

196
0
Бөлісу:

Сайын БОРБАСОВ,
саяси ғылымдар докторы, профессор:

– 1991 жылы тәуелсіз мемлекетке ай­нал­ған Қазақстан әлемнің барлық мем­ле­кет­терімен тең, әділ, ынтымақ пен бейбіт­шілікті жақ­­тайтын қарым-қатынас ор­нату­ды мақсат тұт­ты. Сыртқы саясаттың өзекті міндеті – ел­де түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және сая­си реформалар жасау, оның терри­ториялық бір­тұтастығын сақтау, мемлекеттік шека­ра­ның мызғы­мастығын қамтамасыз ету, халық­ара­лық қатынастар мен процестерге белсене ара­­ласу және жалпыжаһандық мәселелерді ше­шуге атсалысу. Еліміз алға қойған осы мақ­сат­тарына қаншалықты қол жеткізе алды?
– Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан Рес­публикасы өзінің сыртқы саясатында көп­векторлық принципін таңдады. 1991 жы­лы 2 желтоқсандағы Президенттік сайлау қо­рытындыларына байланысты баспасөз мәс­лихатында Президент Н.Назарбаев: «Қа­зақстан Еуропа мен Азияны жалғастыратын кө­пір болуы керек. Әлемнің барлық мемле­кетімен экономикалық және саяси бай­ла­­ныстарды қамтамасыз ететін көпвек­тор­лық сыртқы саясатты таңдайды», – деді. Ел­басы «Қазақстанның Егемен мемлекет ре­тінде қалыптасуы мен дамуының стра­те­гия­сы» атты 1992 жылғы еңбегінде «Қазақ­стан жаңа халықаралық ортаға тап болды. Оның сыртқы саясатының бағыты ұлттық-мем­лекеттік мүдделерге сәйкес өзіндік ло­гикамен дами бастады. Сонымен қатар Қа­зақстанның сыртқы саясаты жал­­­­пыадамзаттық қуатқа ие. Ол халықтардың әлемдік қауым­дас­тықтан өз орнын таба білгенін жақтайды» де­ген болатын.
Тәуелсіздік алысымен әлем халықтары Қа­зақстанның бейбіт саясатының куәсі бол­ды. 1992 жылдың 5 наурызында Қазақстан БҰҰ-на мүшелікке қабылданды. Сол жылы ЕҚЫҰ-ға мүшелікке өтті. Қазақстан жаһан­дық бейбітшілік пен ынтымақ құнды­лық­та­рын жақтайтын дамыған әлемдік қаты­нас­тар жүйесіне енді.
Қазақстан сыртқы саясатында әлемдік тартылыс күштерінің орналасуын есептеуге ұмтылды. Қазіргі жаһандық қатынастарда­ғы көп­полярлықты басшылыққа алды.
1991 жы­­лы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Pax Americana кезеңінің аяқталып, Қытай, Жапония, Ресей, Үндістан, Еуро­одақ­тың кү­шейе түсуін Қазақстан өзінің сырт­қы сая­сатының басымдықтарын ай­қын­дауда нақ­ты есепке алды. Қазақстан геосая­си аренада шы­найы ойыншыға ай­налу­ды мақсат тұтты жә­не осы дәрежеге ол біртіндеп көтеріле бас­тады. Ел түрлі алпауыт державалар ара­сында қарым-қатынастар жүргізіп, өз мақ­сат-міндеттерін шешуде біршама табыстарға қол жеткізді.
