Әлем күткен кездесу: Уайлдер-Фьюри жекпе-жегін қайдан, қашан көрсе болады?

313
0
Бөлісу:

2 желтоқсан күні таң қылаң бере Лос-Анджелесте WBC версиясы бойынша супер ауыр салмақта әлем чемпионы деген дардай атағы бар америкалық Деонтей Уайлдер мен британиялық Тайсон Фьюри қолғап түйістіреді. Уайлдер осыған дейін 40 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен. 39 кездесуді нокаутпен тәмам қылған. Тайсон да осал емес. Британ жігіті 27 кездесудің 19-ын мерзімінен бұрын аяқтапты. Жеңілістің ащы дәмін татпаған. Сондықтан екі дүлейдің жұдырықтасуын күллі әлем күтуде.

Олардың кездесуі Staples Center аренасындағы бокс кешінің басты жекпе-жегі. Бокс кеші аясында жалпы 11 кездесу жоспарланған. Уайлдер мен Фьюриден бөлек жанкүйерлер Луис Ортис, Трэвис Кауффман, Джаррет Херд, Джейсон Уэлборн секілді азулы боксшылардың да өнерін тамашалай алады.

Уайлдер-Фьюри қатысатын бокс кешінің көрсетілімі Астана уақытымен таңғы 8-де басталады. Басты жекпе-жек шамамен Астана уақыты бойынша 10:30-да басталуы мүмкін. Трансляцияны төмендегі сілтеме бойынша тамашалауға мүмкіндік бар.

Уайлдер-Фьюри 1

Уайлдер-Фьюри 2

Уайлдер-Фьюри 3

Бұған дейін салмақ өлшеу рәсімінде Уайлдер 96,4, ал Фьюри 116,3 келіні көрсеткен. Жекпе-жек қазіргі таңда Уайлдерге тиесілі әлем чемпионы атағын иелену үшін өткізіледі. Егер Уайлдер жеңіске жететін болса, онда ол сегізінші мәрте бұл атақты қорғап қала алмақ. Әрине, оны уақыт көрсетеді. Бұған дейін қос боксшының бір-біріне айтпаған сөзі, көрсетпеген қоқан-лоққысы жоқ. Дегенмен барлығын шаршы алаң шешетіні ақиқат.

Кездесу АҚШ пен Ұлыбритания территориясында ақылы жүйе аясында көрсетіледі. Америкада трансляцияны сатып алу құны 75 АҚШ доллары тұрса, Ұлыбританияда 25 доллар көлемінде. The Daily Telegraph мәліметінше жекпе-жек үшін Уайлдер 14 миллион, ал Фьюри 10 миллион долларға жуық сыйақы алады.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*