Мәдениеттің тынысын ашты

153
0
Бөлісу:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамның қай саласына болсын үнемі қолдау білдіріп, бағыт беріп отырады. Соның ішінде мәдениет пен руханиятқа ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді. Оған дәлел ретінде осыдан бір жарым жыл бұрын жарық көрген «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  мақаласын айта аламыз. Одан қалса, соның заңды жалғасы саналатын, күні кеше халық назарына ұсынылған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бар. Бұлар шын мәнінде, тарихи мәнге ие. Өйткені тамыры тереңде жатқан ел тарихы мен тегін танытуға бағытталған. Сонымен бірге, нақты іс жүзінде жүзеге асырылуы тиіс бірқатар тапсырмалардың берілуі де тегін емес. Елбасымыз рухы жоғалған елдің ертеңі болмайтынын шегелеп айтты. Ұлттық рухты сақтау үшін бірінші кезекте ұлттық сана мен мәдениетті жолға қою керек. Себебі, осы байлығымызды дәріптеуде кино, театр, опера, балет, бейнелеу өнері және өзге де сан салалы өнердің барлық жанры бір жыл ішінде елеулі іс атқарды. Бір айта кетерлігі, мұның бәрі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында іске асырылып келеді. Әрі тек республикалық деңгеймен шектеліп қана қоймай, халықаралық дәрежеде де мәдениетімізді мойындатуға септігін тигізді. 

Республика бойынша көркемдік үрдістер жүріп жатыр. Ол – әлемдік көште, аренада Қазақстанның бір­туар болмысын көрсетуге үлкен мүмкіндік. Бір жыл ішінде театр саласында қандай өзгерістер мен жаңалықтар болғанына тоқталайық. Барлығы «Ру­хани жаңғыру» шеңберінде өткізілді. Мәселен, Әуе­зов атындағы мемлекеттік академиялық драма теат­ры мен
Astana musical мемлекеттік театры ұлт тарихында тұңғыш рет Францияда өткен дүние­жүзі­лік фестивальге қатысты. Тек академиялық театрлар ғана емес, аймақтардағы облыстық театр­лар да халықаралық байқауларда бақ сынап, жүл­де­мен оралып жатыр. Өзге мемлекетке барып, әріп­тестердің тыныс-тіршілігімен танысу өнер адам­­­да­рының барлығына шығармашылық шабыт пен им­пульс береді. Ондай іссапарлардан соң кім болса да жаңа мақсатпен, идеямен оралады. Жалындап, жі­герлене түседі. Мысалы, «Астана Опера» теат­рының жетекші солисі, балет артисі Бақтияр Адам­жан «Рухани жаңғыру» аясында ал­ты мемлекетті ара­лап, лауреат атанды. Сондай-ақ опера әншісі Ме­дет Шотабаев Италияның ұлттық орденін ие­ленді. Сүндет Байғожин, Айгерім Бекетаеваны да ерекше атап өту керек. Жақында ғана Президент стипендиясын алған Еркебұлан Дайыров, Аян Өтеп­берген, Самал Еслямова, Анар Абжано­валар­дың мәдениетіміздің әлемде ардақталуына үлес қосып жүргені рас. «Жаһандағы қазақстандық мә­де­ниет» бағдарламасы бар. Соның шеңберінде еліміздегі барлық дерлік театр әлемнің көптеген ел­деріне гастрольдік сапармен барып келді. Мұ­н­дағы мақсат – Қазақстандағы өнер мен мәдениетті дәріптеу, таныту, халық­аралық аренадағы орнын ай­шықтау.
Елімізде Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты төрт шығармашылық оқу ордасы бар:
Т.Жүр­генов атындағы өнер академиясы, Құрманғазы атын­дағы ұлттық консерватория, Қазақ ұлттық өнер университеті және Қазақ ұлттық хореог­ра­фиялық академиясы. Осы төртеуі бірлесіп, мемо­ран­думға қол қойды. Яғни, осында кәсіби білім алып жатқан мамандардың басын қосып, сапалы дү­ние шығаруды көздеп отырмыз. Әркім өздігімен емес, бірлесіп жұмыс істесе, нәтижесі де көңіл қуан­тады. Сонымен бірге, сала министрлігінің жа­нынан қоғамдық кеңес құрылып, талдау жасалып отырады. Міне, мұның барлығы жүйелі жұмыстың жасалып жатқанын көрсетсе керек. Елбасының кө­ре­ген саясатының арқасында Қазақстан мә­де­ниеті қанатын кеңге жайып келеді.

Асхат МАЕМИРОВ,
Т.Жүргенов атындағы өнер
академиясының ректоры

Бөлісу:

Пікір жазу


*