Мемлекет шетелдермен екіжақты қа­ты­настар орнатуда белсенді шаралар жүргізді. Со­ның арқасында 1993 жылы Қазақстан Рес­публикасын егемен ел ретінде 111 мем­ле­кет танып, олардың 92-сімен дип­ломатия­лық қа­тынас орнатылды. 2010 жылы
Қа­зақ­стан­мен 120-дан астам мемлекет дип­ло­­ма­­тиялық қатынас жасады. Екіжақ­­ты және көпжақты сыртқы қатынас­тар
2009 жылы Пре­зидент Жарлығымен бекітіл­ген «Қа­зақ­стан Республикасының сыртқы саясат кон­цепциясы» негізінде жүзеге асы­рыл­ды. Бұл Концепцияда қазіргі халық­ара­лық қаты­нас­тардың негізгі даму бағыт­тары анықталып, дип­ломатиялық қызметтің мін­деттері көр­сетілді. Қазақстанның сыртқы сая­са­тының не­гізгі мақсаты – елдің ұлттық мүддесін қор­ғау екендігі ескертілді.
– Қазақстан осы жылдың 1-31 қаңтары ара­лығында ел тарихында тұңғыш рет БҰҰ Қауіп­­сіздік кеңесі төрағасы өкілеттігін атқар­ды. Қазақстан – БҰҰҚауіпсіздік кеңесіне сай­­лан­ған Орталық Азиядағы бірінші мем­ле­кет. Бұл еліміз бен Елбасымыз беделінің әлем ал­дында жоғары екендігінің  тағы бір дәлелі емес пе?
– Дұрыс айтасыз, бұл сан жылдар бойы ет­кен еңбектің, төккен тердің арқасы. Қа­зақстанның әлемдік қауымдастықтағы бе­делі оның ядролық қарусыз ел ретіндегі ста­тусына байланысты өсе түсті. Әлемде қуа­ты жағынан 4-орын алатын ядролық қа­руларды Қазақстан АҚШ пен Ресейдің кө­мегімен 1995 жылдың 26 мамырында толық демонтаждап бітті. Қазақстан стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту туралы келі­сім­шартқа, Ядролық қаруларды таратпау тура­лы келісімшартқа, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы жалпыға бірдей келі­сім­шартқа қол қойды. Қазақстан осындай қыз­меттері, нақты шаралары арқылы әлем мем­лекеттерін ядролық соғыс қаупін жоюға ша­қырды.
Қазақстанның әлем мемлекеттері ара­сында бірінші болып қуатты Семей ядролық по­лигонын жабуы, ядролық қарудан өз ер­кімен бас тартуы оның ұстанымының айқын еке­нін көрсетті. Ол – ядролық қарусыз әлем құру. Қазақстанның осындай саясатының үлгісін Ұлыбританияның Стэнфорд универ­си­те­тінің «Ядролық қатерді қысқарту жөнін­дегі бастама қоры» аса жоғары бағалады. 2011 жылы Лондонда болған Гувер инсти­туты­ның «Тежеу: өткені және келешегі» атты халықаралық конференциясында ядролық қаруы мен қондырғылары бар 13 дамыған мемлекеттің ірі мамандары «әлемнің бейбіт­шілік туралы сөз айтатын барлық қайраткер­леріне Қазақстанның нақты бейбітшілікті қорғау тәжірибесіне үңілуі керек» деп ес­кертті. Қазақстан күшке емес, қажеттілікке негізделген жаһандық ұсыныстар жасауда. Соның нәтижесінде Семей полигонының 1989 жылы 29 тамызда жабылуы күнін БҰҰ әр жыл сайын аталып өтетін Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні деп жариялады. Қазақстан атом қуатын тек қана бейбіт мақсаттарға, қуат көзі ретінде пайда­лану туралы ұсыныстар айтты. Соның
бірі – ядролық отынның халықаралық бан­кін жасау. Ондағы мақсат төмен байытылған уранның кепілді қорын жасау арқылы атом электр стансаларын салатын мемлекеттерге атом реакторлары қондырғыларын құруға көмектесу.


