Президент музейіне саяхат

224
0
Бөлісу:

АҚШ президентінің резиденциясы Ақ үй, Аргентинадағы Каса Росада «күлгін үй» деп аталады. Чехиядағы Праж градында бағалы Богем тәжі сақтаулы тұр. Вильюнстегі Литва президенті сарайының тарихы да тереңде. Сарай құрылысы 14 ғасырда басталып, 1834 жылға дейін созылған. 1997 жылы ресми түрде резиденция мәртебесін алды. Біздің Ақорда – әлемдегі ең әдемі резиденциялар қатарына кіреді. Ал Президентіміздің алғашқы резиденциясы 2004 жылдан бастап музейге айналды. Бұл – әлемдегі жалғыз Президенттік музей-резиденция. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай, Президент музейіне фотосаяхат жасап қайттық.

Тұңғыш Президент музейі 2004 жылы 28 тамыздағы Президент жарлығымен құрылды. Музей алғаш­қы келушілерін 2005 жылдың науры­зында қабылдады.
Музей қоры Елбасы Н.Назарбаев­қа тарту етілген сыйлықтар кешені­нен, Президентіміздің жеке мұрағаты мен жеке кітапханасының материал­дарынан құралған. Қазіргі таңда музей қорында 11 мыңнан астам экспозиция бар. Музейге жылына 98 мыңға жуық адам келеді.
Музей ауданы 12 мың шаршы метрлік 4 қабаттан тұрады. Кешен құрамына Президенттің және оның қызметкерлерінің жұмыс кабинеті, қоғамдық орын мен апартаменттер және демалыс зоналары кіреді. Құ­рылыс жұмыстарын 1996-1997 жыл­дары халықаралық Мобитекс ком­паниясы жүргізген.
Тұңғыш Президент музейі еліміз­дің саяси тарихынан хабар береді. Негізгі көрме залдары үшінші қабатта орналасқан. Мәжіліс залы, қабылдау бөлмесі, жұмыс кабинеті, камин залы, демалыс бөлмесі, қысқы бақ, алтын зал, күміс зал, Қауіпсіздік кеңесінің залы, күмбезді зал тәрізді 24 залдан тұрады. Музейде 10 желтоқсан күні еліміз­дің спортта жеткен жетістік­те­ріне және қазақтың ұлттық аспапта­ры­на арналған залдың ашылу салта­наты өтеді.


Бірінші қабатта алғаш рет елімізде құрастырылған автокөліктер орналас­қан. Қазақстанда шығарылған ең ал­ғашқы автокөлік болғандықтан
Ел­басыға сыйға берілген. Автокө­ліктер – 1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстік кореялық LG International Kia Sportage моде­лі­нің қа­зақ­стан­дық үлгісі – «Тұлпар», 2002 жылы Өскеменде «Азия Авто» құрастырған ең алғашқы «Нива».
Алтын залдың интерьері ерекше. Көркемдеу кезінде сусальды алтынды әшекейлеудің жаңа әдісі қолданған. Төбе жиектеріне алтын жалату әдісін пайдаланған. Бастапқыда залда шетелдік делегацияларды қабылдау мен халықаралық деңгейдегі кездесу­лер өткен. Президентіміз шетелдік ел­ші­лерді қабылдаған. Қазіргі таңда ал­тын залда Астана қаласының қалып­тасу тарихын бедерлеген экспо­зи­цияларды тамашалауға болады.


Залда Астана қаласының бас құры­лыс жоспарын талқылау сәтінен фотосурет бар. 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа астананы салу жобасы бойынша әлемдік ар­хитек­торлар арасында халық­аралық байқау жариялаған еді. Сол байқауда Кисё Курокава эскизі жеңімпаз атанады.
Күміс зал – үкіметтік наградалар мен сенім грамоталарын табыс етуге арналған. Ресми рәсімдер залы деуге болады. Залда еліміздің белді тұлға­лары Президент қолынан наградалар алған. Шетелдік елшілер Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын табыстаған. Қазіргі таңда залдан «Әлем таныған Елбасы» атты фотога­ле­рея­ны тамашалайсыз. Сондай-ақ залда делегациялардың Елбасына сыйлаған кәдесыйлары бар.

Қауіпсіздік кеңесінің залы. Залда Президент төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырыстары мен мәжілісі өткен. 7 жыл бойы еліміздің маңызды стратегиялық жоспары осы залда тал­қы­ланған. Қазір мұнда қару-жарақтар коллекциясы бар. Қару-жарақтың барлығын Президентке сыйға тарт­қан. Бірінші бөлімде дәстүрлі қазақ батырларының қару-жарақтары,


18 ғасырдың мұрасы – Абылай хан қылышының фрагменті бар. Бұл қылыштың сынығын 2004 жылы тарих­шы Ермұхан Бекмаханов­тың қызы профессор Нәйла Бекмаханова музей қорына өткізген. Қылыш жүзі­нің бір жағында ескі славян әріптері­мен, келесі жағында шағатай тілінде «Мұндай қылышты 1758 жылы Санкт-Петербор қала­сын­да патшайым Елизавета Абылай ханға сыйға бер­ген» деген жазу бар. Сондай-ақ залдан суық қару үлгілері, ортаазия­лық қару мен Еуропа стиліндегі қаруларды көресіз.


Күмбезді зал – резиденцияның ең үлкен және ең әдемі залы. Залдың күмбезі киіз үйдің шаңырағы іспетті. Биіктігі – еденнен 14,5 метр. 1997 жы­лы 10 желтоқсанда күмбезді залда Ел­басымыз «Қазақстан Республика­сы­ның жаңа астанасы – Ақмола қа­ласы» деп жариялап, «Бүгіннен бас­тап елі­міздің жүрегі осында соғады»,– деп мәлімдеген. Елбасының тарихи жаңа­лықты дәл осы залда жариялауының өзіндік сыры бар. Өйткені Алматыдан еншісін алып, шаңырақ құрып, көк күмбездің астында жаңа астананы хабарлау – жақсы ырым әрі игі бас­тама. Зал тек Президенттің жоғары деңгейдегі кездесулеріне арналған. Бұл зал музей игілігінде болғанымен, әлі де қолданыста.

Айзат Айдарқызы

Бөлісу:

Пікір жазу


*