Ақтөбеде 2009 жылы салынған мектептің төбесі құлап түсті

245
0
Бөлісу:

Ақтөбе қаласындағы №20 орта мектептің төбесі құлап түсті, деп хабарлайды Ақтөбе қаласының білім бөлімі.

Қалалық білім бөлімінің мəліметінше, 30 қараша күні мектептің акт залының киім ауыстыратын жеріндегі аспалы төбенің бір бөлігі құлаған. Сол уақытта ол жерде тоғыз оқушы болған, бірақ олар жедел түрде қауіпсіз жерге шығарылды. Мұғалімдер болған жағдай туралы дереу ата-аналарды хабардар етті. Мектептің медицина қызметкері оқушыларды тексеріп, ішкі ережеге сəйкес жедел жəрдем бригадасын шақырған.
Балалар Облыстық балалар клиникалық ауруханасына профилактикалық тексеруге жеткізілді. Олардың денсаулық жағдайларының тұрақтылығына көз жеткізген ата-аналары балаларын үйлеріне алып кетті. Сырқаты бойынша есепте тұрған оқушы қыз таңертеңге дейін дəрігерлердің бақылауында болу үшін ауруханада қалды.
Айта кету керек, Ақтөбе қаласының білім беру мекемелерінде мұндай жағдай алғаш рет орын алып отыр. Орта мектеп 2009 жылы пайдалануға берілген жəне  жыл сайын мұнда косметикалық жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Аспалы төбенің не себептен құлағандығын Ақтөбе қаласының əкімдігі құрған арнайы комиссия анықтамақ.
Аталған мəселе Ақтөбе қаласы əкімінің жеке бақылауында  болады.

А.Ахметқазы

Бөлісу:

Пікір жазу


*