Ғасырлар тоғысқан кезеңде адамзатқа түрлі қауіп-қатерлер күшейе түсті. Оның ең қауіптілерінің бірі ядролық қарудың тарауы және қолданылуы болды. Осыған орай тәуелсіздік жылдары Қазақстан ядролық қарусыздану мәселесін үнемі көтеріп келді. Бейбіт атомды игеруді әлемнің 44 мемлекеті жүргізуде. 15 мемлекет атом электр станса­ларын салуда. Қазақстан бейбіт мақсаттағы атом­дық технологияларды лаңкестік топтар өздерінің терроршылдық мақсатына пай­да­ланып кетпеуіне назар салуды ұсынды.
Қазақстан әлем елдерінің көшбасшысы болып табылатын «үлкен сегіздіктің» жаппай қырып-жоятын қаруға қарсы жаһандық әріптестікке қосылды. 2005 жылы ядролық материалдарды физикалық қорғау туралы конвенцияның түзетулерін ратифика­ция­лады. Президент Н.Назарбаевтың Қа­зақстан­ның ядролық қарудан өз еркімен бас тарту туралы ұсынысы әлем мемлекеттері басшыларының қолдауына ие болды.
Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатын тұрақты жүргізуі арқасында әлем мемлекеттерінің арасында нақты беделге ие болды. Елдің геосаяси тұрғыдағы маңызды­лығы, экономикалық және сауда қатынаста­ры тұрғысындағы тартымдылығы, шикізат ресурстары тұрғысынан пайдасы оның әлем­дік сауда-экономикалық қауымдасты­ғына жылдам енуіне негіз болды. Қазақстан­ның бейбітсүйгіш сыртқы саясаты әлемдегі ынтымақ, теңдік, өзара сенім атмосферасын нығайтуға үлес қоса бастады.
– Қазақстанның сыртқы саясат доктрина­сында оның Ресей және Қытаймен шекаралас болуы ерекше ескерілді. Ресей Федерация­сымен Қазақстанның құрлықтағы шекара­сы­ның ұзындығы 7,2 мың шақырымдай болса, ҚХР-мен 1,7 мың шақырымдай. Сондықтан Қазақстан әлемдік басым державалар сана­латын Ресей, Қытай мемлекеттерімен бейбіт, тең және ынтымақтастық қатынастарды ор­натуға ерекше мүдделі. Осы мәселеге тереңі­рек тоқтала кетсеңіз.
– Ресей Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 17 желтоқсанында таныды. Ал Қазақстан Ресейдің және одақтас республи­калар тәуелсіздігін 1991 жылы 20 желтоқсан­да танитындығын жариялады. 1992 жылы 20 қазанда Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында «Достық, ынтымақ­тастық және өзара көмек туралы шартқа» қол қойылды. Екі ел бірін-бірі сый­лайтынын, егемендігін және мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын танитынын жария етті. Осы келісімшарт негізінде екі елдің достық қатынастары басталды. Қа­зақстан Ресейдің ең сенімді одақтасына айналды. Қазақстанда антиресейлік пікірлер айтылмады. Осы лайықты қатынастар 1998 жылы 6 шілдеде Қазақстан мен Ресей арасындағы «Мәңгі достық пен ынтымақтас­тық туралы декла­ра­цияға» қол қойылуына әкелді. 2000 жылдың басында екі ел өзара шекарасын толық демаркация жасау жұмыс­тарын аяқтады.
Қазақстан Еуразиялық кеңістіктегі Ресейдің геосаяси және геоэкономикалық маңызын жоғары бағалайды. Сондықтан ҚР сыртқы саясатында ресейлік вектор басым бағыттарының бірі. Ресей де өзінің сыртқы концепциясында Қазақстанды өте жақын стратегиялық одақтас ретінде бағалайды.
Қазақстан мен Ресейдің Кеңес Одағы күйрегеннен кейінгі қарым-қатынастары өзінің дамуында бірнеше сатылардан өтті. Ең алдымен, тең мемлекеттер ретінде екі­жақты қатынастардың жаңа құқықтық не­гіздері жасалынды. Соның негізінде мемле­ке­т­аралық қатынастардың экономикалық және саяси ынтымақтасудағы моделі қарас­тырылды. Стратегиялық ынтымақ­тастықты жасайтын сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гума­нитарлық салаларда интеграцияны кеңейту және тереңдету көзделді.
