Уайлдер Фьюриді жойқын нокаутпен құлатты, бірақ жеңіске жете алмады

278
0
Бөлісу:

Лос-Анджелесте супер ауыр салмақта әлемнің қос үздігі америкалық Деонтей Уайлдер мен британиялық Тайсон Фьюри жұдырықтасты. 

Олардың кездесуі Staples Center аренасындағы бокс кешінің басты жекпе-жегі болған еді. Уайлдер осыған дейін 40 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіске жеткен. 39 кездесуді нокаутпен тәмам қылған. Тайсон да осал емес. Британ жігіті 27 кездесудің 19-ын мерзімінен бұрын аяқтапты. Жеңілістің ащы дәмін татпаған. Сондықтан екі дүлейдің жекпе-жегін жанкүйерлер асыға күткен.

Бастапқы 5 раунд бірқалыпты деңгейде өрбіді. Уайлдер сәтін аңдап, нокаутқа түсіруді көздесе, Фьюри түрлі финттер жасап, қашқақтап, ең бастысы соққы өткізбеудің амалын жасаумен болды. Ара-тұра қарымта шабуылдарға да сәтті шыға білді.

9 раундта Уайлдердің жойқын соққысы Тайсонды құлатып түсірді. Бірақ британиялық боксшы кездесуді әрі қарай жалғастыра алатынын айтты. Дегенмен Фьюридің қарсыласын әлсін-әлсін құшақтап, жекпе-жекті жоғары деңгейде өрістетуге ықыласты емес екені де байқалып қалды.

10 раундта Тайсон бірнеше соққысын дәл жұмсады. Соған сай өзі де жиі таяқ жеп қалып жатты. Жекпе-жектің ең қызық тұсы – 12 раундта болды. Уайлдер бір-ақ соққымен Фьюриді шалқасынан құлатты. Бұл – сөзсіз нокаут. Алайда Фьюри орнынан көтеріліп кездесуді жалғастырды. Дегенмен қалт-құлт еткен қимылы оның бәрібір жеңіске жете алмасын аңғартқандай еді. Дегенмен төрешілер Уайлдерге жеңісті біржола бермей, тең нәтиже тіркеді.

Абай Аймағамбет

Бөлісу:

Пікір жазу


*