1991-2000 жылдар аралығында Қа­зақстан­нан 1,2 миллиондай орыс Ресейге, шетелдерге қоныс аударды. Орыстардың ел халқындағы үлес салмағы 1991 жылғы 41 пайыздан 24 пайызға, яғни 6,1 миллион­нан 3,9 миллионға кеміді. Екі жақ бұл құбы­лысты Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі табиғи эммиграциялық құбылыс деп баға­лады. Аза­маттардың өз Отанын таңдауына ешқандай қысым көрсетілген жоқ. Ел халқы өз азамат­тығын өркениетті демократиялық принцип­тер негізінде шеше алды.
1995-2001 жылдар аралығында Ресей мен Қазақстан Батыс мемлекеттеріне қарағанда өзара қарым-қатынастарды жақсартудың, Еуразиялық кеңістікте жаңа тұрпатты эко­но­микалық, сауда және ақпараттық интегра­циялану кеңістігін жасаудың қажеттігін сезінді. Осы жылдарда екі ел арасында әс­кери-техникалық саладан бастап, сауда-экономикалық, гуманитарлық салаларға дейін қамтыған түрлі келісімшарттарға қол қойылды. Ресей мен Қазақстан басшылары әр жылда 10-15 реттен түрлі дәрежедегі кездесулер мен келісімдер өткізіп отырды.
Ресей ТМД елдерін жақын шет елдер ретінде бағалап, олармен екіжақты байла­ныстыратын қатынастарды жақсарта бас­тады. Әсіресе, түрлі аймақтық мемлекет­аралық бірлестіктер мен одақтар құруға иек артылды. Осы саясат шеңберінде Орталық Азия Ресейдің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі ретінде таңдалды. Ортақ шекарасы ең ұзақ көршісі ретінде Қазақ­станға Ресей ерекше көңіл бөлді. Әрине, Кремль Ресейдің Кеңес Одағы кезіндегі ық­палы мен қуатын қалпына келтіруді көз­дейтіні құпия емес. Алайда Ресейдің бұл мақ­саты Орталық Азияда Қазақстан беде­лінің өсуіне және ЕурАзЭҚ, ҰҚО, ШЫҰ шеңберінде екіжақты және көпжақты қа­рым-қатынастарды дамытуына кедергі болған жоқ.
Сонымен қатар Ресейдің Орталық Азияға қатысты саясатын белгілеуде екі мүдделі топ әсер етті. Біріншісі, Ресейдің бұрынғы ықпалын өзгертпей сақтау, Орта­лық Азия мемлекеттерін Ресей құзырына ұсыну болса, екінші топ, мұндағы мемле­кет­тер өздерінің мәселелерін өз мүдделеріне сәйкес шешкені дұрыс деп есептеді. Бұл пози­циялардың нақты көрінісі Ауғанстан­дағы оқиғаларға қатысты байқалды. АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізуіне байланысты Қырғызстан мен Өзбекстанда өз әскери базаларын, қоймаларын салуы мәселесі көтерілді. Қырғызстан Манас әуежайының қасынан АҚШ әскери базасын тұрғызуға рұқсат берсе, Қазақстан өзінің әуе кеңістігі арқылы АҚШ-тың жүк тасымалдау авиация­сының ұшуына келісім берді. Жаңа геосаяси ахуалға қатысты, Ресей осы келісімдерге көнуге мәжбүр болды. Оның қуатымен әлі де әлем мемлекеттері есептеседі.
Ресей Федерациясының Қазақстанмен 7200 шақырым ортақ шекарасымен қоса 5 әскери-сынақ полигоны бар. Олар: 929-мем­лекеттік жазғы сынақ орталығы Батыс Қа­зақстанда; «Эмба» полигоны Ақтөбе об­лысында; «Сарышаған» сынақ полигоны Жамбыл, Қарағанды облыс­тарында; 4-мем­лекеттік сынақ полигоны Батыс Қа­зақстан­да және ең ірісі «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қызылорда облысында орналасқан. Бұл ғарыш айлағы Ресейдің ғарыштық бағдар­ламаларын жүзеге асыратын негізгі кешен ретінде белгілі.
Ресей жағы Қазақстанға «Байқоңыр» кешені арқылы ғарыштық бағдарламаларын жасауға және іске асыруға көмек көрсетуде. Қазақтың тұңғыш ғарышкерлері Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев Ресей топ­тарымен бірге «Байқоңырдан» ғарышқа сапар шеккені белгілі. Қазақстанның әскери сапар ғана емес, сыртқы саудадағы негізгі әріптесі – Ресей.
– Қазақстан геосаяси орналасуы жағынан екі алып мемлекеттің ортасында екенін білеміз. Енді шығыстағы көрші елмен қарым-қатынасымызға да тоқтала кетсек.
– Қазақстанның сыртқы саясатында ерекше геосаяси маңызы бар мемлекеттің бірі – Қытай Халық Республикасы. Бұл елмен арадағы ортақ шекараның ұзынды­­ғы – 1700 шақырым. Екі ел тарихи көршілер. Екі ел де демократиялық модернизация мен нарық экономикасын жасап, дамуға құл­шына кірісті. Сондықтан екі ел үшін де бейбіт­шілік, өзара татулық пен экономи­калық сауда әріптестігін дамыту пайдалы. Қытай өзінің батыс өңірі Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың дұрыс ықпал етуін қалайды. Шығыс Түркістан өңірін қамтитын Ұйғырстан мемлекетін құруды жоспар­лайтын ұйғыр сепаратистерінің мақсатына Қазақстан да түбегейлі қарсы.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қытай бірден-бір қуатты социалистік мемлекет болып қалды. Қытайдың мақсаты – әлемдік саясаттың негізгі бағыттарын түгел дерлік қамтыған АҚШ басымдылығын азайту. Сондықтан ҚХР Орталық Азия мемле­кеттерімен жан-жақты қарым-қатынастарды нығайта отыра, бұл аймақтағы АҚШ ықпа­лының аз болуына мүдделі. Осы мақсатта Қазақстан тәуелсіздігін тез арада таныған мемлекеттер қатарында Қытай әлемдік озық үлгілерді өзіне тез қабылдау арқылы елдегі демографиялық өсімнен туындайтын азық-түлік, тұтыныс пен тұрғын үй мәселелерін шешуге ұмтылып жатыр. ҚХР Ресей Феде­ра­циясымен тығыз ынтымақтастыққа баруы оны­мен бірігіп АҚШ-тың әлемдік гегомон­дығына тосқауыл қою ниетіне де байла­нысты. Ал Қазақстанмен Қытай «Шыңжаң мәселесіне» қатысты ынтымақтасуды көз­деді. Сонымен қатар Қытай Қазақстанды Батыс Еуропаға тікелей ашылатын транзит ретінде де қажетсінді. Ал Қазақстанға ұлы көршімен татулық және оның 1,5 миллиард­тық нарық қуаты қажет болды.
Қытайды, сөз жоқ, Қазақстанның энер­гетикалық қорлары қызықтырады. Ол Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеруге мүдделі. Осы мүдделіліктің арқасында за­манауи алып құрылыстар Атасу – Алашанкой мұнай құбыры, ұзындығы 8,4 мың шақырым Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі өмірге келді. Бұл автомагистральдің 2,3 мың шақырымға жуығы Қазақстанның 5 облы­сын басып өтеді. 2010 жылы Қытайдың мұ­най компанияларының Қазақстанның Батыс өңіріндегі мұнайды өндірудегі салмағы – 23 пайыз. Қытай компания­ларының Қазақстан мұнайының 3-тен 1-ге жуы­ғын иеленуі екі ел арасындағы эконо­ми­калық-сауда байланыстарын одан сайын нығайта түсті. Қытайдың мұнайға зәрулігі өскен сайын оның Қазақстанға қызығу­шылығы да арта түсті.
Екі ел арасындағы байланыстардың белсенділігін 20 жыл ішінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Қытайға 11 рет, ал Қытай басшылары Цзян-Цзэминь мен Ху Цзиньтаоның Қазақстанға 7 рет ресми сапарымен келгендігі дәлелдейді. Қытай Орталық Азия аумағындағы өз ықпалын арттыруды күш көрсету немесе әскери қуатпен қорқыту саясаты арқылы емес, өркениетті елдерге тән инвестициялар құю, сауда көлемін арттыру, ақпарат пен тех­нология алмасу, экономикалық ынтымақ­тасудың жаңа жолдарын игеру саясаты ар­қы­лы іске асырамыз деп жариялады. Қытай Қазақстанның шекаралық біртұтастығы мен мемлекеттілігіне қол сұқпаймыз деп жария­лады. Қазіргі Қытай «ХХІ ғасырдың геосаяси өзгерістеріне тән бағыт-бағдар ұста­на­тын мемлекетпіз, бізге агрессия, экспан­ция құ­бы­лыстары жат» деген ұранмен әре­кет етуде. Ғасырлар бойы ұстанып келе жат­қан көрші кішкентай мемлекеттерді жұту саясатынан бас тартқандай сыңай танытып отыр. Қытай «айдаһары» жалынымен ешкімді шарпы­май­тын бейбіт айдаһарға ай­нал­ғандай. Оның айғағы – қытай басшы­лығының Қа­зақстанға көршілес аймақта орналасқан Лобнор ядролық сынақ полигонын жабуы. Қытай Қазақстанға бірнеше мәрте ұзақ мерзімдік несие берді. 2009 жылы Қазақстан Қытайдан 10 млрд доллар көлемінде қарыз алғаны белгілі. Қытай – Қазақстан шекара­сында алаңдаушылық туғызатын шиеленісті оқиғалар болған жоқ.
Қытай мұнай, уран өнімдеріне ерекше ден қойып отыр. Қазақстан оған страте­гиялық шикізат сатуға мәжбүр. Ал Қытай не­гізінен өндіріс тауарлары мен тұтыну зат­тарын өткізуде. Қазақстанның тұтыну нары­ғын Қытай өнімдері басып алған. Германия мен АҚШ-тан кейінгі инвестиция көлемі жағынан үшінші орында Қытай тұр. Қазақ­станның Қытаймен жақсы экономикалық байланысы оның транзиттік қуатын күшейте түсті. Түркіменстан, Өзбекстан газы Қытайға қазақ құбырлары арқылы жеткізіледі. Қытай тауарлары Ресей, Украина мен Белоруссияға Қазақстанның транзиттік дәлізі арқылы өтуде. Транзиттік тасымал пайдасы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының іске қосылуымен тіптен арта түсті.
Қытай Қазақстанды стратегиялық әріп­тес ретінде бағалайды. Екі елдің қауіпсіздігі мәселелері ШЫҰ, АСӨЫК (Азиядағы сенім және өзара ынтымақтастық кеңесі), БҰҰ шеңберінде үнемі талқыланып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымын 2020 жылы
40 млрд долларға жеткізу жоспарланған. Тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріп келе жатқан Қазақстан экономика мен саясатта Қытай экспанциясын немесе қысымын сезініп отырған жоқ. ШЫҰ қызметінің арқа­сын­да екі елдің аймақтық қауіпсіздігін ны­ғайту мәселелеріндегі ынтымақтасуы күшейіп келеді. Қытай елінің басшысы Си Цзиньпин: «Екі ел арасындағы қатынастар үлгі боларлық деңгейде. Қазақстан – Қытай сыртқы саясатының маңызды басым­ды­лықтарының бірі», – деп атап көрсетті.
– Биылғы ел назарын аударған айтулы оқиға­ның бірі – Ақтау саммиті. Осы саммитті Кас­пий теңізі маңындағы елдер ынтымақ­тас­тығына жаңа жол ашты деп бағалады. Сам­­миттің тиімді тұстарын ортаға сала кетсеңіз?
– Расымен де, Каспий маңы мемлекеттер басшыларының Ақтау саммитінде қабыл­данған құжатына әлем назар аударып отыр. Біраз жылдар бойы талқыланып келген Каспий мәселесіне нүкте қойылды деуге болады. Ақтау саммиті Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның бекітілуімен есте қалатын болды. Осындай көптен күткен құжаттың біздің елімізде қабылдануы мәртебемізді бұрынғыдан да асқақтата түскені рас. Бұл Конвенция жаға­дағы бес мемлекеттің Каспий теңізін, нақты айтар болсақ, оның суын, түбін, қойнауын, табиғи ресурстары мен үстіндегі әуе кеңіс­тігін пайдалануға қатысты құқық­тарымен және міндеттеріне байланысты мәселелер жиынтығын реттейді.
Мемлекет басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияда көрсетілген ережелерді орындау мақсатында Сыртқы істер министрліктеріне нақты мін­деттер қоюға келісті. Министрліктерге Кас­пий теңізі мәселелеріне қатысты жоғары дең­­гей­дегі топ құруға тапсырма берілді. Де­мек, енді қанша уақыттан бері айтылып келе жат­қан мәселелер біртіндеп шешімін табады.
Осы саммит кезінде Каспий маңы елде­рінің сауда-экономикалық ынтымақ­тастығы жөніндегі келісім мен көлік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімді ерекше атап өткім келеді.
Еліміз – әлемдік мұхит пен ашық теңізге шыға алмайтын құрлықішілік мемлекет. Енді жағадағы барлық мемлекет әлемдік мұхит пен ашық теңізге Каспий теңізінен, ал кері қайтқанда, бір-бірінің аумақтары арқылы еркін транзит жасау туралы келісімге қол жеткіздік. Тасымал мәселесі бұрынғыдан да арта түседі. Бұл ел экономикасына тың сер­пін берері сөзсіз. Осы құжаттың арқасын­да Каспий маңы елдерінің ресурстық-көліктік әлеуеті ашылады. Еліміз көмірсутек­терді, транзиттік тауарларды және басқа да өнімдерді еуропалық және азиялық нарық­тарға тасымалдауға кең жол ашпақ. Каспий өңірінен тауарларды тікелей Еуропаға шы­ғару мүмкіндіктері қарастырылуда. Алдағы уақытта трансқұрлықтық тасымалдар арта түседі. Бұл өз кезегінде порттар жұмысын жан­дандырары анық.
Бұл Конвенцияның бекітілуі Каспий маңын мекен еткен барлық тұрғындар үшін де аса маңызды. Аталмыш бес мемлекетте 260 миллион адам өмір сүріп жатыр. Статис­тикаға сүйенсек, 15 миллион халық Каспий теңізі ресурстары есебінен тіршілік жасап, нәпақасын тауып отыр. Бұл аз сан емес. Мұ­ның артында қаншама адамның тағдыры тұр.
«Каспий бестігінің» ортақ мәмілеге келуі күллі әлемнің назарын аударды. Халық­ара­лық деңгейдегі сарапшылар да айтулы БАҚ арқылы өз пікірлерін білдіріп жатты. Осы­дан-ақ Каспий теңізі мәртебесінің айқын­далуына күллі әлем бейжай қарамайтын­дығын аңғаруға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*